Құқық қорғау қызметін жетілдіру кезек күттірмейді
Құқық қорғау қызметін жетілдіру кезек күттірмейді
526
оқылды
Е.Қошанов Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін қордаланған проблемаларға қатысты ащы сын айта отырып, нақты міндеттер жүктегенін атап өтті. – Ол міндеттің ең бастысы – еліміздің эко­номикалық әлеуетін қалпына келтіріп, халықтың табысын, әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін Президент жұрттың бизнеспен айналысуына тең жағдай жасау, еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй, денсаулық мәселелерін шешу, инфляцияны ауыздықтау, қосымша қаражат көздерін қарастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту сияқты басқа да бірқатар басым бағытты атап айтып, шынайы нәтижеге жетудің жолдарын көрсетті, – деді. Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің қорытындысында көрсетілген заң жобасының негізгі мақсаты – құқық қорғау қызметі туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру, оның ішінде тікелей қолданылатын нормаларды қолдануды кеңейту, ведомстволық бағынысты реттеуді қысқарту, құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою. Заң жобасы құқық қорғау қызметіне кіруге, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты мәселелерді реттеуге бағытталған. Құжаттың бірқатар нормасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, оның ішінде құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне арналған. Кадрлық процестерді біріздендіру және құқық қорғау қызметін ұйымдастыру тәсілдерінің тұтастығын қамтамасыз ету ұсынылады. Депутаттар «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда көзделген тәртіппен құқық қорғау қызметіне кандидаттарға тестілеу өткізуді де ұсынды. Тәртіптік теріс қылықтардың түрлері, оларды жасағаны үшін тәртіптік жаза қолдану тәртібі нақтыланды. Депутаттардың ұсынысы бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы лауазымы заңнамалық деңгейде бекітіледі. Осының барлығын палата депутат­тарының алдында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев пен Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова баяндады. Сонымен қатар Еділ Жаңбыршин бастаған Мәжіліс депутаттары «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды ресми түрде жариялады. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады.