Қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Әйткенмен, бұл бағытта қанша жерден жұмыс жүргізілгенімен, құқықтық саясаттың жоспарға сай жүзеге аспағанын соңғы оқиғалар көрсетіп берді. Әлеуметтік жағынан артықшылығы аз мамандыққа білікті кадрларды ұстап тұру мүмкін бе? Ал бұған дейін айтылып жүрген «құқықтық мәдениет» пен «халыққа жақын полиция» қағидатының іске аспауына не кедергі? Бүлік кезінде біліктілігін көрсете алмаған күштік құрылымға қандай реформа керек?
Жақында Мемлекет басшысы күштік құрылымдардың санын арттырып қана қоймай, жауынгерлік дағдылары шыңдалған, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықталған қосымша жасақ құру керегін айтты. Сондай-ақ арнаулы бөлімше қызметкерлерінің жалақысын арттырып, полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру да кезек күттірмеу керегі тапсырылды. Саладағы қордаланып қалған мәселенің түйінін тарқату үшін бұдан бұрынғы қабылданып кеткен шикі жүйелерді қайта қарау керек пе? Өйткені осы жылдарға дейін қос палата мақұлдап жіберген кейбір реформалардан кейін құрылымдағы кадр жеткіліксіздігі 10 пайыз құрайды. Бұдан бөлек, өз еркімен ішкі істер сапынан басқа күш құрылымдарына немесе азаматтық ұйымдарға кету жағдайы жиілеген. Мәселен, былтырдың өзінде ғана құқық қорғау саласынан 2,5 мыңнан астам қызметкер өз еркімен кеткен.
Баспана жайы бас қайғы
Полиция қызметкерінің оң имиджін көтеріп, оларға деген азаматтардың құрметі мен сенімін арттыру – өзекті мәселе. Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров осылай дейді. «Қазір ішкі істер органдарының қатарында аттестациялаудан өткен 72 мыңға жуық қызметкер бар. Қаңтар оқиғасында 3 000-ға жуық полиция қызметкері зардап шекті, 6 полиция қызметкері қаза тапты, 100-ден астамы әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алды. Бұл полиция қызметкерлерінің жоғары кәсіби дайындығын қамтамасыз етумен қатар, бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті», – дейді депутат. Айтуынша, полицейлердің жалақылары да, әлеуметтік кепілдіктері де көңіл көншітпейді. Сол себептен құқық қорғау сапынан білікті кадрлар кетіп жатыр. Мәселен, бүгінде ішкі істер органдарындағы ең төменгі жалақы өзге құқық қорғау органдарына қарағанда 2 есе төмен. «Сондықтан ішкі істер органдары қызметкерлерін материалды ынталандыру мақсатында қызметкерлерді қаржылық және материалды қамтамасыз етуді теңестіру, бағаның және инфляцияның өсуін ескере отырып, жалақысын арттыру, сондай-ақ лауазымдық айлық ақыларының қажетті ең төменгі шегін нормативтік бекіту мәселесін қарау қажет», – дейді Нұрлан Бекназаров. Оның сөзінше, қызмет атқару кезеңінде мұқтаж қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету заңмен айқындалса да, ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. Сол үшін қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төленеді. Оның өзінде бұл төлемді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының тізбесін Үкімет айқындайды. Салдарынан саптағы сарбаздардың 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж. Ішкі істер органдарының барлық салалық бөлімдерінің қызметкерлері қоғамға қауіп-қатер төндіретін төтенше жағдайда тең қызмет атқаратынын ескерсек, олардың жекелеген санаттарын тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етудегі мұндай таңдау тәсілі кадрлардың тұрақтамауына, жауапкершілік пен ынтаның төмендеуіне және ұжымдағы ішкі ахуалға да әсер етеді. Депутат 2009 жылдан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 3 739 теңге көлемінде коммуналдық шығындарды өтеу қарастырылғанын айтады. Алайда қазіргі коммуналдық қызметтің құны орта есеппен 20 мың теңгені құрайды, ал өтемақы мөлшері жылдар бойы қайта қаралмаған. Сенатордың айтуынша, Үкімет ең алдымен ішкі істер органдарының барлық санаттағы қызметкерлеріне лауазымына қарамастан тұрғын үйді жалдағаны үшін өтемақы төлеуді қамтамасыз етіп, жылдар бойы өзгертілмеген коммуналдық шығындарды өтеуді қайта есептеу мәселесін қарау керек.
