«Қасіретті қаңтар» оқиғалары қазақ еліне сын болды. Әділеттің өріне, шын­дық­тың шыңына ұмтылған мұң-наласы мол қаймана халықты қалқан етіп, залым күштер зұлым ниетін іске асыруға ты­рыс­ты. Қалаларды қиратты, қарсы кездес­кен­ді жайратты, қан төкті, елді үрейге бөкті. Қазақстанымыздың бейбіт аспанын қара бұлт торлады.
Елдігіміз сынға түскен «қасіретті қаңтар»
1,990
оқылды

Елдік пен тәуелсіздікке тірек болған асқаралы арман, асыл мұ­раттар адыра қалғандай болды. Ұлт тағ­дыры, ұрпақ болашағы тал­қығ­а түскен тарихи сәтте бейбіт халқы­мыз­дың бай­сал­дылығы, ел басшылығының батыл қа­дамдары елдікті сақтап, мемлеке­тімізді тұрақты қалыпқа қайтарды.

Осының арқасында Ұлы даламыз халықаралық лаңкестік топтардың тартыс алаңына, майдан дала­сына айналудан аман қалды. Бірақ сол елең-алаң шақта ел-жұрт оқиғалардың қалай өрбитінінен бейхабар еді, беймаза күйге енді. Сол оқиғалар «Хабар» агенттігі түсірген «Трагический январь. Как это было» деректі фильмінде көрініс тапты. Қанды оқиғалардың ұмытылмас азабы мен шері бар, бірақ дүние тегершігі өз жайымен ары қарай ай­нала бермек. Сондықтан тарих үшін сол күндерді тағы бір еске түсірген жөн. Бұл сындарлы шақтан сабақ алу және оның қайталануына жол бермеу үшін қажет.

«Қаралы қаңтар» хроникасы

2022 жылғы 1 қаңтар.

Жаңажылдық демалыс күн­дері басталған кез. Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына ондаған адам жиналды. Олар, тіпті де мерекелік көңіл күйде емес еді. Жаңаөзендіктер билікке бейнеүндеу жол­дап, сұйылтылған газ бағасын төмендетуді талап етті. 1 қаңтардан Маңғыстау об­лысындағы жанармай құю стансаларында сұйыл­тылған мұнай газының бөл­шек сауда бағасы әр литрі­не 65-75 теңгеден 120 теңгеге дейін күрт қымбаттады. Ал Маңғыстау облысында авто­көліктердің 90%-дан астамы газға көшкен. Өмірлік маңызды отын са­налады, оның қолжетімсіз болуы күнделікті тіршілікті қиындатты.

 Халықтың ашынуы әділетті еді. Автогаз бағасының негізсіз шарықтағанын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тек қазір ғана әшкереледі, іс қозға­лып, жауаптылар жазалануда. Биржадағы алыпса­тарлар бұл отынның 1 тоннасының бағасын 62 329 теңгеден 130 680 теңгеге дейін шарықтатқан. Ал бөл­шек саудада кәсіпкерлер әр литрін 95–120 теңгеден сата бастайды: маржасы, яғни үстеме пайдасы литріне 21-46 теңгеге жетті. Бұған дейін 10-20 теңге ғана болған. Алайда о баста жергілікті жауапты тұлғалар да, антимонополиялық орган да қарапайым бұқараның талап-тілегіне жедел ден қоймады.

2022 жылғы 2 қаңтар.

Жаңаөзенде көңілі қанағат­танбаған жұрт тарқамады, керісінше, наразылық ак­ция­сына өткен-кеткен, сұрап білген адамдар қосылып, жиналғандар қарасы 600 адамнан асты. Адамдар көшелер мен жолдарды жапты. Құзырлы органдардың баяндамасында «протест білдірушілердің нақты көш­басшысы жоқ, қалаған адам микрофонды алып, сөйлей береді» деген сөз айтылды. Құқық қорғау органдары көше жабушыларды қуып таратуға тырыспады, ешқандай күш қолданған жоқ.

2022 жылғы 3 қаңтар.

