Бейжің Олимпиадасы: жүлденің ауылы алыс секілді
Бейжің Олимпиадасы: жүлденің ауылы алыс секілді
Әлем назары Қытайдағы қысқы Олимпиада ойындарына ауды. Бейжің қаласында өтіп жатқан дү­бірлі додада спортшыларымыз әзір­ге жүлдеге іліге алған жоқ.

Могулшылар медальсіз қалды

Олимпиаданың алғашқы жарыс күнінде алдымен могулшыларымыз бақ сынады. Іріктеу кезеңінде Олеся Граур 57.18 ұпаймен 23-орынға, Аяулым Әміренова 66.82 ұпаймен 16-орынға тұрақтады. Ал Анастасия Городко жарысты аяқтай алмады. Екінші кезеңде де Аяулым Әміренова мен Олеся Граур бірінші іріктеудегі нәтижесін жақсарта алмай, жарысты аяқтады. 16 жастағы Анастасия Горо­дконың финалға өтуіне аз ғана ұпай жетпей қалды. Екінші іріктеуде ол 11-орынмен шектелді. Бірінші іріктеуге қатыса алмаған Юлия Галышева финалдық кезеңде бақ сынады. Бірақ суперфиналға берілер жолдама сарапқа салынған кезде Галышева сәтсіз өнер көрсетті. Фристайл-могулдан ерлер арасындағы бірінші іріктеу сайысында қазақстандық спортшылар алғашқы ондыққа ене алмады. Дмитрий Рейхерд 75.43 ұпаймен 12-орын алды. Павел Колмаков 74.09 ұпаймен 17-орынды қанағат тұтты. Екінші іріктеу сайысында осы спорт түрінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд 76,77 ұпаймен сегізінші орынға табан тіреп, финалға бір қадам жетпей қалды. Ең өкініштісі, 17 жасынан бастап 5 рет қысқы Олимпиадада бақ сынаған Рейхерд бұл жолы да сенім үдесінен шыға алмады. Отандық мамандар медаль алады деп топшылаған еліміздегі үздік спортшы­лардың бірі, әлем кубогының күміс жүлде­гері Павел Колмаков та жүлдеден тыс қал­ды. Ол екінші іріктеу сайысында 11-орын (69,54) алды. Осылайша қазақстан­дық могулшыларға Бейжіңде медаль алу бақыты бұйырмады.

Шаңғышылардың да нәтижесі төмен

Шаңғымен трамплиннен секіру спорты бойынша Қазақстан құрамасынан екі спортшы жарыс жолына шықты. Ерлер арасында орташа трамплинде өткен додаға Сергей Ткаченко мен Данил Васильев қа­тысты. Бірінші айналымда қос қазақстан­дық атлет те келесі айналымға жолдама алды. Сергей Ткаченконың алғашқы жат­тығуы 43.1 ұпаймен бағаланса, Данил Васильев 46.2 ұпайына ие болды. Алайда қос спортшымыз финалдық кезеңге жолдама берер сайыста 30 спортшының тізімінен тыс қалды. Данил Васильев 46-шы, Сергей Ткаченко 41-ші нәтиже көрсетті. Бейжің Олимпиадасында шаңғымен жарысудан ерлер арасындағы скиатлон (15 шақырым классикалық әдіс + 15 шақырым еркін әдіс) бәсекесі аяқталды. 30 шақырым­ға созылған жарысқа Қазақстан атынан екі шаңғышы қатысқан болатын. Қазақстан­дық Виталий Пухкало төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 32-орынға тұрақтады. Ол жеңімпаздан 7 минут 35 секундқа қалып қойды. Тағы бір спортшымыз Евгений Величко жарысты аяқтай алмады. Әйелдер арасында скиатлоннан қазақ­стан­дық­тардан (классикалық стильде 7,5 шақырым + еркін стильде 7,5 шақырым) төрт шаңғышы өнер көрсетті. Ксения Шалыгина 48-ші (50:37,7), Ангелина Шурыга – 49-шы (50:55,3), Валерия Тюленева – 51-ші (51:30,8), Надежда Степашкина – 58-ші (53:35,3) болып мәреге келді. Айта кетерлігі, аталған санат бойынша жарыс жолына барлығы 65 спортшы шықты.

Із кесу жарысына жолдама алды

Қазақстандық биатлоншы Галина Ви­шнев­ская-Шепоренко Бейжің Олимпиада­сындағы жекелей сында өнер көрсетті. Ол ату кезінде бір рет қателесіп, қорытынды есепте 44-орын алды. Осы нәтижесінің арқасында із кесу жарысына жолдама алған 60 спортшының қатарына енді. Жарысқа жалпы есебі 86 спортшы қатысқанын айта кеткен жөн. Бұл жарыс Қазақстанға бұрын медаль сыйлаған. 2010 жылы Ванкувердегі Олимпиадада Елена Хрусталева жекелей жарыста күміс медаль алған еді.

10 мың АҚШ долларына ие болды

Олимпиада ойындарында шорт-тректен 1 000 м қашықтық бойынша жарыс мәресіне жетті. Аталған санат бойынша Қазақстан құрамасынан Әділ Ғалиахметов қатысты. Бұл кезеңде спортшымыз Ли Чун Су (Оңтүстік Корея), Паскалем Дион (Канада) және Владислав Быкановпен (Израиль) сынға түсті. Топтық кезең нәтижесінде Әділ тиісті қашықтықты 1:24:855 уақытта бағындырып, өз тобында үшінші болды. Отандасымыздың бұл көрсеткіші келесі кезеңге өтуге жарамады. Бейжіңдегі бесінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының сапындағы алғашқы ақшалай жүлдегерлер анықталды. Шорт-тректен жұбаныш финалында қазақстандықтар бесінші-алтыншы орындар үшін болған сайыста Нидерланд өкілдеріне есе жіберді. Алайда негізгі финалда Канада құрамасының шеттетілуіне байланысты Нидерланд төртінші, Қазақ­стан бесінші орынға көтерілді. Осылайша, шорт-тректен аралас эстафетада Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова және Яна Хан бесінші нәтиже көрсетті. Олардың әрқайсысы 10 мың АҚШ доллардан сыйақы алады.

Қос қашықтықта жүлде ала алмады

Әйелдер арасында конькимен жүгіруде Екатерина Айдова мен Надежда Морозова жарыс жолына шықты. Морозова 3 000 метр қашықтықты 4:04.97 уақытта жүгіріп өтіп, 30 спортшының арасында 13-орын алды. Ал 1 500 метрге жүгіруде әйелдер арасында Надежда Морозова 14-ші, Екатерина Айдова 18-ші болып, мәре сызығын кесті. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш отандастарымыздың жүлдегерлер қатары­нан көрінуіне жеткілікті болмады.

Үш спорт түрінен жарыс жолына шығады

Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының сегізінші жарыс күнінде қазақстандықтар үш спорт түрінен жарыс жолына шығады. Шаңғышылар еркін стильдегі жекелей спринтке қатысады. Евгений Величко мен Виталий Пухкало өнер көрсетеді. Ал әйелдер арасында Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Ирина Быкова сынға түседі. Одан бөлек, екі биатлоншымыз Александр Мухин мен Владислав Киреев жекелей жарысқа қатысады. Конькимен жүгіруде Дмитрий Морозов 1 500 метр қашықтықта ел намысын қорғайды. Сонымен қатар шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы турнир жалғасады. Мұнымен қоса керлингтегі аралас жұп жарысында жүлделер сарапқа салынады, әйелдер арасындағы шана жарысы, ерлер арасында мәнерлеп сырғанау, сноуборд жарыстары өтеді.