Түркістан облысында 14 жасар қызды имам зорламақ болған
Түркістан облысында 14 жасар қызды имам зорламақ болған
фото: pexels.com
449
оқылды

Сарыағаштық ана кәмелет жасына толмаған тұңғыш қызын зорламақ болған молданың туыстары үйін торуылдап, тіпті пышақ тақап, қорқытып отырғанын айтады, – деп хабарлайды Экспресс К.

Қорғансыздың күйін кештім деген жалғызбасты әйел ел Президенті мен Бас прокуратурадан көмек сұрайды,
Оқиға қалай болды?
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 47 жастағы молда 14 жасар оқушы қызды зорламақ болды. Оқиға 2021 жылдың 24 ақпанында оқушының өз үйінде болған. Анасының айуынша, кешкі сағат 9-дар шамасында көршісіне қарыз ақшаны беруге шығып кеткен. Үйде 14 жасар қыз сіңлісі екеуі қалыпты.
Осы сәтте молда үйіне кіріп, үлкен қызын зорламақшы болыпты. Ал кенже қызы қорыққанынан тығылып қалған. Анасы үйіне келгенде ер кісі сыртқы киімін шешіп, жейдесінің түймелерін ағытып үлгеріпті. Дереу дабыл қағып, молданы көршісі жалаң аяқ қашып бара жатқан кезде ұстап алады. Жәбірленушінің анасы полицияға сол күні арыз жазған.
"Арыз жазып, бірнеше күн күттім. Хабар болмаған соң учаскелік полицейге өзім хабарластым. "Дем салатын кісі екен, үйіңізге өзіңіз шақырыпсыз" деді. Мен таңғалдым. Ол кісі емші екені былай тұрсын, мүлде танымаймын. Тіпті телефон нөмірін де білмеймін. Үйге қалай шақырамын? Оның үстіне мен емші, тәуіп дегендерге мүлде сенбеймін. Үйімнің түбінде аурухана бар. Қыздарым ауырып қалса, тек дәрігерлерге жүгінетін адаммын", – деді жәбірленушінің анасы.
42 жастағы әйел бірнеше күн өткен соң сарыағаштық аналардың Whats App мессенджеріндегі тобына әлгі кісінің суретін жіберіп "Мына кісі емші екен. Осындай жағдай болды" деп ескерту ретінде хабарлама таратыпты. Тек осыдан кейін үйіне екі полицей келіп, бөлімшеге алып кеткен екен. Әкімдіктің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары жиналып, арыз қайта қаралыпты.
"800 мың теңге түгілі 800 млн берсе де кешірім бермеймін"
Бұл оқиға ауданда лезде тарап кеткен көрінеді. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті делінген молда тергеу изоляторына қамауға алынады. Осыдан кейін оның туыстарымыз деп екі адам жәбірленушінің үйіне кешірім сұрап келіпті.
"Телефонға тыным болмады. Молданың туыстарымыз деп, кешірім сұрап жатты. Өздерін Эльмира және Абдураим деп таныстырған ер кісі мен әйел келді. "Қызыңызды психологқа көрсетіп, емдетейік. Пенде болған соң жаңылысқан шығар, кешірім беріңізші" деп айтты. Арызымды қайта алу үшін 800 мың теңге ұсынды. Мен 800 мың түгілі, 800 миллион теңге берсе де кешірмейтінімді айттым. Өйткені Сарыағашта мен сияқты қаншама жалғызбасты ана бар. Бәріміз азаннан қара кешке дейін егістік алқабында жалдамалы жұмысшы боп, нәпақа тауып отырмыз. Ертең менің басымнан өткен жағдай қайталанбасына кім кепіл? Кешірім сұрап келгендерге екінші рет үйге келмеуін сұрадым", – деді оқушы қыздың анасы.
2021 жылдың желтоқсан айында сот отырысы өткен. Сот үкімімен ол 15 жылға сотталыпты. Қазір үкіммен келіспеген айыпталушы тарап апелляциялық шағым түсіріпті.
"Елге масқара етіп, қызымды пышақпен қорқытты"
Жәбірленушінің анасы молданың туыстары тарапынан қысым әлі де тоқтамады деп отыр. Молда тергеу қапасына қамалған соң үйінің алдында бірнеше көлік торуылдап, тіпті "мына үйдің қыздары сатылады, анасы да жүргіш" деп көршілерінің алдында масқарасын шығарыпты. Осы жағдайдан соң жалдамалы үйден көшіп кетуге мәжбүр болған. Бірақ қысым бұдан кейін де жалғаса берген.