Кейін белгілі болғандай, автогаз бағасы ретке келтірілгенде қарсылық та тоқтай­тын еді. Алайда шенеуніктердің халық үніне құлақ қоймауы елдің ашуын туғызды. Ереуілге шық­қандардың саны 5 500-ден асып кетті. Қаңтардың 2-сінен 3-іне қараған түнде Ақтау қалалық әкімдігі алдына жиналған қарақұрым халық кіреберіс жол­дарға тосқауыл қойды. Талаптары жаңаөзендіктердікіне ұқсас – автогаз бағасын арзандату. Сонымен бірге талаптар ауқымы да кеңейе бастады. Маңғыстаулықтарға өзге өңірлердегі жұртшылық қолдау көрсетті: еліміздің 7 өңірінде бейбіт митингілер басталды. Құқық қорғау органдары бейбіт демонстрацияларды тоқтатуға не қуып таратуға аса күш салмай, негізінен сырттай бақылаумен шектелді. Осы кезде топ ортасында арандатушылар пайда бол­ды, олар жиналған қауымды әлдеқайда «батыл қа­дам­ға баруға», «көтеріліс жасауға», қылмысқа үндеді. Алай­да бейбіт шерушілер оларды мас санап, қара ниет­тілерді микрофоннан және мінберден аластатуды сұрады.  Жағдайға ел Президенті араласуға тура келді. Қ.Тоқаев Twitter арқылы «Үкіметке Жаңаөзендегі жағ­дайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жа­ғынан тез арада қарастыруды тапсырғанын» хабар­лай келе, шеруге шыққандардан «қоғамдық тәртіпті бұзбауға», диалогқа үндеді. «Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек», – деп жазды ол. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-Министр Асқар Мамин өз өкімімен Маңғыстау облы­сындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарас­тыру үшін Үкіметтік комиссия құрды. АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында газ құнын 120-дан 85-90 теңгеге дейін төмендетті. Халық бұл бағаны қолай көрмеді.

Наразылық бет-бейнесінің өзгеруі

2022 жылғы 4 қаңтарда құзырлы органдардың мәлі­метінше, республика бойынша наразылық білдірушілер қатары 37 мың адамға дейін күрт көбейді. Маңғыстауда Үкіметтік комиссия белсенді бастама­шыл топпен келіссөз жүргізді. Автогаз бағасы 50 теңгеге дейін түсірілді. Бірақ бұл елдің өзге өңірле­ріндегі қарсылық шараларын тоқтата алмады. Эконо­микалық талаптар сыртында «Үкіметтің өзі отставкаға кетсін!» деген секіл­ді саяси талаптар қойыла бастады. Дәл осы күні шерулер бейбіт сипаттан арылып, бү­лікке ұласты. Алматы мен Шымкентте көшелерді тол­тырған «ереуілшілердің» бір тобы мемлекеттік ны­сандарға шабуыл жасап, қызметтік көліктерді күйретіп, өртеп, сауда орындарын тонауға кірісті. Оларға тосқауыл қоюға талпынған, қарапайым қалқан, дубинкамен жарақтанған құқық қорғау органдары өкілдерінің құқықтық тәртіпті сақтап қалуға күші жетпейтіні байқалды. Олардың ешқай­сы­сы атыс қаруымен қаруланбаған еді. Ал дамыған ел­дерде де митингілерді таратуға қолданылатын су шаш­қыш көліктерді бүлікшілер алдын ала басып алған. Күш құрылымдары өкілдерінің айтуынша, еліріп алған топ олардан арнайы киім-экипировкасын шешіп, өз қатарын толықтыруды және өздермен бірге тәртіп бұзуды талап еткен. Бұған келіспеген тәртіп сақшы­ла­рын таяқтың астына алды, өлімші етіп соққыға жықты. Алматыда 32 полицейлік және әскери көлік, 5 өрт сөндіру машинасы, 30-дан астам жедел жәрдем көлігі бұзылып, өртелді. Содырлар жаралы қаруластарын тасымалдау үшін 3 жедел жәрдем көлігін айдап кеткен. Шымкентте бір тәулік ішінде 21 полицейлік көлік қиратылып, өртелген. Ұлттық ұланның 5 жауынгері, 15 полицей соққыға жығылған. Көздері қарауытқан агрессивті тобырлар полицей­лерді, күш құрылымдары өкілдерін қоршап алып, таяқ­пен, арматурамен аяусыз ұрды. Бұл ретте бір адамға топ болып жабылған, қорғануға еш мүмкіндік бермеген. Зар­дап шеккендерге көмекке асыққан ақ халаттыларды ілгері бастырмай қойды, жедел жәрдем көліктерін тартып алды. Күні кеше ғана бейбіт сипатта болған шеруге қатыс­қан тұрғындар оның соңы неге соқтырғанын көріп, шо­шынды, бармақ шайнады, жылап еңіреп, жасын төкті. Жаны ашыған кейбірі басын бәйгеге тігіп, жа­ралы тәртіп сақшыларын, Ұлттық ұланның жас жауын­герлерін ажалдан арашалап қалуға жанұшыра ұмтылды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары бассыз кетк­ен бүлікшілердің орган қызметкерлеріне, әкім­шілік нысандарға шабуылын тойтару үшін арнайы құ­ралдарды, атап айтқанда құлақ тұндыратын жарық­ты-шулы гранаталарды қолдана бастады. Оған жауап ретінде лаңкестер тәнді пәрша-пәрша ететін нағыз гранаталарды лақтырған...

