Экономикалық қауіпсіздікті нығайту мәселесі көкейкесті болып тұр. Қазақстанның сыртқы қарызы артуда. Бюджеттің бүйірі ортайды. Ел болашақ ұрпақ үшін сақталуға тиіс Ұлттық қорды қарқынды шығындап жатыр. Парадокс жағдай қалыптасты: әлемде соңғы жылдары шикізат бағасы күрт өскен, ал одан ел қазынасына түсетін салық өспеген. Себебі экономиканың әр саласын астына басқан олигополия аз салық төлейді. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларын талдаған шетелдік сарапшылар қойнауы аста-төк қазынаға толы Ұлы даланы жайлаған жұрттың осынша кедей күйге түскені – наразылыққа түрткі дейді. Тығырықтан Үкімет қалай шықпақ?
Жетпейтін көрпеге қалай көсіледі?
Мына бір дерекке назар аударсақ: республикалық бюджеттің кірісі 2020 жылы – 11,9 трлн, 2021 жылы 12,4 трлн теңгені құрады, 2022 жылы 12,8 трлн болады деп бекітілді. Жалпы сомасы – 37,1 трлн теңге. Республикалық бюджеттің шығысы 2020 жылы – 13,9 трлн, 2021 жылы – 14,9 трлн, ал 2022 жылы 15,6 триллион теңгеге жетті. Жалпы сомасы – 44,4 трлн теңге. Демек, осы үш жыл ішінде бюджеттің тапшылығы 7,3 триллион (!) теңгеге жеткен. Басқаша айтқанда, әрбір 6 жыл сайын ел тұтас бір бюджетін жоғалтады, яғни табысы соншаға аз түседі. Төбе шашыңызды тік тұрғызады. Бірақ одан да үрейлі жайт бар: республикалық бюджеттің кірісі салықтық емес түсiмдерден, негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдерден және Ұлттық қордан алынатын трансферттен құралады. Егер бұларды есепке қоспай, тек бюджетке құйылатын салықтарды ғана есептесек, көңілге кірбің салатын көрсеткіш көлбеңдейді: бюджетке құйылған салықтар көлемі 2020 жылы – 5,5 трлн, 2021 жылы – 6,9 трлн, ал 2022 жылы 8,9 трлн теңге болды. 3 жылда – 21,3 трлн теңге. Қарапайым арифметикаға салып, республикалық бюджеттің шығысынан бюджетке түскен салықты (44,4 трлн – 21,3 трлн) алып тастасақ, 23,1 трлн теңге шығады. Яғни, мемлекет жер және басқа да активтерін сатпаса, шетелден қарыз алмаса, Ұлттық қор деген атымен жоқ деп көзге елестетсек, онда Үкіметтің жинайтын салығы елдің шығынының тіпті жартысын да өтемейтінін байқауға болады. Мұндай жағдайда үш жылғы бюджет тапшылығы 23,1 триллионға жетер еді. Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген даналық бар, бұл сөзді бұрынғы үкіметтегілер де жиі қайталайтын. Әйткенмен, ол көрпе жарым-жартылай жамылуға да жетпейтін болып шыққаны ма? Ылан-ойран шикізат – қара алтын, көгілдір отын, түрлі-түсті металл, алтын-күміс, уран және басқасын өндіріп, әлемдік базарды қарқ қылып отырған, жаһан жұртшылығын астық, ұн, ет және басқа да азық-түлік өнімдерімен молынан асырайтын республика неге салыққа жарымады? Бұл сұраққа Үкіметтің және одан тәуелсіз экономистер мен қаржыгерлер жауап іздеуде. Қазған сайын былығы көп шығуда. «Жаңа Қазақстан» одан арылады деген үміт бар.Жеңілдік беру – салықтан жеңілу
2018 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ескі Салық кодексінің қалың томға, былайғы жұрт түгіл, маманның өзі бойлап, байыбына бара алмас ну орманға айналып кеткенін, онда өзге нормаларға қаптаған сілтеме берілгенін сол кезде Елбасы да сынаған еді. Бірақ сол тұстағы Үкімет салық заңнамасын қарапайым әрі түсінікті ету тапсырмасын орындай алмады. Құжатты қолға алған депутаттар шошыды: 2017 жылы Парламентте талқылау барысында қалаулылар жаңа Салық кодексінің жобасында бір емес, бірден 774 бап бойынша басқа заңдарға, өзге кодекстердің баптарына, заңдық актілерге 2,5 мыңнан астам сілтеме барын санап шықты! Салдарынан Салық кодексін түсіну үшін өзге заңдар мен кодекстерді, нормативтік-құқықтық актілерді, Үкімет пен әкімдердің қаулы-шешімдерін ақтаруға тура келмек. Үкіметтің басты дәйектемесі – сілтеме жасамау мүмкін емес, әйтпесе сол құжаттардың бәрін Салық кодексіне көшіруге тура келеді. Нәтижесінде, бәрібір 780 баптан тұратын