Қазақстанда жүргізуші куәлігін сатып алу тоқтауы керек. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов былтыр осылай уәде еткен. Жауаптылар жыл сайын курсанттарға қойылатын талапты күшейтіп, емтихан тапсыруды қиындата түсті. Бірақ бұл жүргізуші куәлігінің сатылуына тоқтам болудың орнына, сол «бармақ басты, көз қысты» «қызметтің» қымбаттауына себеп болып отыр. Ал егер емтиханды жеңілдетсек ше? Онда жүргізуші куәлігі көрінгеннің қолында кетуі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдай одан да қауіпті. Автомектепке бармаған, қарапайым ережелерден бейхабар жандар да ақшасын беріп, куәлікке әп-сәтте қол жеткізіп жатқан жоқ па?
1 САҒАТТА ЖАСАП БЕРЕДІ
Жүргізуші куәлігінің бағасы әр қалада әртүрлі. 2 Гис қосымшасында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы жайлы деректерді іздеп отырып, орталыққа жазылған пікірлерді көзіміз шалды. Емтихан тапсыра алмағандар мен сәтті тапсырып шыққандар ой-пікірлерін бөлісіпті. Арасында «көмек керек болса, жазыңыз» деп әлеуметтік желідегі парақшаларын жазып қалдырғандар да табылды. Бір-екеуіне қоңырау шалып, «көлік жүргізуші куәлігін қалай алсам болады?» деген сұраққа төмендегідей жауап алдық.
«Астанада 200-250 мың теңгенің шамасында. Қазір қымбаттаған. 2019 жылы әкеме 80 мың теңгеге жасап берген. Астанада алу қиын, Алматыда 150 мың теңгеге жасатуға болады. Бірақ басқа қалада тұрсаң, Алматыға 1 аптаға келу керек. Тестке кіресің, өздері өткізіп жібереді. Тест тапсырғаныңды растау үшін камераға түссең болды» деген елордалық Жазира өзінің сенімді танысы барын айтып сендірді.
Бас қаладағы баға басқаларына қарағанда қымбат. Ал Шымкентте – 130-150 мың теңге.
«Ешқайда барып жүрудің қажеті жоқ. Ақшасын бересің, 1-2 күнде дайын болады, аз уақытта керек десең, 1-2 сағатта қолыңа ұстатады. 2021 жылдың желтоқсанында бір досым солай жасатып алды. Сол кезде жаңа жылдан кейін бағасы көтеріледі деп еді», – дейді Арман.
Мұндай жоқтан бар қылатын таныстар аса сақ келеді. Тікелей өздерімен сөйлесу қиын. Араға қанша адам түсетіні, кімнің қанша алатыны белгісіз. Қолы ұзын көкелерді табудың тағы бір амалы – Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, торуылдау.
«Мұнда күн сайын жүздеген адам мемлекеттік нөмірін тіркейді, көлік жүргізу куәлігін алады. Өзіңіз тапсырсаңыз, өте алмайсыз. Сіз дайындалған сұрақтар келуі екіталай. Көлікті қанша жылдан бері айдап жүргендердің өзі сұрақтарға дұрыс жауап бере алмайды. Ақшаңызбен қосып ¾ суретіңізді, жеке куәлігіңізді бересіз. 220 мың теңге. 1 сағатта дайын болады», – дейді Халыққа қызмет көрсету орталығының маңайынан жолыққан Айбар есімді азамат.
Оның айтуынша, қыркүйекте Көкшетау мен Қарағандыда 180-200 мың теңгеге бағаланса, дәл қазір – 250 мың теңге.
Қостанай мен Ақмолада 1 000-нан аса жүргізуші куәлігі сатылған. Былтыр қызметін асыра пайдаланғандар қолға түсті. Қызметкерлер жол ережелерінің теориялық емтиханын тапсырмаған азаматтарға сынақтан сәтті өткені туралы анықтаманы ақшаға саудалаған. Ақмола облысында емтихан қашықтан ұйымдастырылса, Қостанай облысында бетперде мен кепка киген бөгде адамдар өзгелермен бірге отырып тапсырған. Салдары не болды?
Қостанайлық азамат жол ережесін өрескел бұзып, Toyota Сamry көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан автокөліктердің тас-талқаны шықты. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде оның теориялық және практикалық емтихандарды тапсырмай, жүргізуші куәлігін сатып алғаны белгілі болды.
