Тұлғалар да банкрот болатын заман туды
Тұлғалар да банкрот болатын заман туды
© коллаж: Елдар Қаба
639
оқылды
Халық берешекке белшеден батты: азаматтардың қарызы 11 триллион теңгеге жеткен! Бұл – ел бюджетіне жетеқабыл. Озық елдер борыш батпағына батқандарға шыңыраудан өркениетті жолмен шығуға мүмкіндік береді. Қазақстанда банктер мен қаржылық топтардың мүддесін ілгерілеткен шенділер Мәжілістің «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңын қабылдау бастамасын бұғаттап келді. Содан тұйықтан шығар жол таппаған қаншама жан өзіне қол салып, өмірімен қоштасты. Енді Президенттің пәрменімен тиісті тетік ақыры іске қосылмақ.

Озық тетікті неге өзекке тепті?

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының өзін-өзі қасақана өлтіру деңгейі бойынша рейтин­гін­де (Suicide in the World) Қазақ­стан жаһандық алғашқы ондыққа кіреді. Ересектердің өзіне-өзі қол салуына негізінен, жалғыздық пен қарыз себеп болатын көріне­ді. Қарыз құрдымына құлап, одан шыға алмай қиналған бірқатар адам отбасын, бала-шағасын тау­қыметтен құтқарудан, берешегін өзімен бірге ала кетуден үміттеніп, асылып қалды, биіктен қарғыды, өзін-өзі өртегендер де болды. Әри­не, бұл тығырықтан шығар жол емес, өйткені банктер оның қары­зын отбасы мүшелеріне «мұраға» өткізіп, солардан талап етуі мүм­кін. Дамыған елдерде берешек ауыртпалығын көтере алмаған адам­дарға одан заңды жолмен арылуға мүмкіндік береді. Мыса­лы, Дональд Трамптың өзі 6 рет банкроттау рәсімдерінен өтіпті. Сот оның бірнеше мил­лиард қарызын кешірген деседі. Бұл оның 2017 жылы АҚШ-тың 45-ші Президенті атануына еш кедергі болмады. Сондай-ақ атақты Уолт Дисней, Голливуд жұлдыздары Николас Кейдж, Линдси Лохан, Джонни Депп, Ким Бассингер, танымал әншілер Майкл Джексон, Тони Брэкстон, боксшы Майк Тайсон, NHL, NBA жұлдыздары және басқа саладағы танымал тұл­ғалар өзін банкрот деп жариялады. Амери­када ондай тұлғаны «сынған адам» деп атайды. Бірақ осы рә­сімді бастан кешіргендердің көбі өмірін «таза парақтан» бас­тауға мүмкіндік алды. Қазақстанда бұрынғы жылдары алпауыт қаржылық топтардың лоб­­бистері осы бағыттағы кез кел­ген қадамға тосқауыл қойып келді. Тиісті заңды қабылдау мәселесін Мәжіліс депутаттары бірнеше рет көтерді. Депутаттар 2015 жылы тіпті заң жобасын әзірлеп, ұсынды, алайда сол кездегі Үкімет оны бұ­ғаттап тастады. Министрлер каби­неті ұқсас заң жобасын Қаржы министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, дайындап жатқанына және құжат 2017 жылы қабылда­натынына сендірді. Бұл бос сөз, жалтарма жауап болып шықты. Ол ол ма, 2015 жылы Елбасы қарыз құзынан құлаған қазақ­стан­дықтарға қол ұшын созып, оларға қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беру үшін осы заңды әзірлеуді тап­сырды. Қаржы министрлігі тиісті құжатты ұсынды, әйткенмен са­ботаж жасалып, оның соңы сиыр­құйымшақтанып кетті. 2018 жылғы қаңтарда Н.Назарбаевқа аталған заңды жыл соңына дейін жедел­детіп қабылдау қажеттігін ескер­туге тура келді. Алайда сол жылғы қарашада шенеуніктердің заң жобасына келіспей, пысықтауға кері қайтарғаны белгілі болды. Әлдебір сарапшылар Үкіметке мұндай заң «7-20-25» бағдарлама­сына зиян келтіреді деп дәйектеген көрінеді. Ұлттық банк та жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау «заемшылар ­ара­сында масылдық көңіл күйді ушық­тырып», ипотекалық несие­лендірудің жаңа тетігін тоқырауға ұшыратады деп мәлімдеді. Енді, міне, бұл мәселеге билік «қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін қайта соғып отыр. 2022 жыл­ғы 5 қаңтарда халыққа үндеу жаса­ған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметке заң жобасын әзірлеуді жүктеді. Министрлер кабинеті осы мәселеге қатысты бір емес, 4 заң жобасын жазып шықты. Оның ішінде «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына кел­тіру және банкроттығы туралы» деп аталатыны – негізгі заң. Қал­ғандары Қылмыстық, Әкімшілік, Салық кодекстерін, өзге заңдарды түзететін ілеспе жобалар.

Қарыз құрдымындағы елге айналдық па?