Шабуылдың шырқау шегі

2022 жылғы 5 қаңтарда бүлік Қазақстанның көпте­ген өңірін жайлады. Сарапшылардың байламынша, бейбіт шерулерді лаңкестік шабуылдар алмастырды. Бейберекет, стихиялы жүрген бейбіт наразылық шара­ларынан айырмашылығы сол, қанды бүлік пен лаңкес­тік актілер бір жерден ұйымдастырылған, үйлестіруші, жол бастаушылары болған. Көзі қанға толған қатыгез қанішерлердің мұздай қаруланып алғаны да мәлім болды. Алматы және өзге қалаларда атыс пен жарылыс дүмпуі жұртшылықты жаппай дүрліктірді, елдің бойында алапат үрей ту­ғызды. «Осы арқылы лаңкестер елде халықты қор­ғай­тын билік қалмағанын көрсеткісі келген» деген жора­мал бар. Қан төгілген қазақстандық қалалар майдан даласына айналып кеткендей еді.

 5 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, халыққа басу айтты. – Баршаңызға тағы да айтарым: іштен және сырт­тан болған сан түрлі жалған ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабыл­дауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Ал жастарға ай­тарым: жарқын болашақтарыңа балта шаппаңыздар, жа­қындарыңыз бен туған-туысқанда­рыңыздың жағ­да­йын ойлаңыздар! – деп сабырға шақырған Қ.Тоқаев ха­лықтың барлық заң аясындағы өтініштері мен талап­тары ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатынына сендірді. Мемлекет басшысы жедел шаралар қабылдап, «Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01.30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00.00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі әлеуметтік-эконо­микалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, онда Үкіметті отставкаға жіберді. Қ.Тоқаев халықтың на­разылығын тудырғаны үшін Үкімет, Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін айтты. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылдады: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, бензин, дизель, сұ­йы­тылған газ баға­сына 180 күнге мемреттеу, ал ком­муналдық тарифтерді көтеруге 6 айға мораторий енгіз­ді. Бұдан бөлек, азаматтарды борыш батпағынан құт­қаратын «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң әзірлеуді, осал топтар үшін баспананы жалға алу құнын субсидиялауға кірісуді, «Қазақстан халқына» қорын құруды жүктеді. Алайда арандатушылар парасатқа, ақылға шақыр­ған аталы сөзге тоқтамайтынын анық аңғартты. Жағ­дай шетін шараларды қабылдауды талап еткен. Сарап­шылардың айтуынша, осы кезде Алматы және басқа қалаларда бейбіт тұрғындар емес, лаңкестер және бан­диттер әрекет етті. Олар Қазақстанның 11 өңірінде ойран салып, елді қырғынға, шығынға батырып жатты. Құзырлы органдардың дерегінше, ғимараттарды басып алу, тонау және басқа да қылмыстарға қатысу­шы­лар саны 50 мыңнан асты. 4-нен 5-іне қараған түні қылмыскерлер Алматы әкімдігін басып алып, бар құжатты шашып, нысанды өртеп жіберді. Басып алу процесі нақты үйлестірілгені аңғарылады. Бейнежаз­баларға мына бір мезет түсіп қалыпты: полицейлер жиналған халықпен