2021 жылы білім саласында қандай бастамалар жүзеге асты? Олқылықтар түзелді ме, жетістіктер болды ма? Осы жағынан еліміздегі Білім және Ғылым министрлігінің атқарған жұмысын талқыға салынды.
Бәріміз білетіндей, оқу жылы жаңа оқулықпен, жаңа әдістемемен басталды. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде «Әліппе» және «Букварь» дайындалды. Осы оқулықпен еліміздің барлық мектебінің бірінші сыныптары оқытыла бастады.
Екіншіден, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мектеп мұғалімдерінің, балабақша тәрбиешілері мен колледж оқытушыларының жалақысы 25%-ға өсті. 2022 жыл, яғни биылдың өзінде жалақы тағы 25%-ға көтерілді. Соған қарай мұғалімдердің жұмыс жүктемесі азайған. Бұрынғыдай бір ставка үшін аптасына 18 сағат емес, 16 сағат жұмыс істейтін болды. Ал ол кезде жоғары оқу орындарының оқытушыларының жалақысы өспеген еді. Артынан министрлік профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын көтеру туралы арнайы бұйрық шығарылды. Нәтижесінде, министрлікке бағынышты ЖОО-дағы оқытушылардың жалақысы өсті. Ең төменгі жалақы – 200 мың теңгені, ал профессорлар үшін – 350-400 мың теңгеге көтерілді.
– Мұндай мүмкіндік Президенттің қолдауының арқасында және 2011 жылдан бастап алғаш рет осындай көлемде грант құнын арттырудың нәтижесінде пайда болды. Оның үстіне, мұғалімдерді жұмысқа алу талабы қатаңдатылды. Бұл мамандық бойынша білім алу үшін ҰБТ-ның ең жоғары шекті балы белгіленді. Соған қарай, оның шәкіртақысы өсті. Қазір мұғалімдікке үздік түлектердің ғана түсіп жатқанын байқауға болады. Тіпті, ұстаздық жолды таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есе көбейген, – деп жазған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, педагогикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындарының түлектері үшін міндетті тестілеу енгізілген. "Енді дайындығы нашар үміткерлер мұғалім бола алмайды. Яғни, педагогикалық білім туралы дипломның болуы енді жұмысқа бірден орналасуға кепілдік бермейді. Балалармен жұмыс істей білу өте маңызды және жауапты міндет болғандықтан, алдымен тәуелсіз тестілеуден өту керек. Мұндай сыртқы емтиханды 2021 жылы шамамен 40 мың түлек тапсырды. Олардың ішінде шекті балл жинағандар ғана мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Енгізілген бұл жаңашылдық жоғары оқу орындары жұмысының сапасын да көрсетті. 36 университет осы мамандық бойынша дайындау бойынша лицензиясынан айырылды", – дейді министр Аймағамбетов.
Тағы бір жаңалық - мектеп директорларының бір орнында ұзақ істемеуі. Сол үшін алғаш рет ротация жүйесі енгізілді. Енді олар бір ұйымда 7 жылдан артық басшы бола алмайды. Ротация басталды және жыл бойы жүргізіледі. Сондай-ақ 2021 жылы білім беру ұйымдары директорлары құрамының сапасын жақсарту үшін нақты мерзімдер, критерийлер, тестілеуді енгізе отырып, лауазымға тағайындаудың жаңа жүйесі енгізілді. Олардың жалақысынан 30%-дан 100%-ға дейін ай сайынғы үстемақы ала бастады.
– Бұл қалай жұмыс істейді? Әр 3 жыл сайын директор аттестациядан өтуге міндетті. Аттестаттау нәтижесі бойынша басшы санаттардың бірін алады, онымен бірге 3 жылға және ай сайынғы қомақты үстеме ақы (жалақының 30%-дан 100%-ға дейін) тағайындалады. Жұмыс тиімділігі өте төмен болған жағдайда басшы жұмыстан шығарылады, – дейді Асхат Аймағамбетов.