YouTube ұлтты ұйыта ма?
YouTube ұлтты ұйыта ма?
342
оқылды
Бала біткеннің көбі YouTube-қа телміріп отыр. Мұны ата-аналар да жасырмайды. Жа­қын­да Kaspersky сарап­шы­лары балалар көп уа­қытын жұмсайтын бір­­неше әлеуметтік же­лі­ні анықтаған екен. Олардың ішінде бірінші орын­да – YouTube. Одан кейін WhatsApp пен TikTok-қа байлан­ған. Ал ол әлеумет­тік же­лі­лердің балаларға ұсы­нып отырған кон­тенті қандай? Мәселе – осында. Статистикаға сүйенсек, 2021 жылы бүкіл әлем бойынша балалар YouTube-тан ойындарға қатысты контентті жиі іздеген. Атап айт­қанда, мобильді ойындарға қа­тысты видео түсіретін блогерлердің арнасы көп қаралым жинаған. Ең танымал ойын қатарында Minecraft тұр. YouTube-тағы танымал топ-3 арна қатарында MrBeast, EdisonPts және Paluten бар. Ал ең танымал ойындардың ондығына алғаш рет Genshin Impact және Poppy Playtime ойындары кірді. Сарапшылардың айтуынша, балалар көбіне әуенді YouTube-тан тыңдайтын болып шықты. Оның ішінде BTS, BlackPink, Lil Nas X, Ariana Grande және Twice сияқты орындаушылар көп ізделген. Ең танымал әндердің бірі – CKay орындаушысының Love Nwantiti әні және Оңтүстік Кореяның Blackpink тобының қатысушыла­рының бірі LISA-ның – LALISА және MONEY әндері. Ал балалардың көбі «Свинка Пеппа», «Лунтик», «Барбоскины» мен «Леди Баг и Супер-Кот» мульт­фильмдері мен «Веном 2» мен «Человек-паук: нет пути до­мой» фильмдерін іздейді. Оны кез келген ата-ана растайды. Демек, бала мұндай мультфильмдерге қызығады деген сөз. Kaspersky зертханасының өкіл­дерінің айтуынша, ата-анаға ба­ласының цифрлық қызығу­шылық­тарын білу маңызды. «Бұл бала­ларды желідегі қауіптерден қор­ғауға және отбасында үйле­сімді қарым-қатынас орнатуға көмекте­седі. Балаларыңызбен бірге уақыт өткізсеңіздер болады: мысалы, танымал блогердің та­нымдық бей­нелерін қараңыз, тарихты оқыңыз, химияны немесе физиканы тікелей Minecraft-та ойыннан зерттеуге болады» деп отыр сарапшылар.

«Кино көр» бос кеңістікті толтыра ала ма?

Атыраулық Әділет Мусиннің жасы – 28-де. Өзі «Теңізшевройлда» белгі беруші, яғни вахтада жұмыс істейді. Бір ай жұмыс істеп, бір ай демалатыны бар. Сол демалысын бос өткізбейін деп, жақсы бір жобаны қолға алған екен. «Кино көр» сайты – қазақ тіліндегі фильм­дер мен мультфильмдерді жинақтап, көрерменге ұсынады. Әділеттің бос тұрған қазақша ке­ңістікті толтырғысы келген ниеті бар. Алайда сарапшылар айтқан­дай, YouTube-тағы көрерменді ұйыта алып жүр ме? Біз бұл сауалды Әділеттің өзіне қойған едік. Оның айтуынша, Kaspersky айтқан мульт­фильмдерді, яғни «Свинка Пеппа», «Лунтик» пен «Бар­бос­ки­ны» туындыларын аударып, ба­лаларға көрсетсе, мүмкін қызығу­шылық оянатын шығар. «Кино көр» сайтының қаралы­мы айына 100-200 мыңға дейін же­теді. Бірақ сайт иелері бұл сайт­тан пайда тауып отырған жоқ. Ке­рісінше, шығын көп. Ал «Кино көр»-дің көрермендері – 25 жасқа дейінгілер. «Бұл сайтқа балалар көп кіре бермейді. Жақсы мульт­фильмдерді ата-аналары қосып берсе, балалары көреді. «Рақмет» айтып, хабарласатын ата-аналар да бар. Кейде жарнама берушілер сайт­ты сұрап жатады. Олардың дені ойын автоматтарын жарна­малайтындар. Ондай кезде сайт­ты жар­намалауға рұқсат бермей­міз», – дейді Әділет Мусин. «Кино көр» сайтында 300-дей кино бар. Олар бұл киноларды сайтқа жай ғана жүктей салмайды. Монтаждап, постерін жасап, сапа­лы салуға тырысады. Постер жа­сау­дың өзі көп уақытты алатыны белгілі. Оған ұқсас шрифт (font), таза сурет іздейді. Кейде шрифт із­деуге 10 сағаттап отыратын кез­дері болады екен. Негізінен пос­тер­ді фотошоптың мамандары жа­сайды. Осылардың жұмысы біт­­­кен соң киноны жүктеп отырады.

