Алматы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қоштасты
Алматы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қоштасты
708
оқылды
Алматы жұртшылығы қазақ әдебиетінің классигі, Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті мәңгілік сапарға шығарып салды. Қаралы жиын Абай атындағы Опера және балет театрының фойесінде өтті. Жазушымен қоштасуға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен жоғары лауазымды тұлғалар қатысып, қаралы қауымға көңіл айтты. Сөз алғандардың көпшілігі жазушының шығармашылығымен қатар азаматтық биік ұстаным иесі болғанын айтты. Әбдіжәміл Нұрпейісов Қаламгермен қоштасуға арнайы келген Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
«Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрімұлы – сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң, қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Замана жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тіліне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Ол ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген Президенттің жеделхатында.
Сондай-ақ, қаралы жиында сөз алған Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова классик жазушының қазасына туған елі сыр өңірі халқының атынан көңіл айтты. Әлем әдебиетіне «Қан мен тер» секілді ғажап туынды қалдырған қаламгер Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленді.