Қазақтың заңгер қызы АҚШ-та көші-қон мәселесімен айналысып жүр
Қазақтың заңгер қызы АҚШ-та көші-қон мәселесімен айналысып жүр
441
оқылды

Айя Балтабек – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. АҚШ-та білім алған заңгердің шетелде тұрғанына алты жылдың жүзі болған. Бүгінде ол көші-қон мәселесімен айналысатын білікті маман. Айтуынша, Америкаға келіп жатқан жерлестер өте көп. «Басым бөлігі «АҚШ-та қалудың керегі жоқ, біраз ақша тапсам болды» деп келеді. Артынан ол ойынан айнып қалатындар көп» дейді ол.

Айя, Манхэттендегі ірі заңгерлік фирмада көші-қон мәселесімен айналысатын заңгердің бірісіз. Бұған қалай келдіңіз? Неге заңгерлікті таңдадыңыз? – Елде алған білімім – заңгерлік. Оқуды бітірген соң мамандығым бойынша жұмыс істей бастадым. «Қазтрансгаз»-да 7-8 жылдай заңгер болдым. Өкінішке қарай, бізде жұмыс табу қиын. Ал жалақысы жақсы жұмыс орны тіптен аз. Таңдау жоқ деп те айтуға болады. Сол кезде елде девальвация болып, теңге құнсызданып кетті. Тіршілік жасаймын деп Еуропаға бардым. Артынан АҚШ-ты көріп, сонда қалуды шештім. Мұның ең оңай жолы – студенттік мәртебе алу. Ол үшін тілді жетік білуің керек. Сөйтіп, тіл үйрену курстарына жазылдым. Арада біраз уақыт өтті. Магистратураға түспек едім, заңгерлікке ғана тапсыра алады екенмін. Қолыма диплом алысымен заңгерлік фирмаға жұмысқа орналастым. Бізде әр заңгердің айналысатын өз саласы бар. Соның ішінде менікі – көші-қон мәселесі. Өз басым көші-қон мәселесін қарастыратын заңгер боламын деп ойламағам. Бірақ бұл жолға түсуіме, біріншіден – заңгерлігім, екіншіден  иммигрант болуым шығар. Орысша мен қазақшаны жетік білуім әріптестерімнен артықшылығым еді. Себебі олардың жұмысы шектеулі, корпоративтік құқықтан аспайды. Ал көші-қон мәселесімен хабарласатындар өте көп. Оның үстіне, бізге ол жақсы табыс көзі. АҚШ заңгер – Сіздің көмегіңізге жүгінетін қазақстандықтар қандай сұрақты жиі қояды? Мысалы, білмеуінің салдарынан жағдайын одан әрі күрделендіретін не нәрсе? – Көмегіме жүгінетін иммигранттың 90 пайызы – қазақстандықтар. Олардың мәселесі де әр алуан. Тарқатып айтсақ: Қазақстаннан қалай кетуге болады, АҚШ-та қалай қалып, жақсы табыс табуға болатынын сұрайды. 2019 жылдан бері әлеуметтік желідегі Telegram, YouTube, Instagram парақшаларымда көші-қон мәселесі, грин-карта алу, тіл білмей келсе не істеуге болатыны жайлы контенттер шығарып жүрмін. Сондықтан адамдар әсіресе, АҚШ-қа көшіп келу жағын білгісі келеді. Оларға айтарым, Америкаға келген бетте білікті заңгердің көмегіне жүгінген жөн. Мәселені ың-шыңсыз шешу мүмкін. Алайда басым көпшілігі аз уақыттың ішінде көп ақша табу мақсатында АҚШ-қа келуін-келіп алып, заңсыз жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – заң бұзушылық. Ал заңды жұмыс істеуге шақырсаң, «Американың керегі жоқ, біраз ақша тапсам болды, елге қайтамын» деп есептейді. Сөйтіп жүргенде уақыттың зырылдап өте шыққанын ұқпай қалады. Өткен 2-3 жылда олар елдегі жора-жолдастарымен, араласқан ортасымен қарым-қатынасы