Авторлық құқығын сатып алу тиімді

YouТube арнасындағы танымал ка­налдың бірі – Надя. Nadia and Family каналындағы жалпы қара­лым көрсеткіші 70 миллионнан асқан. Ал контентіне қарасаң, өте қарапайым. Надя ағылшын тілін дамыту үшін қандай ән тыңдап, мультфильм көру керегін үйретеді. Кейде қуыршақтың үйшігін құ­растырады. Қарап отырсақ, бала­ларға аталғандарды смартфоннан тамашалаған ұнайды. Ал «Свинка Пеппаны» көретін бала көп. Мәселен, білікті аудитор Жанерке Әбілованың екі қызы бар. Бірі 5-те, екіншісі 3-ке толды. Екеуі де YouTube-тан «Свинка Пеппаны» көреді екен. «Ұйқыдан ояна сала, осы арнаны қосып бе­ремін. Екеуі тапжылмай көреді. Үйде бәріміз қазақша сөйлейміз. Бірақ екеуінің де тілі орысша шы­ғып келеді. Оған YouTube-тың әсе­рі жоқ емес. Екеуі де «Пеппа» деп жылайды. Амалсыз қосып беремін. Басқа арнаны көргісі келмейді», – дейді. Демек, бұл жобалар балаларды қызықтыра алады. Қызықпаса, оның қаралымы миллиондардан аспас еді. [caption id="attachment_182345" align="alignleft" width="1200"]YouTube © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] YouTube маманы Жана­сыл Болатбектің айтуынша, мұн­дай қазақы жобалар өзін-өзі ақта­майды. «Балалар контентін мем­ле­кет тарапынан қаржы бөліп, жа­сауға болады. Екіншіден, қазақ тілінде мұндай контент жасаған күннің өзінде, қаралым тұрғы­сы­нан орысша контенттерге бәсе­ке­лес бола алмайды. Өйткені біздің аудитория ондай үлкен емес. Әрі орысшасын көрген бала қазақ­шасына қызыға ма? Сондықтан қазақша контентті танымал ету өте қиын болады. Жеке адамдардың қалтасы көтермейді. Бизнес тұрғы­сынан да өзін-өзі ақтамайды. Мем­лекеттік гранттар арқылы жа­сауға болады. Менің ұсынаты­ным, бұл дүниелердің көшірмесін жасағаннан гөрі авторлық құқығын сатып алып, қазақшаға аударған тиімді болар еді. Өйткені мұның бәрі танымал бренд. Балалар оны көріп жатыр. Тыйым сала ал­май­мыз. Сол себепті де оны қазақша­лап, қазақ аудиториясына ұсына алсақ, онда көп шығын шық­пас еді», – дейді.

BilimKids жобасы өзін-өзі ақтады ма?

