Арада бір ай өтсе де, «Қаңтар оқиғасының» қасіреті алматылықтардың жадынан өшер емес. Ауыр күндерде алдыңғы шепте қызмет көрсеткен жандардың бірі – дәрігерлер. Ол күндері мегаполистегі барлық емдеу мекемелері күшейтілген режимде қызмет көрсетті. Солардың қатарында «Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы» да бар. Дүрбелең күндері жұмыс орнында болған аурухананың 200-ге жуық қызметкері өжеттік танытып, кәсіби борышын атқарды. Тіпті, қаладағы қауіпті жағдайға қарамастан, үйлерінен жұмысқа келіп жатқандар да болған. Олардың әрбірі қасіретті күндердің тікелей куәгері және қаһарманы деп айтуға лайық. Солардың бірі – аталған аурухананың қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер Бауыржан Омаров қиын сәттерде ауруханаға түскен әрбір адамға қызмет көрсеткендерін айтады. «Ауруханамыздың қабылдау бөлімшесіне қысқа мерзімде көптеген жарақат алған адамдар түсті. Түрлі жарақаттармен түскен науқастардың кім екеніне, қандай салада жұмыс істейтініне қарамай, пациент ретінде қабылдадық. Өйткені дәрігер қандай жағдай болмасын, кез келген сәтте науқас атаулыға кім екеніне қарамастан көмек көрсетуі керек. Аурухана басшылығы медициналық көмек бригадасын күшейту туралы алдын ала шешім қабылдаған, құрамында травматолог, хирург, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог және басқа да мамандар бар 5-6 бригада дайын болған. Осы жолы науқастар көбіне оқ жарақатымен түсті, одан басқа да түрлі жарақаттар болды, граната сынықтарынан жарақат алғандар, газбен уланған адамдар, кесілген немесе жарылған жарақатпен түскендер. Ауруханадағы 9 ота жасайтын бөлме үздіксіз жұмыс істеді», – дейді бөлім меңгерушісі.
«Үйде, тыныш жердемін» деп алдадым
Осы күндерде жұмыс орнында болған тағы бір дәрігер, хирург Мұрат Ахметов сол күндері қабылдау бөлімі бейне бір соғыс майданының жағалауына айналғандай болды деген ойын айтты. «2022 жылдың қаңтары ызғарлы болып қана қоймай, Алматының аспанына қара бұлт үйіргеніне куә болдық. Қаңтардың 4-інен 5-іне түн ауған шақта басшылық дәрігерлерді қабылдау бөліміне көмекші қол ретінде жібере бастады. Солардың ішінде мен де болдым. Сол уақыттан бастап ауруханамыздың қызметкерлері, дәрігерлер, медбикелер, тазалық, шаруа бөлімі дамыл таппады. Тіпті, оқтан, қауіптен тайсалмай, жұмысқа келіп жатқандар аз болмады. Дәрігерлердің қиындыққа қарамай, жұмысқа келулеріне тура келді. Алдымызға келген пациенттің әрбіріне, жоғары дәрежеде, жіті бақылауға алып, ота жасадық. Тіпті, анам қоңырау шалғанда, уайымдамасын деп, «үйде, тыныш жердемін» деп алдаған сәттерім де болды. Барлық қызметкер өз міндетін толық атқара білді. Негізгі лек оқ жарақатынан туындаған, бас ми, кеуде және іш, қол-аяқтың ауыр жарақаттары болды. Жансақтау ұжымы үшін де бұл аса қиын сәт болды. Әріптестерімді мақтан тұтамын», – дейді 1-санатты хирург М.Ахметов.Жекелеген жеңіл машиналармен де әкелді
Қырғын болған күндерде өз міндетіне адалдық танытып, келген науқастарға жанұшыра қызмет көрсеткен жандардың бірі – қабылдау бөлімшесінің аға медбикесі Гүлзира Мұхамеджанқызы. «5-і күні таңертең әдеттегідей жұмысқа келсем, әріптестерімнің түрі шаршаңқы көрінді, мән-жайды күнделікті өткізілетін 5 минуттық жиналыс барысында түсіндім. Түнгі 1-2-лерден бастап, ауруханаға оқ жарақаттарымен науқастар түскен екен. Артынша, сағат 9-10-дардан бастап, кезек-кезек, оқтан жарақат алған бір сәтте 5-10 науқасқа дейін түсе бастады. Олардың ішінде саны, кеуде жарақаттары, бас жарақаттарымен түскендер көп болды. Науқастарды жеңіл машиналармен де әкеліп жатты. Сол кезде қабылдау бөлімін көрсеңіз, қазір есімізге түсірсек, басымыздан өте бір қиын жағдай өткенін түсінеміз. Ол кезде ондай сезім болған жоқ, ең бастысы, өз міндетімізді атқару болды. Түскен науқасқа бірнеше адам көмектеспесе, қансырап жатты, киімдерін шешу, оны ота жасайтын бөлмеге тасымалдау, жансақтау бөліміне жеткізу кезінде қиналып қалғанымыз болмаса, бәріміз өз міндетімізді күнделікті жұмыс ретінде қабылдадық. Көмекке басқа бөлімшелердегі әріптестеріміз келе бастады. Қолымыз, киімдеріміздің бәрі қан. Қабылдау бөліміндегі қанды кіші мейірбикелер жуып үлгермей жатты. Осы жағдай қаңтардың 6-сына қараған түні сағат 3-терге дейін жалғасты. Содан кейін де түсіп жатты, бірақ біршама саябырсығандай болды. Осылайша, ұйқы түгіл, бір отырмай таңды атырдық. 6-сы күні де осындай жағдай қайталанды. Кейін бүлікшілер ауруханаға қарай келе жатыр деген хабар келгенде ғана, қорқыныш сезімі пайда болды. «Алла жар болсын», «Құдай сақтай гөр» деп білген сүрелерімізді айтып, жұмысымызды жалғастыра бердік. Кешке қарай эвакуация басталғанда, осында кіріп, бәрімізді қырып кете ме деп жүрегім қатты тарсылдап кетті. Қабылдау бөлімінің жарығын өшіріп, есігін жаптық. Түнгі 2-3-терде тыныштала бастады. Содан таңғы 4-тен бастап науқастарды қайта қабылдай бастадық. Әріптестерім батырлық танытты деп есептеймін. Қашан да алдыңғы қатарда қызмет етіп, бірінші соққыны алатын қабылдау бөлімі ғой. Дегенмен түсіп жатқан жас, әлі оң-солын танып үлгермеген жастарды көргенде, ауырмаған жүрек болмаған шығар. 4 күн ұйқысыз қызмет еттік, содан 9 қаңтардан бастап шаршағанымыз айқын сезіле бастады. Өз басым үйге 11-і күні ғана қайттым. Менімен бірге қалғандар да аз емес», – дейді аға медбике Г.Мұхамеджанқызы. Иә, тарихта «Қасіретті қаңтар» атауымен қалған оқиға қазақ халқына да өзгелерге де сабақ аларлық ой салғаны анық. Біз де мұндай сынақты күндердің қайталанбауын тілейміз. Бұл – баршаның көкейіндегі ортақ тілек.Алматы