үзіледі. Екіншіден турист, студент, Work and Travel-мен келетін жастарың осы жақтың өмір салтына сіңісіп, елге қайтқысы келмей қалады. Қалудың жолын іздестіреді. Осындайда оларға көмектесу өте қиын. Олардың заңсыз жұмыс істегені – заң бұзғандығы болып есептеледі. Екіншіден, білікті заңгерлерге емес, тамыр-таныстарынан естіп-білгені бойынша құжатын реттеуге тырысады. «Соқыр соқырға көмектесемін деп құлапты» дегендей, одан әрмен шығындалып, былыққа батуы ықтимал. – Қазір елден жанұясымен көшіп жатқандар көп. Ол жақта көпбалалы отбасылардың күнелтуі қиын емес пе? – Біраз жиған қоры болмаса, көз жұма отбасымен көшу оңай емес. Әсіресе, көк тиынсыз көпбалалы отбасының күн көруі қиын. Мысалы, ер азамат 500 доллармен келіп, 1-2 рет көше бойындағы орындықтың бірінде түней салуына болатын шығар. Ал бала-шағамен олай істей алмайсыз. Сондықтан АҚШ-қа отбасымен көшіп келу үшін жан-жақты бәрін ойластырған дұрыс. Мәселен, тілді білу-білмеуі, оны қаншалықты жетік меңгергені, жұмысқа тұра ала ма, жұмысқа кіргеннің өзінде тіл табыса ала ма немесе басқа табыс табу мүмкіндігін қарастыру қажет. АҚШ – Сәби АҚШ-та дүниеге келсе, сол елдің азаматтығы берілетіні белгілі. Ал ересектер ол жақтың азаматтығын қалай алуы мүмкін? – Әрине, егер ата-анасы қаласа, жаңа туған сәбиіне сол елдің азаматтығын әпере алады. Иммигранттар алдымен грин-карта алуы керек. Сонымен 5 жыл тұруы тиіс. Осыдан кейін азаматтық алу мүмкін. Оның жолын көрсетіп, рет-ретімен тізбектеп айтылған мағлұматты YouTube арнамнан көре аласыз. – Заңгер ретінде екі елдің заңдылығында қандай айырмашылық бар? Жалпы, ол жақта адам құқығы қаншалықты қорғалады? – Екі елдің құқық саласындағы айырмашылық жер мен көктей. Әуелі екеуі екі түрлі жүйеде жұмыс істейді. Бізде – кодификацияланған жүйе, бәрі кодексте енгізілген. Ал АҚШ-та прецеденттік жүйе. Мұнда бұрын сот шешім шығарған ұқсас істің егжей-тегжейлі фактілерін қолданады. Сөйтіп, сот өткен істі басшылыққа ала отырып, шешім шығарады. Жалпы АҚШ-та заңгерлерге құрметпен қарайды деп айту қиын. Ол жаман кәсіп те емес. Бірақ елге сүйкімі жоқ іс. Ол жақта екінің бірі заңгер бола алмайды. Біздегідей оқу бітіре салып, заңгерлік фирмаңды аша салу жоқ. Күні-түні ұйықтамай, тер төгуің керек. АҚШ-та егер біреуге іс қозғалса, заңгерлік фирмалар күдіктіні шайнап тастайды. Мәселен, қандай да бір өнім шығаратын өндірісте адам денсаулығына зиян келтірсе, заңгерлерің бұл кәсіпорынды жойып жібереді. Кінәсі дәлелденсе, өнеркәсіп миллиондаған сома өтейді. Ол кезде шағымданушы жақ заңгерге де шығындалмайды. Оның ақысын кәсіпорын төлейді. Содан болар, елдегі бүкіл компания, кәсіпорындар тіпті үкімет те заңгерлерден қорқады. Олардың тырнағына ілінсең, жүнше түтіп, түгін қалдырмайтынын біледі. Сондықтан да ол жақта адам құқығы қатты қорғалады. – Қазақстанға қайтып келу ойыңызда бар ма? Ата-анаңыз қандай адамдар? – Жақын арада елге ораламын деп айта алмаймын. Әзірге маған осы жақта тұрған қолайлы. Бәрі уақыт еншісінде, сол себепті асықпайық.