Ләззат Қалтаева Сенат депутаты ретінде ант берді
Ләззат Қалтаева Сенат депутаты ретінде ант берді
Фото: Ләззат Қалтаеваның жеке архивінен
303
оқылды
Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева Қазақстан халқы алдында ант беріп, палатаның тұрақты комитетіне сайланды, - деп жазады baribar.kz.
Президент Жарлығымен қаңтар айында Ләззат Молдабекқызы Сенат депутаты болып тағайындалды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтың парламенттің депутаты болуы тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет орын алып отыр. Жалпы Мемлекет басшысы бұл санаттағы азаматтардың саяси өмірге белсене араласуына үнемі баса мән беріп келеді. Ләззат Молдабекқызының сенатор болуы соның нақты нәтижесі. Мұндай қадам алдағы уақытта мүгедектігі бар адамдардың саяси және қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, — деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның жалпы отырысында.
Осы орайда ол Ләззат Молдабекқызын көпшілік белсенді қоғам қайраткері ретінде жақсы танитынын еске салды. Сенаттың жалпы отырысында Ләззат Қалтаева депутат ретінде ант берді.
Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін, — деді ол.
Сонымен қатар Ләззат Қалтаева Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің құрамына сайланды. Биыл қаңтар айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ләззат Молдабекқызы Қалтаева Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.