Мемлекет ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру үшін салаға серпін берудің барлық тетіктерін қарастырып-ақ жатыр.Сонда да болса бүгінде ауылдағы ағайынның агросектордан көңілі қалғандай. Тіпті, бұл саладан мүлдем қол үзіп жатқандары да жетерлік.
Шынында, ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау жасалып-ақ жатыр. Президенттің өзі соңғы 5 жылда шаруаларды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтты. Дегенмен осыншама мол қаражатқа жыл он екі ай мал соңында жүрген қауым қол жеткізе алмай жүр. Егін шаруашылығына ден қойғандардың есебі түгел болмай тұр. Диқандар да есіл еңбектің өтеуі болатын субсидияны жылдап сарғая күтеді. Шаруалардың енді бір тобы аз-маз қаржы үшін құшақ-құшақ құжат жинауға құлықты емес. Осы секілді қолдан жасалған кедергілер ауыл шаруашылығын табысты ету жолында білек сыбанып, іске кірісуге дайын көпшіліктің жігерін жасытады. Саланы жайлаған жемқорлық та атакәсіпке аңсары ауатындар үшін алынбас қамалға айналғалы қашан? Апта басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес отырысында Президент те ауыл шаруашылығын жемқорлық жайлап алғанын тілге тиек етті. Жыр болған субсидияны «сауын сиырға» айналдырған түрлі лауазымдағы 450 тұлға жауапкершілікке тартылды. Оған қоса бірер күн бұрын өңірлердегі ауыл шаруашылығы саласына басшылық еткен бірқатар лауазым иесінің «қызметтік бабын асыра пайдаланды» деген күдікке ілінгені хабарланды.
Басқаны былай қойғанда, жайылымдық жерге гидротехникалық құрылымдар арқылы тіршілік нәрін жеткізуге бөлінген 80 миллиард теңгенің сайда саны, құмда ізінің қалмағанының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Осынау факторлардан кейін-ақ ауылдағы ағайынның агросаладан үміт үзуінің себебін түсіну қиын емес. Ал Ұлттық статистика бюросы 2021 жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлердің саны 2 400-ге азайғанын мәлімдеді. Қазір ел аумағында бұл ауқымды салада 241 200-ге жуық жеке кәсіпкер қызмет көрсетеді екен.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры – агроөнеркәсіп және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев бұл статистиканы қалыпты тенденция деп санайды. Оның айтуынша, бұл көрсеткіштерге тиімділік тұрғысынан қараған жөн. Әрі жылдан-жылға агроөнеркәсіп кешеніндегі жеке кәсіпкерлердің азаю тенденциясы байқалып отыр екен.
– Шынында кейбір шаруа қожалықтары өз жұмысын тоқтатады. Дегенмен мұның ең басты себебі соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенінде тиімділігі жоғары техникалар, технологиялар қолданумен байланысты болса керек. Саланы автоматтандыруға көптеп көңіл бөле бастады. Мынандай бір қызықты факті бар, осыдан 100 жыл бұрын 1 шаруа қаладағы 20 адамды азық-түлікпен қамтыды. Ал қазір сол 1 шаруа 120-140 адам күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Демек, саладағы шаруалардың, басқа да құрылымдардың азаюынан трагедия жасаудың қажеті жоқ, – дейді Ербол Еркінұлы.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі жеке кәсіпкерлердің азаюы маман айтқандай тиімді технологияның көп қолданылуымен байланысты болғаны құпталады. Алайда мұнда шаруалардың тауын шағатын әртүрлі қиындықтарды да жоққа шығаруға болмас. Бұл оймен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры Ербол Есенеев те келіседі.
– Жоғарыда айтылғандай факторлармен бірге агроөнеркәсіп кешенінде табыс тапқысы келетіндерге кедергі болатын жайттар жеткілікті. Мәселен, қарапайым шаруаға жер алу оңай емес. Утильалымды қосқанда ауыл шаруашылығы техникасының бағасы да қымбатқа шығады. Оның үстіне тауарды өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізетін механизм жоқ. Еңбек адамы ортада делдалдарға жем болады, – дейді Е.Есенеев.
