Ауыл мектебі шет қалған
Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Биыл директорлардың ротациясы басталады. Алдыңғы жылы заңнаманы қабылдап, бекіттік. Енді биыл нақты мыңнан астам директор ротацияға ілінеді» деген еді. Мұндағы мақсат не? Ведомствоның түсіндіруінше, біріншіден, ротация білім ұйымдарының жұмысының тиімділігін және ол көрсететін білім беру қызметтерінің сапасын арттыруы тиіс. Екіншіден, бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалануға жол ашады. Үшіншіден, директорларға кәсіби дамуға және басқарушылық құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Төртіншіден, олардың бір жерде ұзақ отырып, кәсіби тұралап қалуының алдын алады. Бесіншіден, осы арқылы жемқорлықпен күрес жүргізіледі. Ережеге сай бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады. Білім саласының сарапшысы Мейіржан Темірбектің айтуынша, қабылданған заңнаманың шикі тұстары көп. Сондықтан да ротацияның жүзеге асатынына сарапшы сенімді емес. Себебі заңда «4 жыл мектеп директоры болып, ары қарай ротациямен ауысуды қаламаса, тағы сол орында 3 жыл отыруға болады» делінген. Сосын «ротация бір елді мекен аумағында жүргізіледі» деп тұр. – Бір мектебі ғана бар ауылдық жерлерде ротациялау қиынға соғады. Енді министрлік бір ауылда бір ғана мектеп болса, ротация жүргізілмейді деп жатыр. Мен оған қарсымын. Ротацияны «бір ауылдың емес, ауданның ішінде» жүргізген дұрыс, – дейді Мейіржан Темірбек. Сондай-ақ зейнетке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған басшылар ротацияланудан босатылады. Өзге директорларға да 1 рет бас тартуына рұқсат, екінші рет бас тартса, білім жүйесі онымен қош айтысады. Ал директор сайма-сай өзге лауазымға ауыстырылуы үшін аттестаттаудан және қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалаудан сүрінбей өтуі шарт. Ондай бағалауды облыстың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Білім басқармасының кадр қызметі жүргізеді. Оның барысында мектептегі әдістемелік кабинеттер, орталықтар жүргізетін оқу-әдістемелік және тәрбие қызметі, оқушылардың білім сапасы талданады. Егер онысы нашар болып шықса, директор ротацияланбайды, орнынан қуылады. Бұл ақыр соңында тәжірибелі басшылардың жекеменшік білім ұйымдарына жаппай кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.Жемқорлықты шектей ме?
Ендігі мәселе – ротациялаудың жүргізілуінде. Ертең ұзақ уақыт бір жерде отырған директорлар жақсы мектепке барғысы келіп, түрлі айлаларды істеуі мүмкін. Мысалы, ротация жүргізілгенде ортаға таныс салатындар да шығады. Осы мәселенің алдын алу үшін қалалық әкімдікке ұсыныс айтып жүрген мұғалімдердің бірі – Өмір Шыныбекұлы. Педагогтің айтуынша, материалдық базасы мықты, жақсы ұжымы бар мектептерде директор болуға талас басталуы мүмкін. Осылайша ротация жасау реформасы сыбайлас жемқорлықтың тағы бір ұшын шығарады. Ротацияға ілінген директор өзіне жайлы, жақын мектепке басшы болып бару үшін лауазымды тұлғаларға пара ұсынуы да ғажап емес. – Әкімдікке Шымкенттегі 147 мектептің басында тұрған отызына тимеуді ұсындым. Бірінші ең артта қалған мектептерді ауыстырып алу керек. Ротация кезінде біз күтпеген тәуекелдер де болуы мүмкін. Сондықтан ротацияны бірінші төменнен бастап жүргізгеніміз жөн, – дейді Өмір Шыныбекұлы. Ротациялаудың алғашқы кезеңі 7 жыл жүргізілгенімен, екінші кезеңнен бастап директорлар 3 жыл сайын ауысып отыратын болады. Дегенмен басшының ойға алған міндеттерін орындап, көңіл толарлық нәтижеге жетуі үшін 3 жыл аздық етеді. Директор осы аз уақыт ішінде әрбір педагогті танып, бүкіл мектепті, оның шаруашылығы мен оқу процесін зерделеп үлгермейді. – Берілетін 3 жыл аз. Өйткені алғашқы жыл ұжыммен танысуға, келесі жыл жоспар жасауға кетсе, қалған бір жыл директордың ойына алған жаңалығын енгізуге жетпейді. Онсыз нәтижеге жету қиын. Ал жұмыс нәтижесі біліктілік категориясын растау және аттестаттаудан өту үшін қажет. Онсыз не санаты төмендейді немесе онымен жұмыс келісімшарты бұзылады. Басшы әр 3 жыл сайын мектептен-мектепке секіріп жүрсе, ешқандай қомақты жетістікке жете алмайды, – дейді Өмір Шыныбекұлы. Мамандар тағы бір мәселеге назар аудартады: мектеп директорлары пәндерден сабақ беретін педагогтерден аз жалақы алады екен. Осы орайда кейбір басшы ротация енгізілген соң лауазымынан бас тартып, сағат алып, мұғалімдікке ауысып алудың қамын жасап жатқан көрінеді. Олар қазірдің өзінде сабақ беріп жүр.Аймақтан ары аспайды
Министрлік қабылдаған ереже бойынша ротация тек қана бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жүзеге асырылады. Астанадан басқа өңірге, қалалардан ауылға жіберу жағы қарастырылмаған. – Көпшіліктің арасында «ертең бүкіл ел бойынша 7500 директор бір мезетте жұмыс орнын ауыстырады» деп жатқандар да бар. Негізінде олай емес. Мәселен, Павлодар облысында жұмыс істеп жүрген адам Қарағанды облысына немесе Қарағанды облысынан Түркістан облысына жіберілмейтіні түсінікті. Қазір біз тек бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде ғана айтып жатырмыз, – деген еді министр Асхат Аймағамбетов. Ал ротациялауды 30 жыл бұрын бастаған «Білім-инновация» лицейінде мұндай шектеу жоқ. Ротациялау директорлардың әр өңірге барып тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік жасаған. Орташа есеппен лицей директорлары 3-5 жылда ауысып отырады. Олар бір жерден көрген жаңашылдығын екінші жерге барып енгізеді. Әсіресе, ротацияның арқасында үлкен қалалардағы үрдістер моноқалалардағы лицейлерге жетеді екен. – Директорлар белгілі бір жерде көп отырғандықтан бір жүйеде қалып қояды. Ал жаңа жерде директор бұрынғы істеген қателіктерін жойып, жаңа өзгерістер әкеледі. Дегенмен кейбір директорлар 2-3 жылда өз мүмкіндігін аша алмауы мүмкін, – дейді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров. Ел болып білім саласындағы жемқорлыққа тұсау саламыз деп жатқанда, ротациялаудан ауыл мектептерінің шет қалғаны, директорлардың тұрғылықты аймағынан ары аса алмағаны ақылға сыймайды. Ендеше қабылданған құжатты қайта қарап, саралап шығу артық етпес.Көктем ҚАРҚЫН