Ауадан «ақша» жасап отыр
Ауадан «ақша» жасап отыр
© коллаж: Әсел Балтақызы
331
оқылды
Инстаграмды ашып қалсаң, ақша табуды үйретіп жатқан жандар. Олардың ішінде жақсы ұстаз да, мықты аспаз да, жоғары санатты дәрігер мен шаштараз да бар. Олар өз білгендерін бөліседі. Бірақ тегін емес. Нарықта мұны «инфобизнес» деп атайды. Яғни, айтары барлар білгенін үйретуді кәдімгі кәсіп көзіне айналдырған. Ақпарат пен білім сатып, миллиондаған табыс тауып жатқан кәсіпкерлер қатары да күн санап көбеюде. Инфоөнімді кім сатып алады? Инфобизнестің біздің елге келгеніне небәрі 3-4 жылдай бол­ды. Бұл да онлайн, оффлайн деп бөлінеді. Соңғы уақыттары оның онлайн түрі тез дамып келеді. Мұн­­дағы негізгі өнім – ақпарат, білім. Инфобизнес арқылы мил­лиондар табуға мүмкіндік бар. Ре­сейлік «Бизнес Молодость» кур­­сының негізін қалаушылар Мария Соло­дар, қазақстандық Қуаныш Шон­бай, Жұлдыз Ақ­болат соның дә­лелі. Орта есеп­пен алар болсақ, Қазақстандағы ин­фобизнесмендер айына ке­мінде 10-15 миллион тең­ге табыс таба­ды. Бірақ бұл кәсіпті де дұрыс жүр­гізе білу керек. Бұл жерде адамның білімі де, ынтасы да маңызды. Инфобизнеспен айналыс­қысы келетін адам бір саланың маманы, сарапшысы болуы қажет. Мысалы, бір кісі жақсы жазушы, кітап жа­зады делік. Сол адамның тәжі­ри­бесін, білімін ақшаға ай­налдыру үшін бірінші инфопро­дюсер арқылы ақпаратты басқа­ларға жеткізу жолын ұйымдастыру керек. Әуелі үйрететін ілімді бә­ріне түсінікті етіп, жинақтау ма­ңызды. Егер бір саланың сарап­шысы бол­саңыз және сол салада жетіс­тігіңіз болса, көпшілікке мойындалған маман болсаңыз, инфобизнесті бастау оңай болады. Сол кезде инфоөнім аудиторияға жеңіл са­тылады. Клиент белгілі бір курсты немесе кітапты сатып алмас бұрын «Авторы кім, қандай жетістікке жет­кен, немен айна­лысады?» де­ген сұрақ қойып, бә­ріне мән бере­ді. Адамдардың жаңа нәрсе үй­ренуін көздейтін бұл салаға сұра­ныс жылдан-жылға артпаса, кемімейді. Инфобизнеске кітап жазу, ин­тернетте блог жүргізу, онлайн, офф­лайн курстар және жеке кон­сультация кіреді. Мысалы, ком­панияларға барып, өз қызметіңді, біліміңді сол жердегі мамандармен бөлісу де инфобизнеске жатады. Бізде өз ісінің шебері, саласының мықты мамандары көп. Бірақ оларда білімін сата алу қабілеті болмауы мүмкін. Сондықтан бұл бизнеспен айналысу үшін қажет екінші қабілет – біліміңді сата алу, басқаларға әдемі ұсыну шеберлігі. Әлеуметтік желіде белсенді болу да инфобизнеске ықпал етеді. Бір айта кетерлігі, инфобизнесте кей ақпараттарды сату мүмкін емес. Мысал ретінде медициналық бі­лімді айтуға болады. Мұнда тек жылдам үйренуге болатын нақты білімді ғана сатады. Қазір кәсіп бастау, әлеуметтік желідегі марке­тинг, психология туралы ақпа­рат­тар сұранысқа ие. Дегенмен инфо­бизнесте қамтылмай жатқан са­лалар да баршылық. – Былтыр Түркияның нары­ғына инфоөнімдерімізді шығарып көрдік. Байқағаным ол жақта ин­фобизнес дамымапты. Ағылшын тілі курсын алса да, маркетинг жа­ғына көп мән бермейді екен. Инфо­бизнестің Қазақстанда да­муына Ресей нарығы әсер етіп жатыр. Орыс тіліндегі ақпарат­тарға аудиторияның сұранысы жоғары. Көбісі өз бизнестерін ашып, бас­тық болуға ұмтылады. Біздің елі­мізде Түркияға қара­ғанда білім алу­ға деген ұмтылыс басым, – дей­ді инфопродюсер Мейірбек Бер­дібайұлы. Нарықта сапалы курстармен қатар сапасыз курстар да қаптап тұр. Атын айғайлатып қоятын 990 теңгелік курстарды алып, жер си­пап қалып жатқандар да жоқ емес. Мейірбек Бердібайұлының ай­туынша, сапалы мен сапасыз курс­­тарды ажырату үшін спикер­дің кім екеніне мән беру керек. Марке­тингті үйрететін адам бір компа­нияның маркетингін жолға қой­ған, осы салада жетістікке жеткен болуы тиіс. Қазір психо­логияны үйрететіндер де көп. Ал психология бірнеше жылда ғана меңгеруге болатын сала. Оны бірнеше курсқа қатысып «білемін» деу дұрыс емес. Екінші – курстың инфрақұры­лымына мән беру керек. Олардың кампустары, үй­рететін жерлері мен платформасы бар ма? – Кейде курс сататындардың көбі қатысқандарға YouTube-тан видео сілтемелер ғана бере са­лады. Сосын инфобизнесмен­дер­дің нарықта қанша уақыт жұмыс істеп жүргендеріне де қарау керек. Өйт­кені қазір бәрі сатуды, уәде беруді қатырып, кейін оны орын­дай ал­май жатады. Бұл инфобиз­нес на­рығына кері әсерін тигізіп жатыр, – дейді Мейірбек Берді­байұлы.

