Мемлекет басшысы жергілікті әкімдердің халық ортасына жиі шығып, нақты жағдайды көзбен көруі керек екенін айтты. Сондықтан шығар, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың шеткі аймақтарындағы елді мекендерге жиі шығып жүр. Алайда тұрғындар ауыл халқымен кездесу, олардың мұң-мұқтажын тыңдау сол баяғы «шешеміз», «қарастырып жатырмыз» деген үйреншікті біртектес сырғытпа жауаппен қалып кетпесе игі деп алаңдайды. Тіпті, әлі күнге дейін бірде-бір қала не болмаса аудан әкімі төбе көрсетпеген өңірлер де бар. Соның бірі – Сайрам тұрғын алабы.
Жол «сақалды», ал «сергек» одан жылдам
Сансыз баптардың мекені Сайрам осыдан 8 жыл бұрын Шымкент қаласына қосылған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты қала шетіндегі 40 шақты ауылдың бірі. Өкінішке қарай, сонша жылдан бері осынау қала тұрғындары әлі күнге дейін қалалық бола алмай кейбір ауылдардың да жағдайынан төмен күй кешіп отыр. Баршаға белгілі Сайрам – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда, қолөнер және діни орталық. Мұнда 100-ге жуық әулиелі жерлер, сәулет ескерткіштері бар. Солардың бірі және бірегейі Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим ата мен оның жары Қарашаш ананың кесенелері неге тұрады?! Түркістан өңіріне саяхат жасайтындар міндетті түрде әсіресе осы екі кесенеден айналып өтпейді. Бірақ дәл бүгін Сайрам туристер келетін аймаққа мүлдем ұқсамайды. Жолы шұрық-тесік, көшесі кептелістен көз ашпайды. Ал тұрғындарының мәселесі өз алдына бір төбе. Біз Сайрам тұрғын алабында болып, тұрғындардың мәселесін тыңдап қайтқан болатынбыз. Шаһардың халық санын 1 миллионға жеткізу үшін оны қалаға қосып құжатты өзгерту билікке оңай және тиімді болғанымен тұрғындарға жайсыз болатыны бесенеден белгілі. Айтса айтқандай, мұнда әлі күнге дейін тұрғын үйінің құжатын өзгерте алмай отырғандар да бар екен. Сайрам тұрғын алабының шеткі көшелері тұрмақ орталық көшелерімен жүру мүмкін емес. Орталық транзиттік саналатын Ю.Сарями көшесінен күн сайын көліктер бір сәтке де тоқтамай жүріп жатады. Ал жуырда ғана жөнделген жолдың ойдым-ойдымы шыққан. Тіпті, орталық көшесіне жолақ қойылмастан адым сайын «Сергек» бейнекамераларын орнатыпты. Сонда жол полицейлері алдымен жол белгілерін дұрыстамай жүргізушілерден алым алуды ғана біле ме? Бұл туралы «Жанубий Қозоғистон» газетінің редакторы, Сайрам тұрғыны Әлішер Сатыбалдиев ауданның күретамыры саналған әл-Фараби, Әмір Темір, Ибрагим ата, Ю.Сарями көшелерінің қайта құру, күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бері жыр болып, бүгінде «сақалды құрылысқа» айналғанын айтып өтті. «2019-2020 жылдарда пайдалануға тапсырылуы керек болған нысандар әлі бітпеген. Осы төрт нысанның барлығында тапсырыс беруші ретінде Түркістан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көрсетілген. Жеке басым түркістандық басқарма өкілдерінің Шымкентке келіп, жұмыс сапасына қызығатынына сенбеймін. Онсыз да облыстағы тірліктері жетерлік. Орта жолда нысандарды тапсыру уақыты үшінші жылға қарай кешігуде. Жолдар мемлекеттік қабылдауға алынбай жатып бүлініп, жамалды. Тіпті, жолаушыларға арналған жолақтың өзі шұрық-тесікке айналды. Жарық бағаналары орнатылғанымен жарық берілмейді. Ол бағаналар тұрып-тұрып, ақыры қирап жоқ болып жатыр. Ал бұл нысандарға бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Бір ғана Ибрагим ата және Ю.Сарями көшелерін күрделі жөндеу үшін «Алем Транс Жол» ЖШС-не 4,567 млрд теңге бөлінген. Халық осы қаржылардың игілігін көрмей отыр. Бала-шағамыз мектептен қара түнекте түртінектеп қайтады», – дейді ол.10 көшеге бір атау
