«Қаңтар трагедиясынан» кейін елімізде Үкімет құрамы өзгерді. Дегенмен жаңа құрамға енген тұлғалардың тізіміне қарап, басым бөлігі бұрыннан әртүрлі лауазымды қызметтерді атқарып жүрген, жұртқа жүзі таныс жандар екенін аңғардық. Осыдан кейін қоғам көкейінде сұрақ туындады. Көбі Үкімет құрамы қайтадан ескі кадрлардан жасақталып, «өзгеріс болмағанын» айтып жүрді. Әйткенмен оның себебі тереңде жатқан сыңайлы. Елімізде жоғары лауазымдарға тағайындалатын кадр тапшы. Ал бұл жағдайға қалай жеттік, алдағы уақытта не істемек керек?
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар 24» телеарнасына сұхбат бергенін білеміз. Жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты кадр тапшылығы сол кезде айтылған болатын. Рас, ел арасында сан түрлі пікір бар. Үкімет құрамының аса бір жаңармағанын ескеріп, «бәрі бұрынғы қалпында қалды» деп айтушылар көп. Президент мәселеге жеке тоқталып, оның себебін де түсіндірді.
«Мен кадрларды жаппай ауыстыруға қарсымын. Оларды біліктілігі мен жұмыс сапасына қарай бағалау қажет. Жұртшылықтың талабымен Үкімет құрамын 100 пайыз ауыстырып, «міне, мен революционермін» деу – менің әдісім емес. Екінші жағынан, кадрлар арасында таңдау көп емес екенін мойындау керек», – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Демек, жағдай кей жұрт ойлағандай емес тәрізді. Таңдау көп болмаса, кадр дефициті бар деген сөз. Осыдан кейін Жастар кадр резерві ойға түседі. Оның құрамына енген жастар қайда қалды? Бұндай сауалдар өте көп. Сондықтан тереңіне үңілмек ниетпен саясатқа қатысты жағдайды бағамдай алатын сарапшылардың пікірін білдік.
Білімнен бұрын сенімге сүйенеді
– Негізінен Қазақстанда қай саланы болса да басқарып кете алатын білімі мен білігі, тәжірибесі жететін мамандар көп. Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Президент Үкімет мүшелерін немесе басқа саяси лауазымдағы адамдарды тағайындарда олардың білімінен бұрын сенімге сүйенеді. Дамыған елдерде саяси лауазымдағылардың бірінші міндеті – өз саласында немесе аймақта Мемлекет басшысының саясатына қоғамдық қолдауды қамтамасыз ету. Бұндай қабілет арқылы сенімге жету үшін олар өздерін ашық қоғамдық-саяси алаңда көрсете алуы тиіс. Сол себепті тағы да әлемдік тәжірибеге қарасақ, елдегі кадр әлеуетін дұрыс пайдалану үшін әділ бәсекелестікке негізделген саяси жүйе, әділ және ашық сайлау қажет. Мысалы, сонау 90-жылдары Жоғарғы кеңес құрамында болғандардың ішінен көптеген Үкімет мүшелері мен әкімдердің шыққаны осыған байланысты. Қорыта келгенде, екі түрлі талапты айтуға болады. Біріншіден, әділ сайлаулар өтіп, халықтың тезінен өткен кадрлар көзге көрінетін саяси жүйе қажет. Екіншіден, жаңару, жаңғыру жолында дарынды жастарды тарту маңызды. Оған қоғам да дайын болуы керек. Мысалы, таяуда ғана Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып 31 жастағы жас қыз тағайындалды. Соған байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Соның өзі қоғамның бір бөлігінің жаңғыруға дайын емесін көрсетсе керек. Ал кейбіреуі әдейі қарсыласуы мүмкін. «А» корпусы жайлы сөз етер болсақ, ол да әлемдік тәжірибеде бар дүние. Сенім негізінен тағайындалған саяси тұлғалар мен білім және білігі арқылы тағайындалған кәсіби кадрлар арасында дәнекер болып, мемлекет мүддесін қорғайтын, стратегиялық жоспарларды іске асыратын жауапты хатшылар, аппарат жетекшілері тағайындалды. Ол лауазымдарға іріктеу 2012, 2013 және 2014 жылдары жария жүрді. Бірақ саяси тұлғалар тарапынан қарсылық та болды. Себебі «А» корпусындағы жауапты хатшы, аппарат жетекшілері конкурстан өткен соң 4 жылға келісімшарт жасайтын. Жаңа әкім не министр келсе, келісімшарт мерзімі бітпей оларды орнынан қозғай алмайтын. Қарсылық көп болған соң ақыры жауапты хатшылар лауазымы жойылды. Ал Қазақстанның сол кездегі «А» корпусын жасақтаудағы тәжірибесі ең дамыған 35 ел құрамында бар Экономикалық ынтамақтастық және даму ұйымы тарапынан жоғары баға алған еді. Кадр әлеуеті тек мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесіне байланысты емес. «Матрешка» деген ойыншықты білеміз. Бұл да сол сияқты. Ең сыртында саяси жүйе тұрады, оның ішін ашсаңыз әкімшілік жүйе шығады, тағы ашсаңыз мемлекеттік қызметті көресіз. Сондықтан алтын адамды таңдасаңыз да ол бәрібір саяси жүйенің шектеуіне келіп тіреледі. Оны өзгертуге саяси реформалар мен сайлау қажет. Сөз соңында айтарым, «Қасіретті қаңтардан» кейін тез арада ырғақты жұмысты жалғастырып кету үшін қолда бар кадрларды пайдаланғанын түсінуге болады. Бірақ олар жаңа бетбұрыс жасап, нәтиже көрсетпесе, «Қасіретті қаңтардан» кейін қуатын сезінген қоғам да, сол кездері бар жауапкершілікті алған Президент те мұқият қадағалап, әділ бағасын беріп, алмастыратыны сөзсіз.Жастар лауазымды орындарға келіп жатыр
– Егер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев расымен «кадр тапшылығы бар» десе, мұндай мәселе шығып тұрғаны. Жоғары лауазымды орындарға жаңа тұлғалар келуі үшін азаматтық қоғаммен мықтап жұмыс істеу қажет. Содан соң азаматтық қоғам өкілдерін тартуға болады. «Жастар неге келмей жатыр?» деп сауал қоятындар бар. Келмей жатқан жоқ емес, біртіндеп келіп жатыр. Мысалы, жуырда ғана елдегі жетекші «Nur Otan» партиясының атқарушы хатшысы болып Асхат Оралов тағайындалды. Демек, жас буын ақырындап өз орнын ала береді. Бәрі лезде бола салатын дүние емес. Қазіргі құрамның толық жаңаратын да уақыты келеді.Саяси партиялар кадр дайындайтын ұстаханаға айналуы тиіс
– Көптеген жылдар бойы жоғары лауазымды орындар жаңартылмағаны белгілі. Кадр тапшылығының болуына саяси жүйенің де әсері тиеді. Бәсекеге қабілетті саяси партиялар мықты кадр дайындайтын ұстаханаға айналуы тиіс. Ал бізде олигархтар кадр ұстаханасы болды. Шыны керек, кландық бизнес-топтардың кейбір лоббистері өз кадрларын Үкіметке де, аймақтық билікке де тартқан кездерін көрдік. Алайда кадр тапшылығы – шешілетін мәселе. Ол үшін нақты саяси бәсекелестік қажет, адам мансапты көздеп немесе туыстық байланыс арқылы емес, қабілеттері бойынша бағаланып, өскені жөн.