Неге жұрт жол ережелерін жаттап, емтихандарды өз күшімен тапсырмайды? Себебі қиын. Елорданың мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында бір айда 1 989 адам жүргізуші куәлігін алуға өтініш беріп, небәрі 99-ы ғана көздегеніне қол жеткізіпті. 1 003-і «теорияны» тапсыра алмай, 887-сі практикалық емтиханнан сүрінген.
Бұрын «теорияны» тапсыру кезінде емтихан тапсырушы тек жеке куәлігін көрсетсе, өткен жылдың желтоқсанынан бастап арнайы биометриялық жүйе оның құжаттағы бейнесі мен бет-әлпетін сәйкестендіреді. Өзгеріс енгізілмей тұрғанда сынақ тапсыруға өтініш берген 32 мыңнан аса адамның 45 пайызы оң нәтиже көрсетсе, жаңа жүйе енгізгелі 540 адамның 22 пайызы ғана сынақтан өтіпті. Сондықтан көбі уақыт жоғалтқысы келмей, ақша беріп, аз уақытта көлік жүргізу куәлігін алуды таңдайды. «Рөлге отырсаң, үйреніп кетесің» деген сөзге сенеді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүремін» деп, алаяқтардың да арбауына түсіп қалып жатқандар бар.
Өткен айда ғана Алматыда жүргізуші куәлігін жасап беремін деп елді алдаған ер адам ұсталды. 25 жастағы азамат көлік жүргізу куәлігін жасай алатынына сендіре отырып, ақша алып, ізім-ғайым жоғалған. Наурызбай аудандық Полиция басқармасының хабарлауынша, бөлімшеге бірнеше адам хабарласып, күдіктінің «жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін» деп уәде еткенін айтыпты. Ол әрқайсысынан 150 мың теңге алып үлгеріпті.
Ал Таразда 26 жастағы азамат бір кісіге көлік жүргізу куәлігін жылдам жасап беремін деп, қонақүйлердің біріне ақшасын алуға шақырған. Кездесу барысында қалтасындағы 80 мың теңге мен ұялы телефонын қолды еткен. Қазір ол кінәсін толығымен мойындады. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1 және 2-бөлігімен (Ұрлық) және Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
АВТОМЕКТЕПТЕ ОҚУ МІНДЕТТЕЛМЕЙДІ
Ішкі істер министрлігінің 2.12.2014 жылғы №862 бұйрығы 3-қосымшадағы емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларында өз бетінше даярланған адамдар емтихан тапсыруға жіберіледі. Автомектепте оқымай-ақ емтихан тапсыруға болады. Бұрын арнайы сертификатсыз сынаққа кіргізілмейтін. Қазір автомектептерге бара қоймайды. Қазақстанда күніне 10 адам жол апатынан қайтыс болып жатыр. Көліктердің 80 пайызы – ескі. Жол сапасы белгілі. Мұндай ереже Жапония, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерде бар.
Екіншіден, барлық дамыған елдерде теориялық емтихан бойынша сұрақтар саны 20-25 сұрақтан аспайды, көршілес Өзбекстанда барлығы 10 сұрақ және заңды мәселелерге қатысты сұрақтар жоқ. (ЖҚЕ бұзылған кездегі айыппұлдар, жазалар). Ал бізде 40 сұрақ және оған 40 минут беріледі. 1 сұраққа 1 минуттан есептелінген. Ресейде 20 сұрақ, ол үшін 30 минут уақыт беріледі. Германия, АҚШ- та 20 сұрақтан. Бізде 40 сұрақтың бесеуі міндетті түрде айыппұлдар мөлшері мен жазаға қатысты келеді. Оған заңгер мамандығын оқып жүргендердің өздері жауап беруге қиналады.
Қазақстан Жүргізушілер одағы Жамбыл облыстық филиал төрағасы Амантай Досмаханбетұлы «емтихан сұрақтары қолжетімді болуға тиіс» деп, бұл саладағы тағы бір түйткілді атады.