Мәселенің ауқымын мынадан-ақ түйсінуге болады: 19,1 миллион тұрғыны бар Қазақстанда 3 мил­лион адамның ғана банкте, микро­қаржы ұйымдарында және лом­бард­тарда қарызы жоқ екен. «Бі­рін­ші кредиттік бюроның» дерегі осыны айғақтайды. Қаржы министрлігі Мемле­кет­тік кірістер комитетінің түсінді­руін­ше, қарызға батушылардың күрт көбеюіне бірнеше фактор ық­пал етті. «Экономикалық және қаржы­лық дағдарыс, жұмысынан, еңбек­ке қабілеттілігінен айырылу, сатып алу қабілетінің төмендеуі, негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін кредитке жүгінуге мәжбүрлік және қаржы ұйымдарының жоғары ставкамен жылдам қарыз ұсынуы салдарынан азаматтар борышқа батып, едәуір бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлады. Корона­ви­рустың таралуы, карантин шек­теу­лерінен туындаған экономикалық құлдырау азаматтардың төлем қабілеттілігіне соққы болды», – деп ашығын айтты ведомство. Бұған былтыр жаппай қымбат­шылық қосылып, елдің тұрмысын қаусатып кетті. Қазақстандықтардың жағдайы ауыр екенін ресми мәліметтер де растай түседі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегінше, соңғы бірнеше жылда жеке тұлғалардың кредиттері ала­пат қарқынмен өсіп барады: 2018 жылғы 1 қаңтарда – 4,3 трлн теңге, 2019 жылғы 1 қаңтарда – 5 трил­лионға, 2020 жылғы 1 қаңтарда – 6,3 триллионға, 2021 жылы – 9,8 триллионға, қазір 11 трлн теңгеге дейін шығандады. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанның 2022 жылғы бүкіл мемлекеттік бюдже­тінің кіріс бөлігі 12,8 триллион теңгені құрайды. Осы 11 триллион қарыз иесінің бәрі банкрот болмайды. Әйтсе де, кейінгі жылдары 90 күннен астам уақыттан бері төлем төлеуді тоқ­тат­қан қарыз сомасы өсуде. 2018 жылғы 1 қаңтарда – 414,5 млрд теңгеге (жеке тұлғалардың жалпы несие портфелінің 9,6%-ы), 2019 жылғы 1 қаңтарда – 410,2 млрд (8,2%), 2020 жылғы 1 қаңтарда – 408,2 млрд (6,5%), ал 2021 жылғы 1 желтоқсанда 422 млрд теңгеге (4,3%) жетті. Жаңа заңның көме­гіне де осы қатардағы адамдар жү­гі­нуі ықтимал. Сондай-ақ қаржылық реттеу­шінің мәліметінше, пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде 1,9 млн адам 268,2 млрд теңге сомасындағы кредит­тері бойынша төлем төлеуді кейін­ге қалдыруға қол жеткізіпті. Ол мерзім аяқталып, банктер төлем жасауды талап етуде. Көптеген қарыз алушы бұрынғы табысының болмауына байланысты берешекті өтей алмайтын халде көрінеді. Мемкірістер комитеті халықта тек несиелік қарыздар ғана емес, басқа да берешектері жетерлік екенін ескертті. Бұл да азаматтар­дың шамадан тыс берешегін реттеу тетіктерін әзірлеу қажеттілігінің пісіп-жетілгенін көрсетеді. Мыса­лы, жеке тұлғалардың салық бе­решегі орасан: 2022 жылғы 1 қаң­тарда ол сома 16,2 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 791,1 мың адамның бюджет алдын­да 20 миллиард теңге сомасында өзге де қарызы бар. Әділет министрлігінің мәлі­метінше, 2022 жылғы 1 қаңтарда 3,8 миллион атқарушылық құжат бойынша азаматтардан 3,9 трил­лион теңге өндірілу үстінде. Алайда соның ішінде 0,4 трлн теңге со­масындағы 142,5 мың құжат «бо­рышкерде мүліктің, ақшаның және өзге құнды затының болма­уы­на байланысты» орындаусыз қайтарылды. Яғни, қаншама адам сіңірі шыққан кедей күйге жеткен.

