Қараусыз малдың қарасы көп
«Өкінішке қарай, облыс аумағында малды қараусыз әрі бағусыз қалдыратындар азаймай тұр. Малдың бағылмай, босып өз бетімен жүруі мал ұрлығына да, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының да еселене түсуіне ықпал етті. Бір жағынан бұл тиісті құжатсыз малды қалаға әкеліп, пайдаға құныққан алыпсатарлардың санын көбейтті. Мәселен, 28-29 қаңтар күні 700-ге жуық иесіз мал арнайы орынға қамалды. Жергілікті атқарушы органдар және ветеринария қызметкерлерімен бірлескен шара барысында Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабымен 135 хаттама толтырылды. Бұған қоса, тәртіп сақшылары мал мен ет өнімін сатуға әкеле жатқан 45 көлікті тексерді. Оның 12-сі етті тиісті құжатсыз сатуға әкеле жатқаны анықталды. Сондай-ақ етті сату және өндірумен айналысатын 63 орынға тексеріс жүргізілді. Былтыр құқықбұзушыларды тексеру кезінде ветеринария заңдарының өрескел бұзылғаны Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес, 418 хаттама толтырылды. Ал малды иесіз қалдырғандар бойынша өткен жылы 4 286 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,– дейді Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.Ауыл жұрты малын арзанға сатуға мәжбүр...
Мемлекеттік органдардың қағазбастылығынан ауыл тұрғындары қорасындағы адал ақы малын базарға пұлдап сата алмай отырғанын айтады. Бұл жағдай делдалдық еткен пысықайлардың оң жамбасына келген. Екі жақтың да тілін тапқандар жең ұшынан жалғасқан «бармақ басты, көз қыстымен» ауыл малын арзанға сатып, пайдаға белшесінен батып отыр. Ауыл жұрты бұл жағдай қарапайым мал шаруашылығымен айналысатын адамдар мен шаруа қожалықтарына зиянын тигізетінін айтады. «Малымен күн көрген қарапайым ауыл халқы дәл қазір жұтап отыр. Жайылым жер тапшы. Былтырғы қуаңшылықтан кейін жемшөптің құны аспандап кеткен. Астықтың құны алтынмен таласып тұр. Сондықтан қыстың көзі қырауда болса да жемшөп болмаған соң қорадағы бес-алты қарасын далаға айдап шығады. Далада да шөп жоқ. Мал қар баспаған жолдың жиегіндегі шөпті жемегенде қайтеді? Ыңыршағы айналған мал көтерем болып, арам қатпасы үшін ауыл жұрты малын тиын-тебенге өткізіп жатыр. Басқа амал жоқ. Ал ет пен малды қаладағы ет базарларына тасымалдау үшін мемлекеттік органдардың бітпейтін қағазбасты құжаттарын тапсыру керек. Қарапайым ауыл адамы еттің бағасын көтеруге мәжбүр болады. Өйткені ауылдағы аңғал жұрт алыпсатарларға етін ең көбі 1 650-1 700 теңгеден саудалайды. Ал алыпсатарлардан қымбатқа алған базардағылар оны 2 500 теңгеге дейін еркін сатады», – дейді ауыл тұрғыны Мират Ғалымов.Тиісті сала басшыларының айтары жоқ...
Аталған мәселені облыстық Бәсекелестікті қорғау департаментінен білуді жөн көрдік. Департамент басшысы ет өткізетін ұсақ шаруалармен айналыспайтынын алға тартты. «Біз мәселеге тек бәсекелестік тұрғыдан қараймыз. Ет бағасының және басқа да азық-түлік, жанар-жағармай құнын реттеуде ықпалымыз болғанымен, біз ірі шаруашылықтармен ғана жұмыс істейміз. Сондықтан ауылдағы қарапайым шаруалардың малы бойынша ештеңе істей алмаймыз», – дейді Ақмола облыстық департаментінің басшысы Олжас Мұратұлы. Сауалдарымызға жауап іздеп облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшылығына, Ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқанымызбен, еш жауап ала алмадық.P.S.
Сонымен, қай жағынан қарасақ та қарапайым ауыл жұртының жағдайы мәз емес. Мал бағайын десе жемшөп қымбат, бақпай бос жіберсе айыппұлдан көз ашпайды. Сатайын десе төккен тері ақталмай арзанға кетеді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бақылаудың жетіспеушілігі айқын сезіледі. Сондай-ақ заңдық тұрғыдан да қарастыратын жайттар аз емес.
Ақмола облысы