"Молданың туысы қызымды мектептен қайтарда жиі аңдитын болған. Бірде мойнынан қылқындырып, тіпті пышақ тақап, қорқытқан екен. "Кешірім бермесеңдер, бәріңді өлтіріп кетеміз. Бұл ескерту" деп айтыпты. Оны қызым айтып келді. Бұлар апелляциялық шағым түсірген. Кешірім алып, үкімді өзгерткісі келе ме? Кейін білдім, қызымды қорқытқан адам әлгі молданың інісі екен. Өзі ауылда мұғалім. Қазір екі қызым үшін қатты алаңдаймын", – деді ол.
"Полицейлер туыстары өлтіріп кетеді деп айтты"
Сарыағаш тұрғыны полицейлер де түсініктемені өзгертуді сұрады деп отыр. Екі қыздың анасының айтуынша, тергеушілер ертең өлтіріп кетсе, ұстай алмай қалатынын айтыпты.
"Осы істі тергеген тергеуші шақырып алып, түсініктемені өзгертуім керектігін айтты. "Әлі де кеш емес, ойлан. Олар есірткіге тәуелді. Сені өлтіріп, қашып кетсе, ұстай алмай қаламыз" деді. Бұл үкім шыққанға дейін болған жағдай. Қорқытып-үркіту бұдан кейін де жалғасты. Полицияға арыз жаздым. Олар бәрін видеоға жақсылап түсіріп алыңыз деп айтты. Түсінбегенім, сонда менің қызыма біреу күш қолданып, пышақ тақап тұрса, мен оны телефонымның видеосына түсіріп қарап тұруым керек пе? Неге соны ойланбайды? Неге өз жұмыстарын атқармайды? Әлде бұлар міндетті түрде адам өлімін күтіп отыр ма? Мен мұны полицейлердің өзіне де жылап тұрып айттым", — деді ол.
"Қызым өзіне қол салмақ болды"
Жәбірленушінің анасы қорқытып-үркітулер тыйылмаған соң қызы өз-өзіне қол салмақ болды деп отыр. Тіпті хат жазып, оны жастығының астына қалдырған екен.
"Былтыр 20 желтоқсан күні болды бұл жағдай. Үйді жинап жатып, жастығының астынан хатты тауып алдым. "Барлықтарыңды жақсы көремін. Сіздер бақытты өмір сүру үшін өлгім келеді. Мен өлсем, осының бәрі бітеді. Мен қыз боп туылғаныма өкінемін..." деп жазылған. Үйде сыр білдірмей жүрген еді, таңертең шәй-тамағын беріп, сабаққа жібергенмін. Дереу мұғаліміне хабарластым. Сабаққа бармаған. Полицияға айтып, шарқ ұрып іздедім. Түске қарай "Қызыңыз теміржолда өз-өзіне қол салмақ болған сәтте құтқарып қалдық, алып кетіңіз" деп бір адам хабарласты", – деді көзінің жасын тыя алмаған ана.
Осы оқиғадан кейін полицейлер іс қозғапты. Алайда содан кейін ешқандай хабар болмаған. Тек телеарналарға шығып, жанайқайын жеткізген соң полицейлер тиісті сараптамалар тағайындады дейді ол.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер қазіргі тиісті жұмыстар жүріп жатқанын алға тартты.
"Бұл жайтты тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша тіркеді. Оқиға орнына жедел тергеу тобы шығып, тиісті тергеу амалдарын жүргізді. Сонымен қатар іске байланысты сот-сараптамалары тағайындалды. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда", – дейді департаменттегілер.
"Сарыағашта заң жоқ... Тоқаевтан араша сұраймын!"
Бір жылдан бері өзі мен қыздарының өмірінің тыныштығы бұзылған әйел ел Президентінен көмек сұрайды. Өйткені мұның соңы қайғылы жағдайға әкеп соға ма деп қорқады. Әйелдің айтуынша, ауданда әділеттік жоқ.
"Бұлар о баста оқиға болған кезде істі жылы жауып жойғысы келді. Мен өзім секілді аналарға дабыл қағып, топқа салмағанымда іс жабылып та кетер ме еді? Негізі біздің Сарыағашта заң жоқ. Ақшасы барлар тайраңдайды. Адам зорлап та, өлтіріп те жүре береді... Менің жағдайымнан бәрі хабардар... Шарасыз күйдемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Бас прокурордан, Ішкі істер министрінен көмек сұраймын. Өзімнің, қыздарымның өмірі үшін қорқамын", – деп сөзін түйді жалғызбасты ана.