Сарапшы айтқан тағы бір құнды пікір шаруаларға қатысты қоғамдық көзқарас турасында болды. Жасыратыны жоқ, бізде агробизнес өкілдері субсидияны қалтаға басып жатыр деп ойлайтындар көп. Дегенмен маман пікірінше жыл сайын 8 триллион теңгенің өнімін өндіретін еліміздегі агроөнеркәсіп кешені үшін жалпы құны 100 миллиард теңге болатын субсидия көп шығынды ақтамайтын көрінеді. Әрі кез келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің өніміндегі субсидияның үлесі 4 пайызға жетпейді. Демек, субсидия алған шаруаны бюджеттің масылы деуге келмейді. Керісінше олар экономиканың еңсе тіктеуіне үлес қосатын асыраушы саланың өкілі ретінде құрметке лайықты.
Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев та шаруаны қолдаудың орнына шақшадай басын шарадай қылатын сәттердің көп екенін айтады.
– Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қолжетімді несие мен субсидияның тұсау болып тұрғаны айтылып та, жазылып та жүр. Басқаны былай қойғанда, мал құлағындағы сырғамен табыс табуға әрекеттенетіндер бар. Шенді-шекпенділермен бірге әлгі сырғаларды таңбалайтын қарапайым операторлар да шаруаның қалтасына қол салуға құмар. Осындай ұсақ-түйектен желінгендердің мұндай қадамға неліктен баратынын түсіну қиын емес.
Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау жұмысында да тұрақтылық жоқ. Министрлер ауысқан сайын басымдықтар да өзгереді. Ведомство бірде етті ірі қара малға, енді бірде кооперативтерге, тауарлы сүт фермасына бетбұрыс жасайды. Екі ортада шаруа сандалады, – дейді Жигули Дайрабаев.
Ауыл шаруашылығы саласын пайда табудың көзі ретінде қарастыратындардан шаруалармен бірге ауылдар да зардап шегіп келеді. Қазақстан Фермерлер одағы төрағасының айтуынша, соңғы жылдары болашағы жоқ деген санатқа жататын 1 300-ге жуық елді мекен жойылыпты. Тағы 2 мыңға тарта ауыл құрып кетудің алдында тұр.
Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев асыраушы секторға сеп болатын бағдарламалардың көпшілігі кабинетте түзіліп, шаруалардың қатысуынсыз қабылданып жатқанына наразы.
– Маған қазір «шаруашылықпен айналысуға ниет қалмады» деп хабарласатындар көп. Мен еңбегі ақталмаған соң осы қадамға барғалы жатқан шаруаларды жақсы түсінемін. Меніңше бұл мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығын осы саланың өкілдеріне басқарту керек. Бұл жүйені министрліктен бастап, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімдеріне дейін енгізуді құптаймын. Одан соң шаруаларды қолдауға бөлінген қаржыға қол салғандарға жауапкершілікті күшейтпей, қалыптасқан жағдайдың өзгеруі қиын. Бастысы, салаға қатысты түрлі мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобалары нағыз еңбек адамдарының ортасында кеңінен талқылануы қажет. Бұлай болмаған жағдайда олардан нәтиже күту бекершілік, – дейді Алмасбек Садырбаев.
Қысқасы, қолдау көрмей, ақ адал еңбегі ақталмаған шаруалардың мәселесіне түбегейлі мойын бұрмай агроөнеркәсіп кешенін дамытамыз деу бекершілік. Әрі асыраушы сала атына ие ауыл шаруашылығы елді мекендегі миллиондаған отандасымызды жұмыспен қамтиды. Демек, бұл салаға қызмет көрсететін кәсіпкерлердің азаюы көптеген әлеуметтік мәселеге себеп болады. Сондықтан сала мамандары статистика мен бірге шаруаның нақты қалауын орындауға сергек қарағаны жөн-ақ.