Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын жариялады. Назарыңызға заң жобасының негізгі тармақтарын ұсынамыз.
Кейінгі жылдары екінші деңгейлі банктер үшін жеке тұлғаларға несие беру оңай әрі тиімді болып кетті. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, былтыр жеке тұлғалар 10,7 трлн теңге несие алған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 42,7%-ға көп.
Ал Несие бюросының мәліметінше, Қазақстанда 1 миллионнан астам азамат несиесін бірнеше айдан бері төлемеген.
Егер жеке тұлғалар банкроты туралы заң енгізілсе, банктерден несие алу қиындауы мүмкін. Себебі енді олар несие берерде азаматтың төлем қабілетіне мұқият назар аударатын болады.
Банкрот болған адам неден шектеледі?
- Банкрот болғанын жариялаған азамат 5 жылға дейін ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 тг) жоғары мөлшерде несие ала алмайды;
- Шетелде емделіп, жақын туысын жерлеуге болмаса 3 жыл ішінде Қазақстаннан тыс жерлерге шығуға тыйым салынады.
- Банкрот екенін жариялаған сәттен бастап борышкерден несиені төлеу талап етілмейді. Оған мүлкін кепілге қойып, қарыз алуға, мәмілелер жасауға болмайды.
- Борышкерді банкрот деп тану мерзімі 6 айдан аспауы керек. Бірақ ерекше жағдайларда (мысалы, басқа несиеге байланысты) тағы үш айға ұзарту көзделген.
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа заң жобасында банкрот болған жеке тұлға мемлекеттік қызметтен және қаржы мекемесіндегі жұмысынан шектелуі мүмкін.
"Жалпы компанияның да, адамның да банкрот болуы – амалсыз жасалатын төтенше қадам. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы есте сақтау керек ең бірінші нәрсе – несиеден арылудың жолы ғана емес, болашақта еркін өмір сүру. Себебі банкрот болсаңыз, өмір бойы несие тарихыңызға қара дақ түсті деген сөз, тіпті тауар құнын бөліп төлеуге де ала алмайсыз", – дейді экономист Андрей Чеботарев kapital.kz-ке жазған сараптамасында.
Айта кетейік, заң жобасы 23 ақпанға дейін көпшілік талқылауына жіберілді.