«Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қоры «Қазақстан халқына» 1 миллиард теңге аударды. Бұл туралы қор ресми хабарлады.
Бай-бағландар тапқан табысынан қал-қадерінше «Қазақстан халқына» қаржы аударып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балалардың денсаулығын сақтау мен білім алуына, тұрмыс тауқыметін тартқандарға қолдау көрсететін «Қазақстан халқына» қоры құрылды.
«Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық қоры 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Қор бес жыл ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік саланы қолдауға 1 миллиард теңгеден астам қаржылай қолдау көрсеткен.
«Қор ұжымы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың отбасы, туған-туысына көңіл айтамыз. Ел басына күн туғанда Мемлекет басшысының төңірегіне топтасып, Қазақстан халқына көмектесуіміз керек», – деді қордың директоры Қасым Қасабеков.
Пандемия басталғанда «Салиқалы ұрпақ» қоры коронавирус індетімен күреске 150 миллион теңге аударғанын хабарлаған болатынбыз.