Су тапшылығының қаупі зор
Су тапшылығының қаупі зор
© коллаж: Елдар Қаба
1,076
оқылды
Биыл су тапшылығы қатты сезілуі мүмкін. Өйткені салыстырмалы түрде қыс жылы болды, қар аз түсті, ал оңтүстік өңірлерде дұрыс жаумады. Сондықтан қалай болғанда да вегитациялық кезеңде шаруалардың тағы да қиналатыны анық. Қазір салалық ведомстволар 10 ақпанда шығатын Қазгидрометтің жауабын күтіп отыр. Онда биыл қыста жауын-шашын көлемі қанша түскені айтылмақ. Одан соң соған сүйеніп биылғы көктемгі су көлемі анықталады да, өңірлерге оны пайдаланудың лимиті беріледі. Көршілерімізден су сұраудың жыры басталады. Сондықтан да бұл мәселені осы бастан көтеріп, дабыл қағуымыз қажет.

Қазақстан – аридті мемлекет

Гидрологтардың соңғы жыл­дар­дағы есебі бойынша еліміздегі өзендер мен уақытша ағын сулар­дың көпжылдық орташа жиынтық көлемі 100,5 км3 жобасында екен. Оның 56 жарым км3 ғана рес­пуб­лика аумағында түзі­леді. Қалған 44 км3 көршілес мем­лекеттерден ке­леді: Қытайдан 18,9 км3, Өз­бекстаннан – 14,6 км3, Қырғыз Рес­публикасынан – 3,0 км3 және Ресейден 7,5 км3. Бұл көрсеткіш те жылдан-жылға азайып келе жат­қан динамиканың жалғасы. Мә­селен, осыдан отыз жыл бұрынғы Ресей гидрологиялық институ­ты­ның бағалауы бойынша еліміздегі су қоры 126 км3 болған, оның 66,8-і жергілікті, 59,8-і транс­ше­каралық су. Яғни, тәуел­сіз­дік жыл­дары су ресурстары 25 км3, жер­гілікті ағын 10,3 км3, трансше­ка­ралық ағын 15,2 км3 кеміген. Оның негізгі себептері – ғаламдық және аймақ­тық климат­тағы өзгерістер, елі­міздегі және көршілеріміздегі өзен алаптары мен аңғарларының ша­руашылық мақсатта бірнеше есе­леп игерілуі. Бұл мәліметтердің бар­лығын Халықаралық Тараз инновациялық институты Агро­био­логиялық ғылыми зерттеу ор­та­лығының директоры, г.ғ.к., до­цент Марат Молдахметов келтіріп отыр. Оның айтуынша, жазықта орналасқан өзендердің жылдық ағысының 90%-ы көктемде өтіп кететін болса, таулы өзендер ағындысының 70%-ы жазға тура келеді екен. «Қазақстан Еуразия континен­тінің аридті, яғни суы тапшы ауда­нына жатады. Қазақстанға ылғал Атлант мұхиты жағынан батыс және солтүстік батыс желдері ар­қы­лы келеді. Ал Тянь-Шань мен Алтайдың биік таулары Үнді және Тынық мұхитынан келетін ылғалға кедергі келтіреді, есесіне Қазақ­стан Солтүстік мұзды мұхитынан келетін солтүстік және солтүстік-шығыс суық желдерінің өтінде тұр. Осындай ерекшеліктерге сәйкес, еліміздің біраз бөлігін шөлейтті жерлер – Мойынқұм, Бетпақдала, Қызылқұм, Каспий маңы ойпаты, Үстірт, Сарыесік-Атырау аридті аудандары алып жатыр. Бұл жер­лерге түсетін жылдық жауын-ша­шын мөлшері – 100-150 мм, ал топырақтың буландыру мүмкіндігі жылына 1000-1500 мм-ге жетеді. Оның үстіне табиғатымыз күрт континенталды болғандықтан, су ресурстары біркелкі бөлінбеген, әрі өте шектеулі», – дейді Марат Молдабекұлы. Маманның айтуынша, сулы­лығы орташа жылдарда Қазақстан бойынша су тапшылығы 6,6 км3 екен. Ал қуаңшылық жылдары су­мен қамту 60%-ға дейін түсіп ке­теді. Жекелеген аймақтарда, мә­селен орталық Қазақстанда ол не­бәрі 5-10%. Су тапшылығы не­гі­зінен суармалы жерлерде қатты сезіледі. Оның үстіне, су сапа­сы­ның төмендігі де қолда бар судың өзінің тек бір бөлігін ғана пайда­лануға мүмкіндік береді. Бұл м­ә­селені судың ластануы проблемасы да одан сайын ушықтырып жіберіп отыр. Табиғи ортаның қалпына келу қабілеті мен антропогендік жүктеме арасындағы үйлесімнің болмауы еліміздің барлық өңірінде экологиялық қолайсыздықтың