Президент нарықтық экономиканың базалық принциптеріне қайшы келетін жасанды монополияны қатты сынға алды. Өңірлерде түрлі салалар бойынша басымдылық жағдайда отырған компаниялар өз қызметтерінің бағасын шамадан тыс қымбаттатып жіберген. Әсіресе, өндіріс ошақтарына қатынайтын кіреберіс теміржол тармақтарын жалғызілікті иеленіп алған жеке операторлардың әрекеті кәсіпорындар үшін де, түпкілікті тұтынушы үшін де көп қиындық тудырып, тауар бағаларының өсуіне, инфляцияның ырық бермей кетуіне итермелейді. Осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкімет жиналысында кәсіпкерлердің кіреберіс теміржол тармақтарын иеленушілердің атына көп арыз-шағым түсіргенін айта келіп, Бас прокуратура мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне (БҚДА) аталған проблеманы шешуді тапсырған болатын. Әйтсе де, одан монополистер айылын да жимаған сияқты, қайта қызмет ауқымын кеңейтіп, арандарын аша түскен сыңайлы.
Монополистен көрген құқай аз ба?
Еліміздің негізгі теміржол объектілерінде ең ірі кіреберіс тармақтарын иеленуші «Көлік сервисі орталығы» АҚ 2015 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-дан 1,7 млрд теңгеге 150 кіреберіс теміржол тармақтарын сатып алған. Кейінгі жылдары сатып алған объектілер санын ұлғайта түскен, қазір олардың қарасы 300-ге жетті. «Көлік сервисі орталығы» АҚ өндіріс орындарының кіреберіс теміржол тармақтарын меншігіне қаратқан соң, бизнес нысандарына құқайды бұрынғыдан да күшейте түскен. Жергілікті зауыттар үшін вагон жөнелту тарифін 4-5 есе көтеріп жіберген. Тіпті, кейбір кәсіпорындардың тарифін 118 есе (!) қымбаттатқаны туралы дерек бар. Мұндай бейбастық жағдай Павлодар, Қостанай, Түркістан, Алматы, Ақмола және басқа да облыстарда кездеседі. «Ең қызығы, монополистер кәсіпорындар орналасқан учаскелердегі теміржол тармақтарын олардың өздерін айналып өтіп, қалай сатып алғаны түсініксіз?! Өйткені өндіруші өзінің тауарын өткізу үшін ең алдымен осы кіреберіс жолға иелік етуге мүдделі болады емес пе, бірақ ол белгісіз себептермен монополистердің қарамағына өтіп кеткен. Ал егер кәсіпорын бекітілген көтеріңкі тарифпен келіспейтін болса, монополист теміржол тармағын жауып тастай салады. Сөйтіп, отандық өндірушілер не сырттан келетін материалдарды қабылдай алмай, не қоймада жатқан өнімдерін өткізе алмай пұшайман күй кешеді»,– дейді Мәжіліс депутаты А.Перуашев Үкіметке жолдаған сауалында. Ол аз десеңіз, «Көлік сервисі орталығы» АҚ теміржол жол тармағының жабылып, жүк тасымалы жүрмей қалуына байланысты табыстан қағылғанын айтып, оған кәсіпорындардың өздерін кінәлі санаған. Сол себепті бірнеше зауытқа әрқайсына 80 млн теңге көлемінде айыппұл салу туралы хабарлама жіберген.Тарифі тым шырқап тұр
Монополист компанияның астамсып кеткені соншалық, жүкті магистралдық желіден кіреберіс тармақ арқылы кәсіпорынға жеткізу тарифі кейде оны Ақтаудан Көкшетауға дейін 1 мың шақырымдық қашықтықтан тасымалдау құнынан да қымбаттырақ шығатын болған. Мұндай жағдайда кәсіпорындар «Көлік сервисі орталығы» АҚ-ға тәуелді болып, қымбат тарифке байланғанша, өздері үшін жаңа кіреберіс жолдарды салып алғаны, анағұрлым арзанға түсер еді. Жеке оператор туралы әңгіме қозғағанда біз тек бір монополисті мысал еттік. Алайда, экономист Арман Байғановтың айтуынша, теміржол көлігімен жүк тасымалдау нарығында кәсіпкерлерді теспей сорып отырған бірнеше монополист бар: ППЖТ-1, ППЖТ-2, «Енисей» фирмасы және т.б. Бұл монополистердің бәрінің табиғаты бір – өздері ештеңе жасамайды, бірақ нақты өнім өндірушілерді салыққа батырып қояды. «Мұндай бір кіреберіс тармақтың бойында бірнеше кәсіпорын отыруы мүмкін. Сонда әр кәсіпорын монополистерге жылына 100 млн теңге төлеуге мәжбүр. Мәселен, Алматы қаласындағы «Промышленный» учаскесінде мыңдаған вагондарды жөнелтіп-қабылдайтын 38 зауыт бар. Монополист тек осы учаскеден ғана бір жылда 3 млрд теңге ақша жинайды», – дейді экономист Арман Байғанов. Егер тұтас республика туралы айтатын болсақ, ол сома бірнеше жүздеген миллиардтан асып кетеді. Ол ақша тауардың өзіндік құны мен бағасының ішіне кіреді де, инфляцияның өршуіне тікелей ықпал етеді. Бұл енді көпқабаттың тұрғын үйлердің алдына шлагбаум орнатып қойып, пәтеріне өткісі келетін тұрғындардан ақша талап еткенмен бірдей.