«Қазір әр облыс орталығында бір мамандандырылған ХҚО бар. Әрқайсысында бір-бір автодром бар. Қарағандыда автодром болса, азаматтар Балқаштан, Жезқазғаннан сол жерге барады. 300-400 шақырым артқа тастап, Мерке, Қордайдан Тараздағы автодромға сабылуға мәжбүр. Теория бойынша емтиханды өз өңірінде тапсырса, практика бойынша облысқа барады. Халық ашынып отыр. Бір барғаннан тесті тапсыра алмайды. Бірнеше рет барып, шығынға батады. Тағы бір мәселе, 6 айдан бері теориялық емтиханды аудандардан алып тастады. Аймақтағылар екі емтиханды да тапсыру үшін облысқа барып жүр. Ел мұндайда не істейді? Әрі жүріп, ақша құртқанша, бір рет ақша беріп, ала салған жөн дейді», – деді ол.
Енді автодромға келейік. Бұл жерде 10 жыл көлік мініп жүрген адам басқаның көлігіне отырса, 1-2 шақырым жол жүргеннен кейін ғана сол көлікке бойы үйренеді. Өйткені өз көлігіне ұқсамайды. Үйренісу керек. Оқығаны болмаса, көлік жүргізіп көрмеген адамды автодромға жібереді, ол әрине қателеседі. Әлем елдерінде практика бойынша қандай автомобиль моделінде үйрендіңіз, сол көлікке отырып, емтихан тапсырады. Біздегідей автодром Ресейде болған. 2020 жылдан бастап оны алып тастады. Көрші елде практика бойынша емтиханды жол үстінде нұсқаушы мен жол полициясының бақылауымен тапсырады.
Жалпы, жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру тәртібі қандай?
– Автомектепте көлік жүргізуді үйрену, жол ережелерін жаттау.
– Қажетті құжаттар: жеке куәлік, 073 үлгісіндегі медициналық анықтама, автокурстан өткені туралы куәлік («B» санаты үшін міндетті емес), мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртек. Мемлекеттік баж мөлшері – 1,25 АЕК.
– Теориялық емтихан. 40 минут ішінде 40 сұраққа жауап беру керек. 32-сіне дұрыс жауап берілсе, емтиханнан өткен болып саналады.
– Көлік жүргізу бойынша практикалық емтихан. 20 минут ішінде автодромда 12 жаттығу маневр жасау керек.
– Екі емтиханды сәтті тапсырған жағдайда жүргізуші куәлігі мамандандырылған ХҚО-да екі сағат ішінде беріледі.
БҰДАН ӨТУ МҮМКІН БЕ?
Елордалық Нұртас Қиясов 14 қаңтарда емтиханды екінші рет тапсырып, жүргізуші куәлігіне қол жеткізіпті. Бірінші рет сүрінгенде ақшаға жасап беретін таныс іздеп кеткенін жасырмады. Алайда тапқан адамдары тексеріс жүріп жатқанын айтып, «күте тұр» депті. Кейін мамандардан сабақ алып, өз күшімен тапсырып шыққан.
«Автотұрақ жағынан қиын болды. Өйткені бос орын жоқ. Өте тар. Арнайы сызыққа өтіп кетпеу керек. Бірінші автотұрақта барынша мұқият болсам да, белгіленген сызықты басып кеттім. Сонымен қатар қар басып қалған, әлгі сызық тіпті көрінбейтінін айтқандар көп болды. Мен барғанда қар жоқ еді. 90 градусқа бұрылыс жасау да қиын. Сол тұста тағы бір ескерту алдым. 90 ұпай алдым, егер тағы 10 ұпай қосқанда, мен екінші рет сынақтан сүрінер едім. Таңғы 7-де баруым да пайдасын тигізген болар. 7-де кезекке тұрдым, 11-де тапсырдым», – дейді ол.
Елімізде әр үш сағат сайын жол-көлік апатынан 1 адам қайтыс болатынын ескерсек, бұл – бүгіннің өзекті мәселесі. Қоғамда жүргізуші куәлігінің сатылатынын бәрі мойындайды. Иә, ақша жүргізуші куәлігін сатып алған адам мен сатқан адамның мәселесін шешер. Бірақ оның арты қанша адамның өліміне ұласып, қанша отбасы қара жамылуы мүмкін. Дегенмен неге көпшілік жүргізуші куәлігін ақша беріп істеткісі келеді деген сұрақтың да астарына үңілу керек сияқты. Автомектепке білім алудың міндеттелмеуі, емтиханда кездесетін сұрақтардың қолжетімсіздігі, жалпы сұрақтардың көптігі мен оған берілетін уақыттың аздығы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа түрткі болып отыр.