туындауына алып келді. Қазақ­станда экологиясы бұзылмаған өзен алабы қалған жоқ. «Ғалымдар су ресурсы тапшы­лығы ғаламдық жылынудың сал­дарынан бұдан әрі ушығады деп болжам жасап отыр. Климато­лог­тардың болжамы бойынша Қазақ­станның аридтік аумағы үшін қо­лайсыз гидрологиялық жағдай қа­лыптасады, ағындардың қалып­тасу жағдайы өзгереді, ағынды тө­мендейді және жыл ішіндегі ағын­ды үлестірімі өзгеріске ұшы­райды. Қатты су тасқыны кезеңі, су тапшылығы байқалатын ұзақ сабалық кезеңмен алмасады. Су басу және қуаңшылықтың қайта­лану жиілігі артады деген болжа­мдар жасап отыр. Бірақ бұл бар болғаны болжам ғана. Әрине, қалыптасып отырған қолайсыз гид­рологиялық жағдайды жоққа шығаруға болмайды, бірақ бола­шаққа да үмітпен қарауымыз керек», – дейді гидролог ғалым. Еліміздегі су ресурсының негізгі бөлігі, яғни 70-90% ауыл­шаруашылығында тұтынылады. Оның ішінде, ең көп су суармалы егіндікке жұмсалады. Одан кейінгі орында жем-шөп өндіру (көлта­бандап суару), жайылымды сулан­дыру және ауыл халқы мен малды сумен жабдықтау.

Мұраптың мұраты – үнем

Елімізде су тапшылығы қатты сезіліп, жиі шу болып жататын өңірлер әзірге Түркістан және Қызылорда облыстары болып тұр. Қалған жерлерде бұл проблема әлі өткір фазасына өте қойған жоқ. Биылғы болжам да оңтүстіктің ша­руаларын қуантқалы отырмағаны анық. Сырдария өзенінде су көлемі жыл сайын азайып бара жатқа­ны­ның зардабын жергілікті шаруалар тартып отыр. Олар елімізде тек қана сол жерде өндірілетін мақта мен күріш егіншілігінің көлемін қысқартуға мәжбүр. Мәселенің төркіні жыл сайынғы лимит мә­селесінде жатыр. «Мұнда барлығы айналып келгенде бізге Сырдария өзеніне жоғарыдан ағып келетін суға бай­ланысты. 5 мемлекеттің арасында Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясы деген бар. Сол ұйым Сырдария және Әмударияның суына байланысты жылына кем дегенде екі рет мәжіліс өткізіп тұ­рады. Сол жиында барлық мәсе­лелерді қарап, су көлемі бойынша ортақ келісімге келіп, хаттамалық шешіммен бекітеді. Мәселен, былтыр сәуір-қазан айларында Қазақстанға 4 млрд м3 су келеді делінген болса, соның тек қана 57%, яғни 2,3 млрд-ы келді. Ал ол кезде бізде жылдың басында жалпы қажеттіліктер үшін Шар­дарада 5,1 млрд, Көксарайда 2 млрд су жинақталған болатын. Солардың барлығын қосқанның өзінде де қос облыста судың тап­шылығы байқалды. Ұйымның ке­зекті отырысы желтоқсан айын­да өтті. Оның нақты хаттамасы мен нақты болжамы біздің қолымызда жоқ. Бірақ өзіміздің есебіміз бо­йынша, көп жылдардың орташа көрсеткішіне сүйенер болсақ, бізге жылына 11 млрд м3 су ке­луі керек деп алсақ, қазан айынан бері санағанда соның тек 50%-ы ғана келіп тұр. Ол суды Шардара мен Көксарайға жинап жатырмыз. Шардарада бүгінде 3,5 млрд су бар, былтыр осы кезде 3,9 болған, Көк­сарайда былтыр 700 млн-дай су жинағанбыз, қазір техникалық кө­лемнен басқа ешқандай су түс­кен жоқ. Бұл былтырдан бастап жи­нап жатқан суымыз. Тіпті, Шар­дараның өзін толтыра алмай жатырмыз. Сондықтан желтоқсан айының 20-сынан бастап төменге қарай жіберетін суды азайттық», – дейді «Арал-Сырдария» бассейіні инспекциясының басшысы Сейіл­бек Нұрымбетов. Сандар сөйлесе, шын ахуалдың көңіл көншітпейтінін көруге бо­лады. Ендеше, құр Қызылорда об­лысына жылдық орташа көрсет­кіш бойынша 4 млрд м3 су керек екен. Оның өзін де жинай алмай отырмыз. Түркістанға да осын­ша көлемде су керек. Оның жар­тысын ондағы шаруалар Арыс пен өзге де өзендерден