Ал Сайрам тұрғын алабының Фурхад көшесі тұрғындарын мазалайтын мәселе өте көп. Фурхад көшесі дейміз-ау, негізінен ұзыннан-ұзақ созылып жатқан көшеден бөлініп тарам-тарам болып кеткен 10 көше бар. Әр көшеде 50 шақты отбасы тұрады. Оларға осы уақытқа дейін атау берілмей «проезд» деп аталып келеді. Яғни, Фурхад көшесінің 1-ші, 2-ші «проезді» болып кете береді. Көшенің атауы болмағандықтан сырттан келетін қонаққа да, жедел жәрдем көлігіне де түсіндіріп айту қиын. Қош, сонымен 10 «проезд» тұрғындарының мәселесі ортақ. Фурхад көшесінде жол салынғанымен жарты жолдан тоқтап қалған, «проездер» де мүлдем жоқ. Халық өз қалтасынан қаржы шығарып, тас төсеткеніне де біраз жыл болыпты. 1998 жылдардан бері жаңадан қоныстанып, бүгінде 10 көшеге толық үй орналасқан. Мұнда қоғамдық көлік келмейді. Осындағы 200-ге жуық отбасының балалары 4-5 шақырым шалғайдағы мектепке қатынайды. Тұрғындар «балаларын сабаққа апарып, алып қайтамыз» дейді. Бұл көшеде ғана емес, жалпы 50 мыңға жуық тұрғыны бар Сайрамда көшені жарықтандыру мәселесі күрделі күйінде тұр. Ал «жел үп етсе, жалп ете қалатын» жарық мәселесі де өзекті. Көше тұрғыны Бахадыр Исрайлов жарыққа жауапты мекемелердің байланыс нөмірлеріне хабарласып, мардымды жауап ала алмайтынын айтады. Кезінде тұрғындар өз есебінен электр энергиясын кіргізіп алған, бірақ кейін мемлекеттің балансына өтті деп естіпті тұрғындар. Бірақ жарық өшсе, жөндеушілер келмейді. Содан жиі өшетін жарық үшін тұрғындардан да жиі ақша жиналады. «Жарығымыздың сапасы өте төмен. Пілте шам құсап сығырайып тұрады. Талай тоңазытқыш пен шағын толқынды пешті, теледидарды күйдірдік», – дейді көше тұрғыны Шахло Рустамова. 1996 жылдары салынған трансформатордың да тозығы жеткен. Тұрғын алап тұрғындарын мазалайтын ең үлкен мәселе – ауызсу. «Егінге онсызда су жоқ, есіктің алды әлдеқашан қурап кеткен. Бізге ішетін суымызды реттеп берсінші. Ауруханаға барсақ, міндетті түрде «суды құдықтан ішесіздер ме?» деп сұрайды. Бұл сұрақ бәрімізге таңсық болмай қалған. Себебі бүйрегімізден тас шығып жатады», – дейді Умида Хаджиметова. Тұрғындар әр көшеге бір құдық қаздырып алыпты. Бір құдықтан 40 отбасы су ішеді. Жыл өткен сайын су да тартылып, әр жылы 2-3 метрге создырып қазып алады. Кейбіреулері суды орталықтан тасып ішеді. Бәрінен бұрын тұрғындардың ауызсу үшін жердің қазылып, құбырдың тартылып қойғаны және жылдар бойы оны пайдалана алмай отырғаны жандарына батады. Айтуларынша, ауызсу үшін жер екі рет қазылған. Бірі сонау 2007 жылдары қазып, құбыр тартылып, жұмыс жарты ортада қалып кеткен. Одан соң 2014 жылдары тағы су қазу жұмыстары жүрген. Осы аумақтың мәселесін билікке жеткізіп жүрген ауыл қариясы Давран Ирисбеков ауызсу үшін құбырдың толық тартылғанын, тіпті