Өскемендіктердің көк түтінге көміліп, НМУ-дан (қолайсыз метео жағдай) көз ашпай отырғандарына 20 күнге жуықтады. Желдің жоқтығынан ауада зиянды шығарындылар жиналып, қала тұрғындарының тамағы қышып, бас ауыруы жиілеген. Мұны бүгін Өскеменде осы жағдайға байланысты арнайы брифинг өткізген облыстық Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев те айтты.
«Бізге тұрғындар жиі шағымданады. Бірақ қаламыздағы дәрігерлер «тамақтың қышуына, бастың ауруына ауаның ластығы кінәлі» деп нақты диагноз қойған жоқ. Меніңше, Өскемендегі газдан кейбір тұрғындардың ауырып қалатынын мойындап, аурулар тізіміне енгізетін кез жеткен секілді. Газдан тамағы ауырып барғандарға ОРВИ деп жалпылама диагноз қояды біздің дәрігерлер. Осы мәселені, яғни қаладағы лас ауа райынан тұрғындардың сырқаттануын аурулар тізіміне енгізуді біз Денсаулық сақтау басқармасына ұсындық» деген департамент басшысы тұрғындарды қолайсыз метео жағдай жарияланған күндері денсаулығына шағымданса ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) мен байланыс нөмірлерін көрсетіп, департаментке хабарласуына болатынын, олар тұрғындар шағымын облыстық Денсаулық сақтау басқармасына жіберетінін жеткізді.Азамат Қасым, Шығыс Қазақстан облысы