«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев облыс экономикасы мен туризмі үшін жолдардың сапасы өте маңызы екеніне тоқталып, алда атқарылар жұмыстарды екшеді.
Былтыр атқарылған жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87 пайызға жетті. Биыл сапалы жолдардың үлесін 92 пайызға жеткізу жоспарланған. Жол саласына қатысты мәселелер мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының отырысында кеңінен талқыланды.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың айтуынша, 2021 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 688 нысан немесе 2 100 шақырымға жуық жол мен көше қамтылған. Оның 1 200 шақырымға жуығы пайдалануға берілген.
«Облыстық маңызы бар жолдар бойынша 4 көпір және 1 100 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр. Оның ішінде 3 көпір мен 351,3 шақырым жол ел игілігіне тапсырылған. Аудандық маңызы бар жолдарға келсек, 4 көпір мен 87 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынып, 3 көпір мен 33,8 шақырым жолдың құрылысы аяқталған»,– деді Р.Ибрагимов.
Өңірдегі елді мекеннің 922,2 шақырым көшесі мен жолына құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 804 шақырымы пайдалануға тапсырылған. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 254 нысан немесе 326,5 шақырым жол пайдалануға беріліп отыр. Қалған жолдардың құрылысы биыл жалғасын тауып, аяқталады деп күтілуде. 2022 жылы облыс аумағында автомобиль жолдары саласын дамыту арқылы 500 нысан немесе 1 400 шақырымға жуық жол мен көше жөнделеді деген жоспар бар. Сонымен бірге Түркістан қаласының ішкі жолдарының жағдайын жақсарту бағытындағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. 2022 жылы Түркістан қаласында 52,9 шақырым көшенің жолы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп жоспарланған. Осы арқылы облыс орталығындағы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі артады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі бірқатар маңызды жобалар бойынша жол құрылысын тездетуді, жолдың сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Елді мекен тұрғындары үшін жол мәселесі шешілуі керегін айтты. Аппарат отырысында құрылысы аяқталған газбен қамтамасыз ету нысандарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы да сөз болды.
Түркістан облысында 841 елді мекеннің 457-сі (54,3 пайыз) немесе 1 млн 374 мың (67,2 пайыз) тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілген. Биыл жыл соңына дейін 472 елді мекен (56,1 пайыз) немесе 1 млн 407 мың (68,8 пайыз) тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. 2025 жылы 722 елді мекен (85,8 пайыз) немесе 1 млн 791 мың тұрғын (87,6 пайыз) табиғи газбен қамтамасыз етіледі деген жоспар бар.