Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздарын құттықтап, оқу орнының ұжымының атынан сый-сияпат көрсетті. Бұл туралы аталған оқу орнының Коммуникация және медиа орталығы хабарлады.
Биылғы республикалық конкурста еліміздің 76 жоғары оқу орнынан 718 үміткер қатысып, солардың ішінен 150 оқытушы үздік атанған болатын. Үздіктер қатарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің екі оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлназ Салғараева мен филология ғылымдарының кандидаты Лира Ибраимова да бар.«Сіздер жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру және отандық ғылымды дамыту тұрғысындағы жауапкершілігі зор істі жүзеге асыруға сүбелі үлес қосып келесіздер. Ұстаз – әлемдегі ең мәртебелі мамандық. Бүгінде ұстазға деген құрмет, мұғалімге деген қамқорлық Қазақстан үшін елдік ұстаным әрі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Сіздерді осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан зор үлестеріңіз бен маман даярлауда сіңірген еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін», – деді оқу орнының басшысы Гүлмира Қанай.Айта кетейік, дәстүрлі конкурста жеңімпаз атанғандардың әрқайсысы 2 000 АЕК көлемінде сыйақы алатын болады. Бұл шамамен 6 млн теңге болады.
Алматы