Кадрдан қадір кетті
Соңғы жылдары ішкі істер органдарын қайта жасақтау, штат санын қысқарту сәнге айналды. Құдды күштік құрылымға оңтайландыру мен жаңғырту енгізу еріккеннің ермегіне айналғандай. Бірақ өзіндік бағыты қалыптасқан жүйені өзгертуден өзгеріп, оңтайланып кеткен күштік құрылымды көрмедік. Керісінше, сыннан көз ашпайтын құқық қорғау қызметкерлерінің біліктілігі жиі айтылады. Бұған дейін реформаторлардың қысқарту туралы ойын құп алған депутаттар қазір күштік құрылымның сапындағы білікті кадрлардың жоқтығын өздері көтеріп жүр. Соның бірі – министрлікке тиесілі 12 оқу орнының 5-ке дейін қысқартылуы.
Отставкадағы полиция генерал-майоры, профессор Мирлан Қызылов қазақстандық полицияға жасалған қастандықтың басы күштік құрылымдарға тиесілі оқу орындарын қысқартудан басталғанын айтты. 30 жылын полиция офицерлерін даярлауға арнаған ол «Егер қысқарту болмағанда кешегі жаппай тәртіпсіздік кезінде ІІМ-нің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы – 1 000, М.Есболатов атындағы Алматы академиясы – 1 000 және Ақтөбе заң институты 1 000 кәсіби шыңдалған, төзімділікке үйретілген, батыл курсантын сапқа қоюға дайын болар еді», – дейді. Оның айтуынша, ведомстволық білімді оңтайландыру нәтижесі опық жегізген. Шикі жүйені дайындағандар мен қабылдап жібергендер күштік құрылымдағы кадр тапшылығының артуына себеп болды. «Қаулының 3-тарауы 17-тармақшасында «ІІМ оқу орындарын 5 заманауи полиция академиясы етіп қайта құру арқылы оңтайландыру» дей отырып, «Қаржыландыру көзі және болжанатын шығыстар» деген бөлігінде «қаражат талап етілмейді» деп бекіткен. Заманға сай жабдықталмаған құрал-жабдық болмаса, заманауи академияда білікті кадрларды дайындай алмаймыз. Қазір учаскелік полиция инспекторы мен жедел іздестіру уәкілдерін 3-6 айда дайындаймыз. Ресейде 5 жыл оқытады. Бізде ІІМ арнаулы оқу орнында 4 жыл оқитын курсанттың қызметтік қаруды атуға дағдылануына шамамен «Макаров» тапаншасымен – 513, ал «Калашников» автоматымен небәрі 243 оқ беріледі. Ал 3 айлық алғашқы кәсіби дайындығында қанша оқ-дәрі жұмсалады? Ол полиция қызметкері тиісті кәсіби біліктілік иеленбейді», – дейді Мирлан Қызылов.
