Алматыда болған «Қаңтар оқиғасына» бір айдың жүзі болды. Бүгінде қала қайтадан бейбіт тіршілігіне оралды. Тұрғындардың күйбең тірлігі қайта басталды. Алайда сол бір күндер жүрекке сызат қалдырды. Оны бірден ұмыту да қиын. Кейбірі сол күнді әлі де қорқынышпен еске алады. Соның бірі – алматылық суретші Мими Ильницкая. «Бір түнде бар құндылығыңның күл-талқан болуы кімге де болса ауыр тиеді. Жұмыс орныма келсем, кеңсемнің сау тамтығы қалмаған», – дейді ол.
Суретшінің айтуынша, 11 қаңтар күні өзге компания иелері мен арендаторлармен бірге жұмыс орнын көруге болатынын хабарлаған. 4-5 күні қалада жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан дүкендер тоналып, ғимараттар өртке оранып, банктер тоналғаны жайында хабардар болған. Содан болар, Мими алаңға барар жолдан дүкенге кіріп, 4-5 қытай сөмкесін, қолғап, дымқыл майлық сатып алды. «Бүлінген дүние болса, тазалап, жөнге келтіріп алармын. Түгелдей қирамаған болар» деген үкілі үміттің жетегімен офисі тұрған ғимаратқа да жеткен.
– Ғимараттың бүлінгені көрініп тұр. Ішіне кіре бере ұялы телефонды қосып, видеоға түсіре бастадым. Барынша салқынқандылық танытуға тырыстым. Екінші қабатқа көтерілдік. Баспалдақта бүлінген сейфтардың жатқаны болмаса, айнала таза секілді көрінді. Өзімде кеңсенің кілті жоқ. Әрқашан күзетке тапсырып кететінбіз. Осы жолы да үйреншікті әдетпен күзетке барып, кілтті алмақ болдым. Сол кезде кеңсеге есікті бұзып кірген ғой, кілттің не қажеті бар деген ой сап ете қалды. Жолымыздағы кеңселердің есігі бұзылып, сынып жатқанын байқаған едім, – дейді Мими Ильницкая.
Суретшінің кеңсесі 6 қабатта, оған жеткенше галерея бүлінбей, іштегі суреттер көрмесі мен кітаптардың самсап тұрғанына үміттенді. «Өнер жолы оңай емес, ал нәзік жандылар үшін ауыртпалығы екі есе. Оған өкінбеймін. Әрине, өзге мамандықтарға қарағанда күнелту қиын. Бірақ бұл – өзімнің таңдауым. Алайда бүкіл еңбегімнің күлге айналғанын көріп, сағым сынып кетті. Әділеттілік қайда? Біздің кеңсені өртеп жібергені қалай? Осыны түсінбедім» , – деді ол.
Айтуынша, бүлікшілер алтыншы қабаттың түбінде орналасқан екі кеңсені өртеп жіберген. Оның біреу сол кезде бос болған. Жалға алушылар бір ай бұрын көшіп кеткен екен. Ал галереяда бүлікшілерге қажетті дүние болмаған. «Есігіміз әйнектен орнатылған, суреттен басқа ештеңе жоқ қой» деген Мими Ильницкая болған жағдайды әлі түсінбегендей болды.
– Біздің қабаттың түп жағында оңашаланған екі кеңсені өртеп жіберген. Есік түгілі, терезе мен қабырғадан түк қалмаған. Іштегі тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, макбугіме дейін жанып, балқып кеткен. Айнала қап-қара ыс, күл-қоқыстан басқа ештеңе жоқ. Жөні түзу бір нәрсе қалмағанын түсініп, жылап жібердім. Бүкіл еңбегімнің еш кеткені ме? Жылдар бойы жинап-теріп жасаған дүниемнің күлі көкке ұшқанына налыдым, – дейді ол.