Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрдың директоры қызметіне Айболат Жаудыр тағайындалды. Бұл туралы театрға барған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев хабарлады.
– Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры қызметін атқарып келген Ернар Жұматаев қызметінен босатылып, орнына еліміздің бірқатар беделді театрында басшылық қызмет атқарған Айболат Жаудыр тағайындалды, – деп хабарлады Абаев.
Ол сондай-ақ Ернар Жұматаевқа Қаллеки театрын басқарудағы елеулі еңбегі үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың шымылдығы 1991 жылы 15 қарашада Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. 2011 жылы 14 желтоқсанда театр ұжымына мемлекеттік академиялық театр мәртебесі берілді. Ернар Жұматаев театр директоры қызметін 2020 жылдан бастап атқарды.