Шағын жиынтықты мектептерде білім сапасы мәз емес...
Бұл жерде білім сапасы туралы әңгіме айтудың өзі артық екені айтпаса да түсінікті. Бірнеше сыныпты қатар алып шақшадай басын шарадай етіп жүрген ұстаздар шәкірттеріне мықты әрі сапалы білім беруге үлгере бермейді. Күрделі мәселе осыдан 13 жыл бұрын 2009 жылдың алғашқы қыркүйегінде қос қабатты еңселі ғимаратта есігін айқара ашқан Зеренді ауданының Айдарлы ауылын да айналып өтпеген. Бала саны жыл санап азайғандықтан білім ордасы қаңырап бос қалуға таяу қалған. Бұл бір кездері аудандағы алдыңғы лектің қатарынан көрінген ауыл балаларының білім сапасына да кері әсерін тигізген. «Әр жыл сайын бірінші сыныпқа қанша бала келетініне талдау жасаймыз. Соңғы жылдары тұтас мектептегі оқушылар саны 40-тан аспайтын болды. Білім сапасына келсек, жағдай аса мәз емес. Өйткені бір мұғалім бір мезетте бірнеше сыныпқа сабақты қатар өткізеді. Бұдан ұстазға жүктелетін жүктің де ауырлай түсетіні айқын. Бізден «Бала саны аз ғой. Бір балаға осынша көңіл бөлінсе олардың бәрі неге оқу озаты болмайды?» деп жиі сұрап жатады. Бұл жерде балалар арасындағы білім бәсекесі былай тұрсын, оқушыларға орта да болмайды ғой», – дейді Айдарлы мектебінің директоры Айдын Манап.Облыста соңғы жылдары 17 мектеп жабылды
Болашағы бұлыңғыр деп бағаланған ауылдардағы қарапайым жұрттың қалаға ағылуының азаймауы алаңдатады. Ал бұған бір кездегі іргелі мектептердің шағын комплектіге айналуы негізгі себеп болған. Тек соңғы үш жылда ғана өңірдегі 17 мектеп қаңырап бос қалып, есігіне дәу қара құлып ілінген. Ал мектепсіз бұл ауылдардың бірер жыл ішінде тып-типыл болатыны бесенеден белгілі. Жақын арада тағы бес бірдей ауыл білім ордасынсыз қалуы ықтимал. Мәселен, Бурабай ауданындағы Обалы ауылында да орта мектепті бастауыш мектепке дейін қысқарту қаупі төнген.Обалылықтар ауылға шақырады!
Жергілікті билік пен Үкіметке толғағы жеткен түйткілді жағдайды айта-айта жалыққан Обалы ауылының тұрғындары өз «қотырын» өздері қасуға кірісіпті. Сөйтіп өз күштерімен ауылдағы қаңырап иесіз қалған үйлерді сатып алып, қалпына келтіре бастаған. Ауылдағы мектептің жабылмауы үшін хабарландыру беріп елдің түкпір-түкпірінен көпбалалы отбасыларды ауылға шақырған. Ауылы мен алтын ұя мектебін сақтап қалуға ұмтылған тұрғындар қалпына келтірілген үйлерді көшіп келетін адамдарға тегін беруді жөн деп тауыпты. Мемлекет миллиардтап қаражат бөліп тұтас бағдарламалар шеңберінде шеше алмай жатқан мәселені бұл ауыл өз күштерімен еңсеретініне кәміл сенеді. Бүгінде бала санын 41-ге жеткізген Обалы тұрғындары жабылуға сәл қалған мектебін әзірге аман қалдырды. «Біз ауылымызды, ортамыздағы еңселі мектебімізді сақтап қалғымыз келеді. Барлық тұрғындар кеңесе келе ауылдың өміріне тың серпін беруді жөн деп шешті. Сондықтан хабарландыру беріп көпбалалы отбасыларды бізге қоныс аударуға шақырып жатырмыз. Біз қолдан келгенше барлық көмегімізді беруге әзірміз», – дейді Обалы ауылының тұрғыны Нұрлан Қабдуллин. Ауыл адамдарының шақыруымен қазірдің өзінде көпбалалы бір отбасы Обалыға келіп қоныс тойын тойлады. Ауылдағы ағайын бұл отбасыға ыдыс-аяқ, жиһаздары мен киім-кешектерге дейін бөлісіп берген. Бос қалған бірнеше үйлерді сылап-сырлап жөндеген тұрғындар әлі де болса елдің әр қиырынан отбасыларды шақыруды жалғастырып жатыр. «Біз елде өзінің үйі жоқ отбасылар көп қой деп ойлап осындай қорытындыға келдік. Ал Обалыда иесіз қалған бос үйлер ондап саналады. Тұрғындар жиналып, иелерінен сатып алып, жөндеп жатырмыз. Әркім шамалары келгенше қаражат жинап үш үйді сатып алдық», – дейді Обалы ауылының тұрғыны Жанар Оразбаева. Тұрғындардың интернеттегі хабарландыруларынан кейін сұрап хабарласушылардың қатары толастамаған. Елдің әр түкпірінен телефон шалғандар арасында «Мемлекеттік бағдарлама ма, бір реттік көмек беріле ме?» деп сұрағандар да табылыпты. «Хабарландыруда менің телефон нөмірім көрсетілген. Алғашқы апталарда телефоннан қолым мүлде босамады. Елдің барлық аймағынан, тіпті сонау Семей, Түркістан, Қызылорда, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан да хабарласқандар болды. Елде осыншама баспанасыз адамдардың бар екеніне таңғалдым. Хабарласып қоныс аударғысы келетіндер арасында зейнеткерлер де болды. Бірақ бізге белсенді жұмыс істейтін адамдар керек. Балаларын қазақ мектебіне бермек болған орыс отбасылар да хабарласты. Алдағы көктемде тағы бірнеше отбасы көшіп келмек. Обалыға көшуге ниет еткендер 8 777 035 13 70 телефонымен маған хабарласа алады», – дейді Обалы мектебі директорының міндетін атқарушы Қымбат Ахметова. Сала мамандарының айтуынша, бекітілген талапқа сәйкес орта, негізгі және бастауыш сыныптардың жабылып қалмауы үшін белгілі межедегі оқушылар саны толық болуы тиіс. Бірақ Ақмола облысындағы 360 білім беру мекемесінің 122-де оқушылар саны тиісті деңгейге жетпейді. «Бізде оқушылар саны 50 балаға әзер жететін орта мектептер бар. Олар негізгі мектепке дейін қысқартылуы мүмкін. Сондай-ақ саны 12-17 оқушы негізгі мектептер де бар. Мұндай санда мектеп бастауыш мектепке айналуы тиіс. Дегенмен біз оларды қысқарта алмаймыз. Өйткені бұл ауылдарға мектеп-интернаттар аса қашық. Ал балаларды тасымалдау қысқы уақыттарда жолдың болмауынан және жолдардың шұрық тесік болуынан мүмкін емес. Біз тек қаланың яғни аудан орталықтарына таяу орналасқан ауылдардың ғана мектептерін қысқартамыз», – дейді Ақмола облысы Білім басқармасының бас маманы Айгүл Шақшақова. Білім басқармасының дерегі бойынша, қазір өңірдің 12 мектеп-интернаттарында қысқарған мектептердің 250-ге жуық баласы білім алады. 4,5 мың балаға мектепке дейін тасымалдау ұйымдастырылған. Ал болашағы бұлыңғыр ауылдардың қатарына еніп, күн санап оқушылар саны азайған 122 мектептегі күрделі мәселенің қалай шешімін табатыны беймәлім...Ақмола облысы