«Кино көр» бос кеңістікті толтыра ала ма?
Атыраулық Әділет Мусиннің жасы – 28-де. Өзі «Теңізшевройлда» белгі беруші, яғни вахтада жұмыс істейді. Бір ай жұмыс істеп, бір ай демалатыны бар. Сол демалысын бос өткізбейін деп, жақсы бір жобаны қолға алған екен. «Кино көр» сайты – қазақ тіліндегі фильмдер мен мультфильмдерді жинақтап, көрерменге ұсынады. Әділеттің бос тұрған қазақша кеңістікті толтырғысы келген ниеті бар. Алайда сарапшылар айтқандай, YouTube-тағы көрерменді ұйыта алып жүр ме? Біз бұл сауалды Әділеттің өзіне қойған едік. Оның айтуынша, Kaspersky айтқан мультфильмдерді, яғни «Свинка Пеппа», «Лунтик» пен «Барбоскины» туындыларын аударып, балаларға көрсетсе, мүмкін қызығушылық оянатын шығар. «Кино көр» сайтының қаралымы айына 100-200 мыңға дейін жетеді. Бірақ сайт иелері бұл сайттан пайда тауып отырған жоқ. Керісінше, шығын көп. Ал «Кино көр»-дің көрермендері – 25 жасқа дейінгілер. «Бұл сайтқа балалар көп кіре бермейді. Жақсы мультфильмдерді ата-аналары қосып берсе, балалары көреді. «Рақмет» айтып, хабарласатын ата-аналар да бар. Кейде жарнама берушілер сайтты сұрап жатады. Олардың дені ойын автоматтарын жарнамалайтындар. Ондай кезде сайтты жарнамалауға рұқсат бермейміз», – дейді Әділет Мусин. «Кино көр» сайтында 300-дей кино бар. Олар бұл киноларды сайтқа жай ғана жүктей салмайды. Монтаждап, постерін жасап, сапалы салуға тырысады. Постер жасаудың өзі көп уақытты алатыны белгілі. Оған ұқсас шрифт (font), таза сурет іздейді. Кейде шрифт іздеуге 10 сағаттап отыратын кездері болады екен. Негізінен постерді фотошоптың мамандары жасайды. Осылардың жұмысы біткен соң киноны жүктеп отырады.Авторлық құқығын сатып алу тиімді
YouТube арнасындағы танымал каналдың бірі – Надя. Nadia and Family каналындағы жалпы қаралым көрсеткіші 70 миллионнан асқан. Ал контентіне қарасаң, өте қарапайым. Надя ағылшын тілін дамыту үшін қандай ән тыңдап, мультфильм көру керегін үйретеді. Кейде қуыршақтың үйшігін құрастырады. Қарап отырсақ, балаларға аталғандарды смартфоннан тамашалаған ұнайды. Ал «Свинка Пеппаны» көретін бала көп. Мәселен, білікті аудитор Жанерке Әбілованың екі қызы бар. Бірі 5-те, екіншісі 3-ке толды. Екеуі де YouTube-тан «Свинка Пеппаны» көреді екен. «Ұйқыдан ояна сала, осы арнаны қосып беремін. Екеуі тапжылмай көреді. Үйде бәріміз қазақша сөйлейміз. Бірақ екеуінің де тілі орысша шығып келеді. Оған YouTube-тың әсері жоқ емес. Екеуі де «Пеппа» деп жылайды. Амалсыз қосып беремін. Басқа арнаны көргісі келмейді», – дейді. Демек, бұл жобалар балаларды қызықтыра алады. Қызықпаса, оның қаралымы миллиондардан аспас еді. [caption id="attachment_182345" align="alignleft" width="1200"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] YouTube маманы Жанасыл Болатбектің айтуынша, мұндай қазақы жобалар өзін-өзі ақтамайды. «Балалар контентін мемлекет тарапынан қаржы бөліп, жасауға болады. Екіншіден, қазақ тілінде мұндай контент жасаған күннің өзінде, қаралым тұрғысынан орысша контенттерге бәсекелес бола алмайды. Өйткені біздің аудитория ондай үлкен емес. Әрі орысшасын көрген бала қазақшасына қызыға ма? Сондықтан қазақша контентті танымал ету өте қиын болады. Жеке адамдардың қалтасы көтермейді. Бизнес тұрғысынан да өзін-өзі ақтамайды. Мемлекеттік гранттар арқылы жасауға болады. Менің ұсынатыным, бұл дүниелердің көшірмесін жасағаннан гөрі авторлық құқығын сатып алып, қазақшаға аударған тиімді болар еді. Өйткені мұның бәрі танымал бренд. Балалар оны көріп жатыр. Тыйым сала алмаймыз. Сол себепті де оны қазақшалап, қазақ аудиториясына ұсына алсақ, онда көп шығын шықпас еді», – дейді.BilimKids жобасы өзін-өзі ақтады ма?
