Инстаграмды ашып қалсаң, ақша табуды үйретіп жатқан жандар. Олардың ішінде жақсы ұстаз да, мықты аспаз да, жоғары санатты дәрігер мен шаштараз да бар. Олар өз білгендерін бөліседі. Бірақ тегін емес. Нарықта мұны «инфобизнес» деп атайды. Яғни, айтары барлар білгенін үйретуді кәдімгі кәсіп көзіне айналдырған. Ақпарат пен білім сатып, миллиондаған табыс тауып жатқан кәсіпкерлер қатары да күн санап көбеюде. Инфоөнімді кім сатып алады?
Инфобизнестің біздің елге келгеніне небәрі 3-4 жылдай болды. Бұл да онлайн, оффлайн деп бөлінеді. Соңғы уақыттары оның онлайн түрі тез дамып келеді. Мұндағы негізгі өнім – ақпарат, білім. Инфобизнес арқылы миллиондар табуға мүмкіндік бар. Ресейлік «Бизнес Молодость» курсының негізін қалаушылар Мария Солодар, қазақстандық Қуаныш Шонбай, Жұлдыз Ақболат соның дәлелі. Орта есеппен алар болсақ, Қазақстандағы инфобизнесмендер айына кемінде 10-15 миллион теңге табыс табады. Бірақ бұл кәсіпті де дұрыс жүргізе білу керек. Бұл жерде адамның білімі де, ынтасы да маңызды.
Инфобизнеспен айналысқысы келетін адам бір саланың маманы, сарапшысы болуы қажет. Мысалы, бір кісі жақсы жазушы, кітап жазады делік. Сол адамның тәжірибесін, білімін ақшаға айналдыру үшін бірінші инфопродюсер арқылы ақпаратты басқаларға жеткізу жолын ұйымдастыру керек. Әуелі үйрететін ілімді бәріне түсінікті етіп, жинақтау маңызды. Егер бір саланың сарапшысы болсаңыз және сол салада жетістігіңіз болса, көпшілікке мойындалған маман болсаңыз, инфобизнесті бастау оңай болады. Сол кезде инфоөнім аудиторияға жеңіл сатылады. Клиент белгілі бір курсты немесе кітапты сатып алмас бұрын «Авторы кім, қандай жетістікке жеткен, немен айналысады?» деген сұрақ қойып, бәріне мән береді. Адамдардың жаңа нәрсе үйренуін көздейтін бұл салаға сұраныс жылдан-жылға артпаса, кемімейді.
Инфобизнеске кітап жазу, интернетте блог жүргізу, онлайн, оффлайн курстар және жеке консультация кіреді. Мысалы, компанияларға барып, өз қызметіңді, біліміңді сол жердегі мамандармен бөлісу де инфобизнеске жатады. Бізде өз ісінің шебері, саласының мықты мамандары көп. Бірақ оларда білімін сата алу қабілеті болмауы мүмкін. Сондықтан бұл бизнеспен айналысу үшін қажет екінші қабілет – біліміңді сата алу, басқаларға әдемі ұсыну шеберлігі. Әлеуметтік желіде белсенді болу да инфобизнеске ықпал етеді. Бір айта кетерлігі, инфобизнесте кей ақпараттарды сату мүмкін емес. Мысал ретінде медициналық білімді айтуға болады. Мұнда тек жылдам үйренуге болатын нақты білімді ғана сатады. Қазір кәсіп бастау, әлеуметтік желідегі маркетинг, психология туралы ақпараттар сұранысқа ие. Дегенмен инфобизнесте қамтылмай жатқан салалар да баршылық.
– Былтыр Түркияның нарығына инфоөнімдерімізді шығарып көрдік. Байқағаным ол жақта инфобизнес дамымапты. Ағылшын тілі курсын алса да, маркетинг жағына көп мән бермейді екен. Инфобизнестің Қазақстанда дамуына Ресей нарығы әсер етіп жатыр. Орыс тіліндегі ақпараттарға аудиторияның сұранысы жоғары. Көбісі өз бизнестерін ашып, бастық болуға ұмтылады. Біздің елімізде Түркияға қарағанда білім алуға деген ұмтылыс басым, – дейді инфопродюсер Мейірбек Бердібайұлы.
Нарықта сапалы курстармен қатар сапасыз курстар да қаптап тұр. Атын айғайлатып қоятын 990 теңгелік курстарды алып, жер сипап қалып жатқандар да жоқ емес. Мейірбек Бердібайұлының айтуынша, сапалы мен сапасыз курстарды ажырату үшін спикердің кім екеніне мән беру керек. Маркетингті үйрететін адам бір компанияның маркетингін жолға қойған, осы салада жетістікке жеткен болуы тиіс. Қазір психологияны үйрететіндер де көп. Ал психология бірнеше жылда ғана меңгеруге болатын сала. Оны бірнеше курсқа қатысып «білемін» деу дұрыс емес. Екінші – курстың инфрақұрылымына мән беру керек. Олардың кампустары, үйрететін жерлері мен платформасы бар ма?