алады. Ен­де­ше, егін салған диқандарға көк­темгі жа­уын-шашынына үміт арт­қаннан өзге шара жоқ. Был­тыр­ғы вегета­циялық кезеңде өңірде бірқатар қиындық туындағанымен, суару маусымы тыныш өткен бо­латын. Енді биыл үнемді күшейту­ден басқа жол жоқ сияқты. «Биылғы жағдай туралы бол­жам айтар болсам, былтырғыдан жақсы болмайды. Бірақ былтырғы қателіктер қайталанбауы керек. Мәселен, лимит деген бар. Қолда бар су әр аймаққа бөліп-бөліп бе­ріледі. Содан аспауы керек. Оны бөлу бассейн инспекциясына, алып үлестіру жергілікті атқарушы билікке берілген. Бірақ әкімдер шаруаларға түсіндіріп, жұмысты ұйымдастырып, суды үнемдеуге шақырудың орнына, шаруаларды шулатып айдап салып, ақпарат құралдарынан шағым айтқызып қояды. «Барымен базар» деген бар. Бұл жерде әкімдікке көп нәрсе бай­ланысты. Тағы бір мәселе қар­ды ұстауға қатысты. Біз осы уақыт­қа дейін осы жұмысты дұрыс ұйым­дастырмай келеміз. Егер осы бас­тан қар жатқан алқаптарды жыр­тып қояр болсақ, ол су ағып кетпей, сол жерде қалар еді. Кеңес кезінде бұл жұмыстарға өте үлкен көңіл бөлетін. Қазір жанармай үнем­дейміз, басқаны үнемдейміз деп, қолға алынбай жүр. Мәселен, солтүстікте 25 миллион гектар егіс­тік жеріміз бар. Осы практиканы жасар болсақ, егін бітік шығуына септік етіп, оған кететін шығынды ақтар еді. Бір жағы су тасқынының да алдын алуға сеп болады», – дейді Қазақстан Су шаруашылығы қауымдастығының жетекшісі Нұр­лан Атшабаров. Су тапшылығы мәселесінің ас­қы­нып кетуіндегі бір себеп, мем­ле­кеттік саясатта жатқаны рас. Өйт­кені елімізде су шаруашылығы өз алдына министрлік немесе агент­тік емес, тек комитет деңге­йінде қарастырылады. Ол аз деген­дей су мәселесіне әртүрлі ведом­ство жауап береді. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген осы. «Суармалы жерлерге қажетті су көлемін Экология министрлігі бө­леді. Көктемгі тасқын сумен Тө­тен­ше жағдайлар министрлігі кү­реседі. Ауызсу мәселесіне Иннова­ция министрлігі жауап береді. Ал судың 70-90%-ын тұтынатын Ауыл шаруашылығы министрлігінде дым жоқ. Осылардың барлығын біріктіріп, жоқ дегенде агенттік құру қажет. Сонда жерасты сулары бар, жауын-шашын суы бар бар­лығын үйлестіріп, су тапшылығын шешуге болады. Әйтпесе, Төтенше жағдайлар министрлігі үшін тас­қын судың ағып өтіп кеткені, еш­кімге залалын тигізбегені ма­ңыз­ды. Арна қазғанда да сондай есеп­пен қазады. Қар суын ұстап қалу деген қазір жоқ. Егер өз алдына ве­домство құрылар болса, су ша­руа­шылығына қатысты ұлттық сая­сат та қалыптасар еді. Бұрын Жам­был облысында су шару­а­шылығы мамандарын даярлай­тын үш оқу орны болатын. Зерт­теу инсти­туты бар-тұғын. Қаскелең­де, Шым­кентте мелорациялық кол­ледж­дер болды. Олар орта буын тех­никтерді оқытатын. Сон­дай ин­фрақұры­лым­ды қалпына кел­тіру қажет. Таш­кентте бұл үр­діс сақ­талып қалған. Біздің ма­мандар сол жаққа барып оқуға мәж­бүр», – дейді Қазақстан фер­мерлер одағының президенті Жи­гули Дайрабаев. Агроөндірістік кешеннің бұған дейін де проблемадан көзі ашыл­маған еді. Енді су тапшылығы оны одан сайын бітейтін сияқты. Тап­шылықтың соңы қуаңшылық, үнем­нің соңы қымбатшылыққа алып келер болса, оның арғы жа­ғында күні кеше Президентіміздің өзі айтқандай «азық-түлік қауіп­сіздігінің» де қатері қылтиятын сияқты. Сондықтан да лимитпен мәселе шешілмесі анық, билікке мемлекетаралық су квотасы мәсе­л­есін қолға алатын уақыт жетті. Ал оны дипломатиялық икемі басым бүгінгі биліктің қолынан келеті­ніне үміт бар.