Шығын аз, табыс көп

Шыны керек, қазір нарықта инфобизнеспен айналысатындар көш бастап тұр. Өйткені бұл са­ланың басқалармен салыстыр­ғанда шығыны аз, табысы көп. Универ­ситеттегі оқуын тастап, инфо­биз­несте жүріп танымал продюсерге айналған Нұрбақыт Төрехановтың айтуынша, 20 мил­лион теңге кіріс кірген жобаның шығыны небәрі 1-2 миллион теңге болады екен. – Инфопродюсер болып жүр­геніме 3 жылдай уақыт болды. 100-ден астам сарапшымен жұмыс істедім. Инфопродюсердің негізгі қызметі – мықты сарап­шылардың жұмысын нарықта сату. Көп экс­перттерден ұсыныс түскендіктен, команда құрдым. Қазір айына кем дегенде 15-20 миллион теңге табыс табамын. Сарапшылармен жұмыс істегенде ең бірінші оның жеке брендін, әлеуметтік желідегі имид­жін қа­лыптастырамыз. Жобаның шы­ғыны жарнамаларға, баннерлер мен видео түсірілімдерге кетеді, – дейді Нұрбақыт Төреханов. Нұрбақыт бұл кәсіптің бола­ша­ғы өте үлкен екенін айтады. Біздің еліміз бұл сала бойынша Ресейге қарағанда баяу дамып келе жатқа­нын тілге тиек етті. Мысалы, Ре­сейде атқарылып жат­­қан жұмыстар 2-3 жылдан ке­­йін барып Қазақ­станға «жаңа­лық» болып келеді. Қазір қазақ инфо­бизнесінде қол­данылып жүрген «воронка», «за­пуск» се­кіл­ді ұғым­дар Ресейде осы­дан бір­шама жыл бұрын пайда бол­ған. Сонымен қатар Ресей ин­фокәсіпкерлерінің біздікілерге қарағанда басты ерек­шелігі – көп істі кәсіби түрде атқаруы. Олар ең алдымен табыс­тың көзін табу­дан гөрі адамдарға сапалы өнім ұсы­ну­ды ойлайды. Ал біздегі ма­мандарға кәсібилік жетпей жата­ды. Нәти­жесінде, сапалы инфо­продюсерлер саусақ­пен санар­лықтай ғана. Алай­да шамамен 4-5 жылдың көлемінде Ресей нарығымен иық тірестіруге то­лық­тай мүмкіндігіміз болады.

Әр лайк – капитал

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты инфобизнестің де екі жағы бар. Ауа сататындардың арбауына түсіп қалмау үшін бізге сүзгі керек. Ал ол сүзгіні тек білім ғана қа­лыптастырады. Инфо­өнімді сатып алатындардың қата­рында үйде отырған аналар мен табысы жоқ азаматтар, жай бағын сынап көр­гісі келетін жастар көп екен. Сон­дықтан да шығар, курс сататын­дардың көпшілігі таргетке жарнама жіберерде мақсатты аудиторияны осы топқа бағыт­тайды. Маркетолог Нұрсұлтан Сәдуақасовтың ай­туын­ша, қазір жеке жарнама қатты дамып жатыр. Айталық, бір курсты сату үшін бұрынғыдай кім болса соған ұсынбайды. Ол курс қандай жастағы, қандай саланың адамда­рына арналғанын зерттеп алады. Сосын әлеуметтік желі арқылы жарнама жібергенде мақсатты аудиторияға сол саланы жазатын блогерлердің оқырмандарын бел­гілеп көрсетеді. Яғни, бұл жерде оқырманның басқан әр лайкы – инфобизнесмендерге капитал. – Аймағы мен жасын, жыны­сын да белгілейміз. Кейін сол курсқа қызыққан адамдар сілтеме арқылы өтіп: «Бағасы қанша? Қалай аламын?» деп сұрайды. Сол кезде келген клиенттерден айы­ры­лып қалмау үшін оның қызығу­шылығын одан әрі қарай дамы­тып, тірі қарым-қатынас орна­та­мыз. Әрбір тұтынушының өзіне ғана қызмет көрсетіп, сіз деп сы­пайы қарым-қатынас танытып тұратын менеджердің өнімі өтері сөзсіз, – деді Нұрсұлтан Сәдуа­қасов. Көзін тапқан адам кәсіпті де жүргізеді, табыс та табады, тек адам­да қажетті білім болса бол­ғаны. Бірақ ол білімді сатып алып, өзің біраз пайдаланған соң бас­қаларға қайта сату арқылы оны да кәсіпке айналдыруға болады екен.

Көктем ҚАРҚЫН