– Кейде курс сататындардың көбі қатысқандарға YouTube-тан видео сілтемелер ғана бере салады. Сосын инфобизнесмендердің нарықта қанша уақыт жұмыс істеп жүргендеріне де қарау керек. Өйткені қазір бәрі сатуды, уәде беруді қатырып, кейін оны орындай алмай жатады. Бұл инфобизнес нарығына кері әсерін тигізіп жатыр, – дейді Мейірбек Бердібайұлы.
Шығын аз, табыс көп
Шыны керек, қазір нарықта инфобизнеспен айналысатындар көш бастап тұр. Өйткені бұл саланың басқалармен салыстырғанда шығыны аз, табысы көп. Университеттегі оқуын тастап, инфобизнесте жүріп танымал продюсерге айналған Нұрбақыт Төрехановтың айтуынша, 20 миллион теңге кіріс кірген жобаның шығыны небәрі 1-2 миллион теңге болады екен.
– Инфопродюсер болып жүргеніме 3 жылдай уақыт болды. 100-ден астам сарапшымен жұмыс істедім. Инфопродюсердің негізгі қызметі – мықты сарапшылардың жұмысын нарықта сату. Көп эксперттерден ұсыныс түскендіктен, команда құрдым. Қазір айына кем дегенде 15-20 миллион теңге табыс табамын. Сарапшылармен жұмыс істегенде ең бірінші оның жеке брендін, әлеуметтік желідегі имиджін қалыптастырамыз. Жобаның шығыны жарнамаларға, баннерлер мен видео түсірілімдерге кетеді, – дейді Нұрбақыт Төреханов.
Нұрбақыт бұл кәсіптің болашағы өте үлкен екенін айтады. Біздің еліміз бұл сала бойынша Ресейге қарағанда баяу дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Мысалы, Ресейде атқарылып жатқан жұмыстар 2-3 жылдан кейін барып Қазақстанға «жаңалық» болып келеді. Қазір қазақ инфобизнесінде қолданылып жүрген «воронка», «запуск» секілді ұғымдар Ресейде осыдан біршама жыл бұрын пайда болған. Сонымен қатар Ресей инфокәсіпкерлерінің біздікілерге қарағанда басты ерекшелігі – көп істі кәсіби түрде атқаруы. Олар ең алдымен табыстың көзін табудан гөрі адамдарға сапалы өнім ұсынуды ойлайды. Ал біздегі мамандарға кәсібилік жетпей жатады. Нәтижесінде, сапалы инфопродюсерлер саусақпен санарлықтай ғана. Алайда шамамен 4-5 жылдың көлемінде Ресей нарығымен иық тірестіруге толықтай мүмкіндігіміз болады.
Әр лайк – капитал
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты инфобизнестің де екі жағы бар. Ауа сататындардың арбауына түсіп қалмау үшін бізге сүзгі керек. Ал ол сүзгіні тек білім ғана қалыптастырады. Инфоөнімді сатып алатындардың қатарында үйде отырған аналар мен табысы жоқ азаматтар, жай бағын сынап көргісі келетін жастар көп екен. Сондықтан да шығар, курс сататындардың көпшілігі таргетке жарнама жіберерде мақсатты аудиторияны осы топқа бағыттайды. Маркетолог Нұрсұлтан Сәдуақасовтың айтуынша, қазір жеке жарнама қатты дамып жатыр. Айталық, бір курсты сату үшін бұрынғыдай кім болса соған ұсынбайды. Ол курс қандай жастағы, қандай саланың адамдарына арналғанын зерттеп алады. Сосын әлеуметтік желі арқылы жарнама жібергенде мақсатты аудиторияға сол саланы жазатын блогерлердің оқырмандарын белгілеп көрсетеді. Яғни, бұл жерде оқырманның басқан әр лайкы – инфобизнесмендерге капитал.
– Аймағы мен жасын, жынысын да белгілейміз. Кейін сол курсқа қызыққан адамдар сілтеме арқылы өтіп: «Бағасы қанша? Қалай аламын?» деп сұрайды. Сол кезде келген клиенттерден айырылып қалмау үшін оның қызығушылығын одан әрі қарай дамытып, тірі қарым-қатынас орнатамыз. Әрбір тұтынушының өзіне ғана қызмет көрсетіп, сіз деп сыпайы қарым-қатынас танытып тұратын менеджердің өнімі өтері сөзсіз, – деді Нұрсұлтан Сәдуақасов.
Көзін тапқан адам кәсіпті де жүргізеді, табыс та табады, тек адамда қажетті білім болса болғаны. Бірақ ол білімді сатып алып, өзің біраз пайдаланған соң басқаларға қайта сату арқылы оны да кәсіпке айналдыруға болады екен.