қалың том өмірге жолдама алды. Бірақ қызығы бұл емес. Құжаттағы өзгерістердің ең үлкен топтамасы – жер қойнауын пайдаланушыларға арналды. Осыдан-ақ индустрияландыру бесжылдықтарына қарамастан, Қазақстанның ары қарай негізінен шикізат секторына иек артатыны аңғарылды. Атап айтқанда, жаңа Салық кодексінде тау-кен өндірісі саласының шектен тыс табысына салынып келген салық жойылды. Бұл ретте, жүктеме көмір экспортына рента салығына ауыстырылды. Сондай-ақ коммерциялық тиімді кен орнын тапқанда мемлекетке төленетін алым (коммерциялық табу бонусы) да жойылды. Бұл жаңа кен орындарын барлап, игеруді ынталандыру үшін қажет көрінеді. Өйткені Кеңес кезінде толыққанды барланған және қазір қазынасы қарқынды қазып-көсіп алынып жатқан кен орындарында шикізат таусылуға таяғаны жасырын емес. Табыс-рентабельділігі төмен кен орындар үшін «пайдалы қазбаларды өндіру салығының» (ПҚӨС, орысша – НДПИ) төмендетілген ставкалары белгіленді: сөйтіп, тиісті критерийлерге сәйкес келген жағдайда жер қойнауын өндірушілерге хабарлама тәртібімен-ақ ПҚӨС ставкаларын өз бетінше төмендете салуына рұқсат етілді. Әрине, рентабельділігі төмен, геологиялық күрделі, яғни тұтқырлығы жоғары, суландырылған, шағын дебитті және игерілген санаттарға жатқызылған кен орындары бойынша ПҚӨС ставкаларын төмендету құқығы бұрындары да берілетін. Алайда оны келісімнен өткізу және шешім қабылдау тетігі тым күрделі еді және жер қойнауын пайдаланушылар оған қол жеткізуден қиналатын. Аукциондардан жиналатын алым да жойылды. Су жолдарын пайдаланғаны үшін кемелерден төлем алынбайтын болды. Қатты пайдалы қазбалар бойынша жаңа лицензиялар алу кезінде «тарихи шығындарды өтеу жөніндегі төлем» де алып тасталды. Қалайы бойынша ПҚӨС ставкасы 6 пайыздан 3 пайызға құлдыратылды. Үкімет айтқандай, бұл елде металлургияның жаңа саласын – қалайы өнеркәсібін қолдау үшін қажет көрінеді.1,5 трлн табуға мүмкіндік бар
Биылғы 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерімен кездескен Қ.Тоқаев Жаңа Қазақстандағы жаңа экономикалық саясаттың негізгі ұстыны – «бизнестің салықтық тазалығы» болатынын мәлімдеді. Президент Үкіметке ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіруді жүктеді. Өйткені Мемлекет басшысы «түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер барын» ескертті. Осыдан кейін олигархтар «Қазақстан халқына» қорына миллиардтар аударуда. Қор басшысы Болат Жәмішев бұл сома 150 млрд теңгеге жетеді деп болжады. Олигополия жыл сайын қорға қыруар ақша-алым енгізіп тұруға міндеттелмек. Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі ірі кәсіпорындардан көбірек салық «сауып», бюджетті толтыру жолдарын қарастыруда. Президент тапсырмасына орай ведомство Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровтың ұжымы бүгінде аталған құжатты ары қарай пысықтауда. Дегенмен министрліктің алдын ала жариялаған талдауына жүгінсек, Қ.Тоқаевтың сынынан кейін салық ауқымы жүздеген миллиард теңгеге артатыны белгілі болды. Экономика министрлігінің дерегінше, 2020 жылдың соңынан бері және 2021 жыл бойы мыс, алюминий және басқа да негізгі металдар бағасы күрт қымбаттапты. Жалпы, соңғы 5-6 жылда бағаның серпінді өсу үрдісі сақталуда. Нәтижесінде, шикізат өндірушілердің кірісі еселеп артты. Алайда бұдан бюджетке қайтарым шамалы. Неге? «Себебі пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі өзгерген жоқ. Осыған байланысты тау-кен секторына салынатын салық жүктемесі қайта қарауды талап етеді. Шикізат бағасы жоғарылағанымен, оның бюджетке қаржылық қайтарымы өспеді. Президент Мәжілістің 11 қаңтардағы отырысында шикізат бағасының көтерілуі аясында тау-кен секторы кәсіпорындарының кірістері өскенін атап өтіп, бюджетке қосымша түсімдер мәселесін пысықтауды тапсырды. Бюджетке түсімдердің қосымша көздері ретінде барлық қатты пайдалы қазбалар бойынша ПҚӨС ставкасын ұлғайту ұсынылады», – делінген талдауда. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2021 жылы республикалық бюджетке ПҚӨС-тен 450 миллиард теңге түсім түсіпті. Бұл салық өссе, осы сома 300 миллиард теңгеге қосымша артады. Яғни, ПҚӨС жалпы сомасы 750 миллиардқа жетпек. Тиісінше, мұндай норма күшіне енген соң, 5 жыл ішінде бюджетке қосымша 1,5 триллион теңге құйылуға тиіс. Тіпті, Ресейдің өзінде қатты қазба байлықтарын өндіретін олигархтар бюджетке көбірек, біздегіден екі еседей артық салық төлейді. Мысалы, Қазақстан марганец бойынша – 2,5 пайыз ғана ПҚӨС салығын алады, Ресейде – 4,8 пайыз; темір кенi (концентрат) бойынша Қазақстанда – 2,8 пайыз, РФ-да – 4,8 пайыз, мыс бойынша тиісінше 5,7 пайыз және 8 пайыз; алтын, күміс, платина, палладий бойынша бізде – 5 пайыз, көршіде – 6-6,5 пайыз. Дегенмен кейбір металл түріне ең аз салық алу жөнінен Қазақстан әлемдік рекорд орнатқанға ұқсайды. Мысалы, алюминий бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы бар-жоғы 0,25 пайыз (Ресейде 8 пайыз), қалайы 3 пайыз (РФ-да 8 пайыз). Оның үстіне, бүгінде Ресей пайдалы қазбаларды өндірушілерден жиналатын салық жүктемесін арттыруды қарастыруда.Жалған мәміле салықтан жалтаруға жақсы
Салық кодексін өзгертетін заң жобасын пысықтау барысында Экономика министрлігінің өзге де қайнар-көздерді табуына мүмкіндігі мол. Президент Мәжілістегі сөзінде бюджетті толтырудың тағы бір тәсілін көрсетті: оның айтуынша, жекелеген қаржы-өнеркәсіптік топтардың жалған мәмілелер жасасу арқылы капиталын шетелге шығару қаупі бар. «Салдарынан Қазақстанда тапқан ақшасын олар ел экономикасына қайта инвестицияламайды. Осыған байланысты аталған тәуекелді азайту мақсатында бірыңғай ставкасын бекіте отырып, дивидендтерді салық салудан босату бойынша жеңілдіктерді алып тастау ұсынылады», – делінген министрліктің талдауында. Алпауыттар салықтан жалтарудың келесі бір схемасын пайдаланады: заңнамада үлестес-аффилирленген кәсіпорынның материалдық емес қызметтері бойынша салықтан шегерімдер жасауға рұқсат етілген және оның көлеміне шектеу қойылмаған. Салдарынан олигополия өздеріне бағынышты фирмалар құрады да, мысалы олардан қағаз жүзінде өте қымбат заңгерлік кеңес-консультациялар, экономикалық болжам және басқасын «сатып алады», ал шынында ол қаражат шетелге әкетіледі. «Салықтық бақылау барысында анықталғандай, ірі салық төлеушілер салықтық жүктемені төмендету мақсатында өздерінің үлестес компанияларынан қызметтерді белсенді түрде сатып алады. Ондай қызметтер компанияға іс жүзінде құрылымдық тұрғыдан қажет болмағандықтан, мұндай мәмілелерде салықтан жалтару белгілері байқалады. Капиталдың осы қызметтерді сатып алу арқылы ағып кетуін болдырмау үшін материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеу қажет», – деген пікірде Экономика министрлігі. Осылайша, дивидендтер бойынша жеңілдіктерді, сондай-ақ сыбайлас фирмалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шығыстар шегерімін шектесе, осының өзі бір жыл ішінде бюджетке шамамен 150 млрд теңге қосымша түсім түсірмек. Одан кейінгі жылдары түсім 300 миллиардқа дейін артпақ. Бұл тетік іске қосылса, одан 5 жыл ішінде бюджетке 1 трлн 350 млн теңге салық құйылуы мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, 90-жылдардан бері алпауыттар Қазақстаннан оффшорларға 140 миллиард доллар капиталды шығарып әкеткен. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында елге 370 млрд доллар инвестиция құйылған. Оның жартысы шетелге кері әкетілуі ғажап емес. Егер Үкімет батылдық танытса, салық саласын ретке келтірсе, алпауыттарды негізсіз берілген артықшылық-преференциялардан, жеңілдіктерден айырса, тым төмен салық ставкаларын екі есе арттырса, онда бюджетті қосымша триллиондар тасқынына кенелтері сөзсіз.