Жосықсыз субъектінің үстінен іс қозғалды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, жақында Алматы-2 стансасының локомотив жетегі операторына қатысты тергеу басталды. «Мемлекет басшысының инфрақұрылымға, оның ішінде теміржол тұйықтарына, разъездерге, эстакадаларға толыққанды және ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы бойынша және кәсіпкерлердің БҚДА-ға шағымданған ұжымдық арызы негізінде өз қызметі үшін шамадан тыс жоғары баға белгілеген локомотив жетегі операторы «Жолашар ЖД-Сервис» ЖШС-на қатысты тергеу басталды», – делінген ведомство таратқан ақпаратта. Тексеріс барысында аталған компания 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап вагондарды беру-жөнелту қызметі үшін бағаны 13 013 теңгеден 37 335 теңгеге дейін, яғни үш есе өсіріп жібергені расталды. Сондай-ақ «Жолашар – ЖД Сервис» ЖШС-ның нарықта Алматы-2 стансасынан қабылдау-тапсыру пунктіне дейінгі аралықта локомотив жетегіндегі вагондарды беру-алу қызметі бойынша монополиялық жағдайда тұрғаны анықталған. ҚР ӘҚко 159-бап 3-бөліміне сәйкес, бизнес субъектілеріне нарықта монополиялық жоғарғы немесе монополиялық төменгі бағаны қойып, өзінің монополиялық немесе басымдылық жағдайын орнатуға тыйым салынған. Тағы бір айта кететін мәселе, егер ол әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған жағдайда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, коммерциялық емес ұйымдар осы жағдай кезінде тапқан табысының 3% көлемінде, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері 5% көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Сондай-ақ олардың монополиялық кірістері толығымен тәркіленетін болады. Өйткені жекеменшік компанияны басқару нарықтың компания үшін емес, керісінше монополистің нарық мүддесі үшін қызмет етуі тиіс.Сапаға назар аударған да жөн
Президенттің кіреберіс жолдарда тәртіпті реттеу, табиғи монополия субъектілерінің қызметін тексеру және тармақ иеленушілердің баға құрауын талдау туралы тапсырмасынан кейін 21 субъект тасымалдау тарифтерін 80%-ға арзандатқан. Бірақ барлық мәселе тек тарифке келіп қана тіреле ме? Кіреберіс жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көкейтестілігін еш жойған жоқ. Жылдан-жылға пойыздың адам басып кету, вагондардың рельстен шығып кету оқиғалары жиі қайталанады. «Тек былтыр ғана кіреберіс жолдарда 200-дей жылжымалы құрамның жолдан шығып қалу фактісі тіркелген. Оқиға кезінде жүздеген локомотивтер мен вагондар зақымданып, істен шықты. Бұл оқиғалардың басым көпшілігі шойынжолдың тиісінше күтімде ұсталмағанынан, дер кезінде жөндеу көрмегенінен болып отыр. Жеке тармақ иеленушілер жолдың сапасына тиісінше көңіл бөлмейді»,– дейді TLK Media компаниясының директоры Жанна Есенғарина. Бұрын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Теміржол көлігі туралы» ҚР заңының 58-бабына сәйкес, инфрақұрылымның ұлттық операторы ретінде кіреберіс жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары бойынша тексеру жүргізуге құқылы болатын. Алайда 2014 жылдың қараша айынан бастап бұл бапқа өзгертулер енгізіліп, ол құқық алынып тасталды. Қазір инфрақұрылым операторының бар пәрмені тармақ иеленушілермен тек профилактикалық жұмыстар жүргізумен ғана шектеліп қалды. Соған қарамастан теміржол бойында әлдебір апаттар болып, ол адам өліміне ұласып жатса, жалпақ жұртшылық мәселенің байыбына бармастан мұның бәрі үшін жалғыз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ны айыптауға бейім. Ал шынтуайтына келгенде ұлттық компанияның оған еш қатысы жоқ. Сондықтан қандай да бір жосықсыз субъекті туралы сөз қозғағанда оның меншік түріне басты назар аудару қажет. Өйткені теміржол саласында республикадағы ең ірі жұмыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-дан басқа да (130 мыңға тарта адам еңбек етеді) көптеген ірілі-ұсақты бизнес құрылымдары өріп жүр.