«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің 2022 жылғы алғашқы бірлескен отырысы өтті.
Ең алдымен, күн тәртібіне сәйкес, облыс кәсіпкерлерімен бірлесіп, төтенше жағдай кезінде атқарылатын жұмыстар мен оларға көрсетілетін қолдау шаралары талқыланды. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Еркін Атымтаевтың мәліметінше, аймақта 30-ға жуық үлкен және шағын сауда-саттық нысандарына залал келтіріліп, 122 680 531 теңге шығын көлемі анықталған.
Сондай-ақ отырыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды. Облыс әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова алдағы жұмыс жоспарын мәлімдеді.
Кеңес мүшелері баяндамашыларға сұрақ қойып, бірқатар ұсынысын білдірді. Оның ішінде кәсіби зардап шеккенін дәлелдей алмай жүрген кәсіпкерлерге қол ұшын созу және азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмысына қатысты келелі кеңес беріп, пікір айтты.