Азық-түлік бағасы бақылауда
Азық-түлік бағасы бақылауда
358
оқылды
«Nur Otan» партиясы Шығыс Қа­зақстан облыстық филиалы жанындағы Өңірді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері баға­сына қоғамдық бақылау жасау мәселесі қаралды. Партияның облыстық филиалының қоғам­дық қабылдау бөлмесіне тұрғындардан бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының ұдайы өсуі бойынша өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай өңірлік қоғамдық кеңес отырысында әлеуметтік маңызы бар бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағаларын бақылау бойынша мониторинг топтың жұмысы талқыланды. «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақ­стан облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Д.Ахметовтің тапсырмасына сәй­кес, өңірде барлық аудандарды қоса есепте­генде 257-ден астам мониторинг тобы құрыл­ды. Оған белсенді қоғам қайраткерлері, де­пу­таттар, блогерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді. Мониторинг топ апта сайын азық-түлік бағасының өз­геруіне талдау жасайды. Соған қарай тиісті ұсыныс жасалады», – деді «Nur Otan» пар­тиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9-бабына сәйкес, дүкендер тауар бағасын өз бетінше белгілейді, алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткізу құны өндірушінің немесе көтерме саудадағы бағадан 15 пайыздан аспауға тиіс. Мұны қалада әлеу­меттік маңызы бар азық-түліктер ба­ғаларын бақылау бойынша мониторинг тобы ұдайы қадағалап отырады. Қазір «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясының павильондарында бағаларды тұрақтандыру бойынша жедел желі телефон­дары орналастырылған. Халыққа қолжетім­ділігін арттыру мақсатында жеміс-көкөніс өнімдерін өткізу нүктелерін ұлғайту жөнінде сауда объектілерімен меморандумдар жасау туралы шешім қабылданды. Сол бойынша Семей қаласында – 19 меморандум, Өскемен қаласында 26 меморандум жасалды. «Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағ­дарламасы шеңберінде қаланың 74 сауда нүк­тесінде, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 29 сауда нүктелерінде өнімдер саудаланады», –дейді «Ертіс» АҚ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бас­қарма төрағасының орынбасары Динара Шарипова. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы партияның қоғамдық кеңесінің тұрақты бақылауында болады.