кейбіреулердің үйіне дейін кіріп тұрғанын айтады. Бірақ пайдалануға берілмеген. Көшенің әр жерінде қазылған ор бар. Тұрғындар ол жерді балалар түсіп кетпес үшін көлік дөңгелектерімен қалқалапты. Біз бұл туралы Қаратау ауданы әкімдігінің Сайрам тұрғын алабына жауапты маманынан сұраған болатынбыз. Шералы Нұралиев 2006 жылдары «Дина-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан құбыр жүргізілгенін, алайда ол кезде су берілмегенін айтады. Одан кейін 2014 жылдары «Евроремонтсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тағы да біріншісінің кемшіліктерін түзеп, жанына құбыр жүргізіп, су әкелмек болған. «Құбыр толық тартылып біткенімен ол жерде су көзі болмағандықтан сол күйі қалып кетті. Оның қабылданып алынған-алынбағаны белгісіз», – дейді ол. Жалпы, Сайрамда ауызсу берілмеген аймақ көп екен. Ал электр жүйелерінің 55 пайызы жекенің меншігінде. Сонда дейміз-ау, бір емес екі мәрте ауызсу әкелмек болып тендер ұтып алған мердігерлерге бөлінген мемлекеттің миллиондары желге ұшқаны ма? Оның сұрауы жоқ болып тұр ғой. Демек, бұл ауылдың тұрғындарына ауызсудың келуі әзірге екіталай сияқты. Өйткені бір емес, екі мәрте қаржы бөлінген.17 метр құдыққа құлап кетіп, мүгедек болған
«Құдықты жыл сайын тазартып отырамыз. Құдық қазып жүрген жігіттің жібі үзіліп кетіп 17 метр тереңдікке құлады. Қазір мүгедек болып қалды. Біздің бұл мұңымызды тыңдап жатқан адам жоқ. Әкімдікке жыл сайын 2-3 мәрте арыз жазамыз. Бірақ нәтиже болмай отыр», – деп күйінді ауыл қариясы Давран Ирисбеков. Ал Ақолат Мирхойдарова «көшіп келгенімізге 20 жылдан асты, барлығын өз қалтамыздан шығарып, қол жеткізіп жатырмыз», – деп ашынды. Туып-өскен жеріне жанашырлық танытып, үнемі әлеуметтік желіде ауылының мәселесін қозғап айтып жүретін Сабыр Низамиддинов ауылы 2014 жылы қалаға өтсе де, өзгеріс тек орталықта болғанын, шеткі аймаққа көңіл бөлінбейтініне өкініш білдіреді. Билік өкілдерінің мұнда аяқ баспайтынын, ішкі жарықтары мен ауызсудың, жолдың мәселесі жанына бататынын айтты. «Қаратау ауданы әкіміне халықтың көңілі толмайды. Депутаттарға да, әкімдікке де халықтың өтінішін жеткізіп жүрмін. Халық әлі де шыдап жүр. Бірақ дәл осылай жалғаса берсе, бір күні жарылады. Бұдан да қалаға кірмей-ақ облыстың қарамағында отыра бергеніміз дұрыс еді», – дейді көпшілік. Себебі облыста ауызсу, жарық, жол бойынша кезекте тұрған едік. Қалаға өтіп кезегіміз бұзылып кетті. Әкімдік үй құжаттарын реттеп беруге көмек берсе деген сұраныс бар» , – дейді ол. Сондай-ақ Сайрам тұрғын алабының Шымкент қаласына кіретін бөлігін пойыз жол бөліп тұр. Ал пойыз жолдан күн сайын Шымкентке кіріп-шығатын пойыздар үздіксіз жүйіткіп тұрады. 50 мыңға жуық тұрғыны бар Сайрам халқының басым бөлігі Шымкентке келіп жұмыс істейтінін ескерсек, ертелі-кеш осы жолдағы ұзын-сонар кептеліс халықтың жүйкесіне тиіп біткен. Қалай болғанда да, бұл аумаққа аспалы көпір салу кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық. Жалпы Сайрам тұрғын алабында айтар мәселе көп. Ең бастысы, ауыл-аймақты аралап жүрген қала басшысы әр жердің мәселесін тек түртіп алумен шектелмей, түйткіліне тереңірек үңілсе дейміз.Шымкент қаласы