BilimKids YouTube арнасы 2018 жылы ашылған. Оны Bilim Media Group компаниясы ашқан еді. Осы жобаның бас үйлестірушісі Назымбек Шардарбековтің айтуынша, бұл YouTube желісінде қазақ тіліндегі балаларға арналған мультфильмдердің санын көбейтуді көздеген. «Біздің жоба бірден қазақтілді аудиторияға ұнай кетті деп айта алмаймын, жазылушылардың және қаралымдардың саны аз болды. Бірақ қазір 57 мыңнан астам жазылушымыз бен 19 миллионнан асатын қаралымымыз бар. Шетелдің, нақтырақ айтқанда ағылшын тіліндегі Baby Shark немесе Pepa pig сияқты видеолармен бәсекелесу қиын. Осындай ағылшынша мультфильмдердің негізгі күші – ағылшын тілінде сөйлейтін көрермендердің көп болуы. Мысалы (Этнолог анықтамасының деректеріне сүйенсек), қазақша сөйлейтін адамдар тек 13 млн, ал ағылшынша 1 млрд-тан астам адам сөйлейді. Осыдан статистика бойынша, қаралым да, таралым да саны бойынша бірінші орында. Сол себепті қазақтілді YouTube контенті арқылы әйгілі боламын немесе коммерциямен айналысамын деген мүмкіндік өте аз», – дейді. Ол әуел бастағы мақсат қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және тәрбие беру мақсатында қазақша мультфильмдерді жасау болғанын айтады. Қандай да бір әлеуметтік желіде қазақша контент (мақалалар және т.б.) жариялау керек деп ойлаймын. Осы контентте қандай тақырып немесе (этикалық нормаларға сәйкес қана) қандай ақпарат болмасын, бастысы қазақ тілінде жасалуы керек дегенді айтып отыр.Жалғыз Balapan-ның қауқары жетпейді
Балаларға контент ұсынып отырған жалғыз арна бар, ол – Balapan. Арнаның директоры Қымбат Досжанға әлеуметтік желідегі балаларға арналған контенттерге қатысты сауал қойған едік. Директордың айтуынша, Balapan – жаңа туған сәбиден бастап, 8 жасқа дейінгі балаларға арнап хабар тарататын телеканал. «Яғни, біздің негізгі мақсатымыз интернет кеңістігіне емес, көгілдір экранға арнап контент өндіру екені түсінікті. Осы тұрғыдан келсек, Balapan мемлекеттен бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, сапалы контент өндіріп отыр. Жыл санап отандық телебағдарламалар мен анимациялық жобалардың саны артып келеді. Мәселен, арна ашылғалы мультхикаялар, сонымен қатар телехикая, ситком, реалити шоу, танымдық, ойын-сауық, спорт жанрында жалпы 302 жоба дайындадық. Әлбетте, соңғы жылдары бүкіл әлем телеарналардан гөрі интернет желілері арқылы ақпарат алуды дағдыға айналдыра бастағаны мәлім. Бұл жаңа тенденцияға әлемнің бар ақпарат құралдары ілесті. Осы ретте, Balapan да эфирден тыс, әлеуметтік желілердегі ресми каналдарын қатар дамытуға ден қойып келеді. Жоғарыда айтқан 302 төл жобамыз түгел дерлік YouТube каналымызға жүктелген. Бұдан бөлек, телеарна 2020 жылдан бастап үздік шетелдік туындылардың телеқұқығынан бөлек, интернет құқықтарын сатып алуды қолға алды. Бұл – отандық телевизия тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан бастама», – дейді. Қазір арнаның Youtube каналы шетелдік анимациялық жобалардың қазақ тіліндегі 700-ден астам сериясымен толыққан. Арна 2021 жылы YouТube-тың «Алтын батырмасын» алды. Тек өткен бір жылдағы қаралым саны 1,5 млрд-қа жуықтапты. Дәл қазір телеарнаның әлеуметтік желілердегі жазылушылар саны: YouТube – 1 420 000, Instagram – 93 590. Яғни, қалай болғанда да арна эфирден тыс, интернеттегі қазақша балалар контентін арттыруға, дамытуға айтарлықтай үлес қосып отырған бірден-бір ұйым десек, артық айтқандық болмас. BilimKids YouTube пен Balapan арнасының атқарып отырған ісін жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана дүние. Жаппай аудиторияға өтімді дүниені жасау маңызды бола бермек. Әрі ата-ана да баласының цифрлық қызығушылығын біліп отырғаны жөн. Сол себепті бала нені тамашалайды, қандай ойын ойнайды, қандай әлеуметтік желіге қызығады, соның бәрін анықтап, статистика жүргізген абзал. Сонда ғана біз оқырманның сұранысын қанағаттандыратын контент жасауға мүмкіндік туады. Жанасыл Болатбек айтқандай, танымал брендтерді де қазақшалай берсек, онда да ұтатынымыз анық.Айым БЕКТҰР