Қызметкердің құны көк тиын
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтық кепілдіктері тіпті күлкілі. Қазір казармада тұратын ұлдар 1 курс – 9 472 теңге, 2 курс – 9 472, 3 курс – 16 436, 4 курс -16436 теңге стипендия алады. Курсанттар қызметтiк мiндетiн атқарып жүргенде қаза тапса немесе мертiксе асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi. Сонда 1-2-курсантының құны – 568 320 теңге. Ресейде 3 000 000 рубль, теңгеге шаққанда 17 040 000. Саптағы қызметкерлердің де өмірі айлық көрсеткішпен есептеледі. Ал өмір сүру деңгейі бойынша әлемнің 115 елінің тізімінде 110-шы болып тұрған Таиландтың өзінде жергілікті полиция қызметкеріне екі жыл қызмет еткен соң пәтер береді. Ерлігімен есте қалған Бақытжан Бәкіров өз өмірін қатерге тігіп, күдіктіні ұстау үшін 13 қабаттан секірді. Абырой болғанда аман қалды. Ал міндетіне мінсіз берілген сол қызметкер көпбалалы отбасы ретінде алған баспанасы болғаны үшін мемлекет ай сайынғы өтемақыдан қағады. Заң бойынша барлығы дұрыс. Бірақ қылмыскерді ұстау үшін көзсіз ерлікке барған қызметкерге өтемақы емес, бір баспана беруге Үкіметтің шамасы жетер еді. Өкінішке қарай, бізде қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктің өзі күлкілі. Жарақатына байланысты қызметін жалғастыра алмаса, біржолғы өтемақы беріледі. Бірінші топқа – 30 айлық, II топқа – 18 айлық, III топтағы мүгедекке 6 айлық ақшалай қаражат қарастырылған. Ал ерлікпен қайтыс болған қызметкерлердің балаларына грант бөлу туралы өзгерісті Білім және ғылым министрлігі әлі де пысықтап жатыр.
Құқық қорғаушылар неге өзін қорғай алмайды?
Осы жылдар ішінде қызмет бабында 905 полицей қаза тауып, 5 167-і жараланған. Бейбіт күнде осынша қызметкер қауіпті қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Себебі біздің елде полицейлердің құқықтық қорғалуы қамтамасыз етілмеген. Сол үшін билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Мәселен, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы құқық қорғау қызметкерлерінің құқығын шектейді. Ресейдің «Полиция туралы» заңы полиция қызметкерінің атыс қаруын қолдануға құқылы екенін заңмен белгілеп береді. Заңдық тұрғыдан да, құрылым тарапынан да қолдау болмаған соң полиция қызметкерлері өз бетінше шешім қабылдауға, батыл қадам жасауға дәрменсіз. Оның үстіне, қызмет барысында әрекеті сыналып, көпшілік талқысына түскен қызметкерлерін министрлік қорғамақ түгілі, «алдын ала» жұмыстан шығарып, «керексіз» адамнан бас тартатынын көріп жүрміз. Осыдан кейін полиция қызметкерлерінен үлкен ерлік күту, жоғары рух дәмету қисынсыз. «Заң атымен» деген сөздерді естіген азамат полицияға сөзсіз бағынуы керек. «Ал кешегі жаппай бұзақылық пен тәртіпсіздік кезінде «сөзсіз бағынудың» көрінісін көре алмадық. Өздерін ұрды, өлтірді. Қоғамнан да заң алдында адамдар теңдігін айшықтап айтатын уақыт жетті. Қоғамда жоқ нәрсені полициядан қалай талап етеміз? Бұл сөзге бағынбайтын болса, мемлекет атынан берілетін мәжбүрлеу шарасына дайын болу керегін түсіндіру керек», – дейді Мирлан Қызылов. Мәселен, Ресейде бүлікшілер полицейлерге 100, 10, 3 метр жақындаса қару қолданады. Ал АҚШ-та полиция көлікті тоқтатқанда қолын көлікке қойып тұрмаса, бірден атады. Өйткені оған қауіп төнуі мүмкін. Біздегі жағдайда полиция емес, қылмыскер бірінші шабуыл жасауға мүмкіндік береді.
Өкінішке қарай, дипломы ішкі істер саласының қызметіне бейімделмеген мамандарын таңдап, жыл сайын мамандандырылған оқу орындарын бітіретін білікті кадрлардан бас тарттық. Сол үшін қармақсыз балық аулауға бет бұрған солақай реформаторлардың кадр дайындауда кеткен қателігі сараланып, күштік құрылым қызметкерін құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету керек-ақ. Бұдан бөлек, жүрек қалауымен күштік құрылым сапына келгендерді АҚШ, Еуропа, Таиланд, Ресейдегідей мәртебесі мен материалдық қолдауын заңмен айқындап берсе, антына адал, міндетіне мінсіз қызметкерлер көбейер еді.