Банкроттық: рәсімдері және шарттары

Жалпы, елде «банкроттық» термині кәсіпорынның толық күй­реуін және жойылуын көзге елес­тетеді. Қаржы министрлігінің тү­сін­діруінше, жеке тұлғаның бан­крот­тығы компаниялардың бан­крот­тығынан ерекшеленеді. Әл­гінде келтірілген цифрлар мил­лион­даған адамның өз бан­крот­тығын жариялауы мүмкін екенін аңғартады. Салдарынан соттар соны сұраған талап-арыздар тас­қынының астында қалуы, бұл сот өндірісінің дағдарысын туғызуы ғажап емес. Сондықтан сот орга­ны­на шамадан тыс ауыртпалық тү­сірмеуге, сондай-ақ қарыз сома­сы аз, бірақ оны өтеуге ресурстары жоқ тұлғаларға банкроттық рәсімін қолжетімді ету үшін заң жобасы бұл тетікті жүзеге асырудың 3 тәсі­лін қарастырады: жеке тұлғаның борыш сомасына қарай төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сот­тан тыс және сот арқылы бан­кроттық рәсімдері көзделген. Заң жобасына сәйкес, 1 600 АЕК-ке (2022 жылы – 4 900 800 тең­геге) дейінгі қарызы бар жеке тұл­ғалар соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана алады. Оларға қатысты қайтарылған атқару пара­ғының болуы борышкердің қарыз­ды төлеуге қаражаты жоқ екенін және бұл факт атқарушылық іс жүргізу барысында расталғанын куәландырады. Банктік қарыз, микронесие беру туралы шарт, сондай-ақ коллекторлық шарт бо­йын­ша міндеттемелері 5 жыл ішін­де орындалмаған азаматтар да сот­тан тыс банкроттық рәсімін пай­далана алады. Рәсіміне тоқталсақ, заң қабыл­данған соң соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін борышкер өзінің мүлкі, активтері, кірістері және кредиторлар алдындағы бо­рышы туралы мәліметтерді көрсете отырып, «әкімшілердің кәсіби ұйымдарының» (профессиональ­ная организация администраторов) біріне өтінішпен жүгінуі қажет. Ал сот арқылы банкроттық рәсімінде сотқа жүгінбес бұрын борышкер уәкілетті органның реестріндегі тұлғалар (оңалту және банкроттық рәсімдерінің әкімшілері, кәсіби бухгалтерлер, аудиторлар, заң кон­сультанттары) арасынан қаржылық басқарушыны таңдап, келісім бе­кітуге тиіс. Сот арқылы банкрот­тық­ты өткізудің мерзімі – 6 ай. Уәкілетті органның сайтында борышкерге қатысты соттан тыс банкроттық рәсімінің қолданыл­ғаны туралы хабарландыру орна­ластырылады және ол 6 ай бойы барлық кредиторлар үшін қолже­тімді болады. Сарапшылар тұлға­ның банкроттық рәсімінің бір ауыртпалығы да осы деседі: ол аза­маттың деректері ашық жария­ланады, кімнің банкрот болғанын бүкіл ел біледі, сөйтіп талқылауы, сөз қылуы мүмкін. Егер жарты жыл ішінде борыш­кер бай мұраға қол жеткізіп, не қайырымды жандар көмектесіп, өз қарызын өтей алатын жағдайға жетсе, иелігіне қымбат мүлік түссе, ол соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш жасауға мін­детті. Ал егер 6 айда жағдайы жақ­сармаса, борышкер банкрот деп жарияланады және алимент төлеу, өзгенің өміріне немесе денсаулы­ғына келтірген зиянын өтеу мін­дет­темелерін қоспағанда, басқа бар­лық қарыздарынан босатылады.

Шектеу болмаса, көптеу болады

Жұрт банкроттықпен әуестене бермеуі үшін мемлекет шектеулер белгілеп отыр. Атап айтқанда, бі­рін­шіден, өзін банкрот деп жария­ла­ған адам банктерден (Отбасы бан­кінен де), микроқаржы ұйым­да­рынан 5 жыл ішінде қарыз ала алмайды. Екіншіден, емделу, жа­қын туысын емдеуге апару, жерлеу қажет болған жағдайды қоспа­ған­да, 3 жыл бойы шетелге қыдыруға, оқуға, не іскерлік мақсатпен шыға алмайды. Жалпы, Ресейде – 5 жылда 1 рет, АҚШ-та – 8 жылда, Испания, Литва және Латвияда – 10 жылда 1 рет, Финляндияда өмірінде тек 1 рет осы рәсімді қолдануға рұқсат етіледі. Ал Қазақстанда азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін қай­та пайдалануға құқылы болады деп белгіленбек. Банкроттық процедурасын алаяқтар жауапкершіліктен құтылу үшін пайдаланып кетуге тырысары даусыз. Бұған жол бермеу үшін осы тетіктің күші «жасалған қылмысы және күшіне енген сот үкімі не­гізінде өтеуге тиіс қарызы бар» бо­рышкерлер санатына тарал­майтын болады. Ілеспе жоба Қылмыстық ко­декске толықтыру енгізеді: мүм­кіндігі бола тұрып, кредиторлар алдындағы жауапкершіліктен жалтару үшін банкроттыққа әдейі жүгінсе, мүлкі, табысы және бас­қасына қатысты жалған ақпарат берсе, жасырса, ондай адамдар қылмыстық жолмен қудаланады. Қалай болғанда, жеке тұлға­лар­дың банкроттығы тетігін қол­данатын елдерде қоғам дағдарыс пен пандемия заманында өзін анағұрлым жақсы сезінетіні бай­қалуда. Ондай елдерде әлеуметтік кернеу аз, саяси жүйесі әлдеқайда тұрақты. Тіпті, солтүстік көршінің өзі халқының әлеуметтік көңіл күйін жақсарту үшін 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап, соттан тыс бан­кроттық рәсімін енгізді: ресей­ліктер осы мақсатта біздегі ХҚКО-ның баламасы – Муниципалдық қызметтердің көпфункционалды орталықтарына өтініш тапсырса жеткілікті.