BilimKids YouTube арнасы 2018 жылы ашылған. Оны Bilim Media Group компаниясы ашқан еді. Осы жобаның бас үйлестірушісі На­зымбек Шардарбековтің айтуын­ша, бұл YouTube желісінде қазақ тіліндегі балаларға арналған мульт­фильм­дердің санын көбейтуді көздеген. «Біздің жоба бірден қазақтілді аудиторияға ұнай кетті деп айта алмаймын, жазылушылардың және қаралымдардың саны аз болды. Бірақ қазір 57 мыңнан астам жазылушымыз бен 19 мил­лион­нан асатын қаралымымыз бар. Шетелдің, нақтырақ айтқанда ағылшын тіліндегі Baby Shark немесе Pepa pig сияқты видео­лармен бәсекелесу қиын. Осындай ағылшынша мультфильмдердің негізгі күші – ағылшын тілінде сөй­лейтін көрермендердің көп бо­луы. Мысалы (Этнолог анық­та­масының деректеріне сүйенсек), қазақша сөйлейтін адамдар тек 13 млн, ал ағылшынша 1 млрд-тан астам адам сөйлейді. Осыдан статистика бойынша, қаралым да, таралым да саны бойынша бірінші орында. Сол себепті қазақтілді YouTube контенті арқылы әйгілі боламын немесе коммерциямен айналысамын деген мүмкіндік өте аз», – дейді. Ол әуел бастағы мақ­сат қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және тәрбие беру мақ­сатында қазақша мультфильмдерді жасау болғанын айтады. Қандай да бір әлеуметтік желіде қазақша кон­тент (мақалалар және т.б.) жария­лау керек деп ойлаймын. Осы контентте қандай тақырып немесе (этикалық нормаларға сәйкес қана) қандай ақпарат болмасын, бастысы қазақ тілінде жасалуы керек дегенді айтып отыр.

Жалғыз Balapan-ның қауқары жетпейді

Балаларға контент ұсынып отырған жалғыз арна бар, ол – Balapan. Арнаның директоры Қымбат Досжанға әлеуметтік желідегі ба­лаларға арналған контенттерге қатысты сауал қойған едік. Ди­ректордың айтуынша, Balapan – жаңа туған сәбиден бастап, 8 жасқа дейінгі балаларға арнап хабар та­рататын телеканал. «Яғни, біздің не­гізгі мақсатымыз интернет ке­ңіс­тігіне емес, көгілдір экранға ар­нап контент өндіру екені түсінік­ті. Осы тұрғыдан келсек, Balapan мемлекеттен бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, сапалы контент өндіріп отыр. Жыл санап отандық телебағдарламалар мен анимациялық жобалардың саны артып келеді. Мәселен, арна ашыл­ғалы мультхикаялар, соны­мен қатар телехикая, ситком, реа­лити шоу, танымдық, ойын-сауық, спорт жанрында жалпы 302 жоба дайындадық. Әлбетте, соңғы жыл­дары бүкіл әлем телеарналардан гөрі интернет желілері арқылы ақпарат алуды дағдыға айналдыра бастағаны мәлім. Бұл жаңа тенден­цияға әлемнің бар ақпарат құрал­дары ілесті. Осы ретте, Balapan да эфирден тыс, әлеуметтік желілер­дегі ресми каналдарын қатар да­мытуға ден қойып келеді. Жоғары­да айтқан 302 төл жобамыз түгел дерлік YouТube каналымызға жүк­телген. Бұдан бөлек, телеарна 2020 жылдан бастап үздік шетелдік туындылардың телеқұқығынан бө­лек, интернет құқықтарын са­тып алуды қолға алды. Бұл – отан­дық телевизия тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан бастама», – дейді. Қазір арнаның Youtube каналы шетелдік анимациялық жобалар­дың қазақ тіліндегі 700-ден астам сериясымен толыққан. Арна 2021 жылы YouТube-тың «Алтын батыр­масын» алды. Тек өткен бір жылда­ғы қаралым саны 1,5 млрд-қа жуық­тапты. Дәл қазір телеарнаның әлеуметтік желілердегі жазылу­шылар саны: YouТube – 1 420 000, Instagram – 93 590. Яғни, қалай бол­ғанда да арна эфирден тыс, интернеттегі қазақша балалар кон­тентін арттыруға, дамытуға айтар­лықтай үлес қосып отырған бір­ден-бір ұйым десек, артық айтқан­дық болмас. BilimKids YouTube пен Balapan арнасының атқарып отырған ісін жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана дүние. Жаппай аудиторияға өтімді дүниені жасау маңызды бола бер­мек. Әрі ата-ана да баласының цифрлық қызығушылығын біліп отырғаны жөн. Сол себепті бала нені тамашалайды, қандай ойын ойнайды, қандай әлеуметтік желіге қызығады, соның бәрін анықтап, статистика жүргізген абзал. Сонда ғана біз оқырманның сұранысын қанағаттандыратын контент жа­сауға мүмкіндік туады. Жанасыл Болатбек айтқандай, танымал брендтерді де қазақшалай берсек, онда да ұтатынымыз анық.

Айым БЕКТҰР