бейбіт келісімге келуге, ағат әрекетке барудан сақтандыруға тырысуда, алайда кенет топ ішінен суырылып шыққан арандатушы әкімдік алдында тұрған полиция көлігіне өрт қойды және жиналғандарды шайқасқа шақырды. «Арқасы қозған» адамдар екі ортадағы қарусыз полиция шоғырын тапап өтіп, ғимаратқа лап қойды. Ұқсас ахуал, қорқынышты көрініс өзге де қалаларда қалыптасып жатты. Автоматтармен, өзге де қару түрлерімен қаруланған радикалды топтар Алматы қаласының Полиция депар­таментіне 27 рет шабуыл жасаған. Полицейлер қор­ға­нысқа көшіп, түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін шабуылдар­дың бетін тойтара алды. Радикалды топтар не себепті қоймай-қоймай шабуылдаған? Өйткені нысан ішінде қару-жарақ қоймасы болды. Егер мол қару экстремистер қолына түскенде, адам шығыны әлдеқайда көп болуы мүмкін бе еді?! Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың мәліметінше, Алматы және Жамбыл об­лыс­­тарында полицейлер Полиция департамент­терінің ғимараттарын оқ-дәрі және қару-жарақпен бірге тастап кеткен. Бүлікшілердің қолына 1,5 мың бірліктен астам арсенал түсті. Олар аңшылық дүкендерден де қарулар ұрлады. Бүгінде мыңнан астам қару-жарақ табылды. Әр жерде жасырылған арсенал әлі күнге табылып жатыр. Тек Алматының өзінде 7 қару-жарақ дүкені то­налған, 1 564 бірлік қару ұрланған. Куәгерлер түсірген әуесқой видеожазбалардың бірінде тобыр ортасына келіп тоқтаған нөмірі жоқ көліктен бүлікшілерге қару-жарақ таратылып жатқаны бейнеленген. Осы күні Қызылордада 9 автомобиль өртелген. Әс­кери қызметшіні көлікпен басып кеткен. Тағы екі мүрде соңыра табылды. Талдықорғанда бүлікшілер полиция және облыстық ҰҚК департаментінің ғимаратын тар­тып алды. Алматы облысының әкімдігі тып-типыл еті­ліп, өртелді. Маңызды мемлекеттік нысандарға ша­буыл және көліктерді өртеу Шымкент, Тараз және басқа қалаларда өрістеді. Бірден бірнеше өңірдің әкімдіктері бүлікшілердің қолына өтті.

Президенттің пәрменді істері

5 қаңтарда ел Президенті Қазақстан халқына екінші қайтара үндеумен жүгінді. Оның алдында ол барлық өңірде төтенше жағдай енгізген болатын. Елдегі ахуалдың өте күрделі екенін ашық айтқан Қ.Тоқаев Алматыда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатқанын, қаза тапқандар, жара­ланғандар барын жеткізді. – Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-со­ғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатыр. Бұл жағдай Алматының барлық тұрғынына қауіп төндіріп отыр. Бұған төзуге болмайды. Алматыдан басқа кейбір облыс орталықтарында да жағдай ушығып тұр. Осыған байланысты бірқатар өңірде Төтенше жағдай енгіздім. Бұл – қажетті шара! – деді Президент. Ол азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тынышты­ғы­на, Қазақстанның тұтастығына қауіп төнгенін біл­дірді. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ре­тінде, әрі бейбіт тұрғындардың өтінішіне орай сол күн­нен бастап барынша қатаң әрекет ететінін мәлімдеді.

 – Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл қаржыландырылған бүлікші­лер­дің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дә­­лелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті, – деп бүлікшілерге алғаш баға берген Қ.Тоқаев қазақ­стан­дықтардың бойына сенім құйған маңызды сөзді айтты: «Қандай жағдай болса да мен елордада бола­­мын! Ха­лықпен бірге болу – Конституциялық мін­де­тім», – деді ол. Қазақстан лидері мерт болған азамат­тар­дың отба­сыларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Еліміздің барлық өңірінде коменданттық сағат енгізілді. Террористер өз іс-қимылын үйлестіре алмауы үшін интернетке қолжетімділік шектелді. Қолға алын­ған шаралар нәтижесінде 6 қаңтарда бүкіл өңірлердегі тәртіпсіздіктерге қатысушылар саны 11 мыңға дейін азайды. Шегініп, үйді-үйге, ауыл-аймақта тығылған бандалық топтарды жоюға бағытталған антитеррорлық операциялар басталды. 6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізген Қ.Тоқаев «террористерге қарсы штабты өзі басқаратынын» жариялады. Президент бүлікшілердің шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық тер­рористер екенін және олардың Қазақстанға жасаған шабуылын басқыншылық акті ретінде қарастыру қажет екенін айта келе, ҰҚШҰ мемлекеттерінің бас­шы­ларына осы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақ­станға әскери көмек көрсетуді сұрағанын мәлімдеді. ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы Анатолий Си­доровтың мәліметінше, жедел жеткен 2 мыңнан астам жауынгерден тұратын ҰҚШҰ бітімгершілік тобы елді лаңкестік топтардан тазарту операцияларына қа­тыс­қан жоқ, олар маңызды мемлекеттік және әскери нысандарды күзетуге тартылды. Мысалы, беларустік бітімгершілер – әскери аэродромды, әске­ри қару-жарақ қоймасын, алматылық ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ні, армян бітімгершілері – Алматыны нанмен қамтитын комбинатты күзетіпті. Тәжік бітімгер­шіле­ріне жергі­лікті жауынгерлермен бірлесіп, мегаполисті кәусармен жабдықтап отырған су арнасын лаңкес­тердің улауына жол бермеу миссиясы жүктеліпті. Ре­сейлік десантшылар босатылған Алматы әуежайы­ның қауіпсіздігін қамта­масыз еткен. Бір тобы елордаға бағыт алған. Осының арқасында күзет ісінен боса­тылған қазақстандық күш құрылымдары бар күшін контртеррористік операцияға, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге жұмылдыруға мүмкіндік алды. Қазақстан Президентінің пәрменіне орай ҰҚШҰ-ның республикадағы миссиясы 11 қаңтарда аяқталды. 13 қаңтардан бастап, он күн ішінде ұйым әскерилері қа­зақ жерінен әкетілді. Бірқатар сарапшылардың баға­ла­уын­ша, Қазақстанға одақтас мемлекеттер көмекке кел­ген­де, терроршыл топтар өз жоспарының жүзеге ас­­пай­ты­нын, қазақ елін басып ала алмайтынын жете түсінген.

Шеруші емес, терроршы ма?

Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасына берген сұх­­батында мұның бәрі елдегі жағдайды тұрақ­сыз­дан­дыруды мақсат тұтқан қастық ниеттегі күштердің «нақ­ты жоспарланған, үйлесімді іс-әрекеті болғанын» айтты. «Біз Қазақстанға қарсы гибридтік террористік шабуылға тап болдық. Оның түпкі мақсаты жаппай тұрақсыздандырып, бәлкім мемлекеттік төңкеріс жа­сау болса керек. Оларда меммекемелерді, құқық қор­ғау органдарының ғимараттарын басып алудың алго­ритмі болған. Қаруларды басып алу, коммуникация құрал­дарына соққы жасау, жолдарды жауып тастау, инфрақұ­рылымдық объектілерді бұғаттау секілді ша­ра­ларды жүзеге асырды», – деді Мемлекеттік хатшы. Оның пайымдауынша, зиянкес күштер Қазақ­станда түрлі-түсті революция жасай алмайтын еді: «Өйткені елімізде ахуал басқа. Биліктің позициясы орнықты. Бас­қа да факторлар түрлі-түсті төңкерістің классикалық тәсілдерін іске жаратуға мүмкіндік бермес еді. Сон­дықтан Қазақстанда жағдайды тұрақ­сыздандырудың мүл­дем басқа моделі, өзгеше сцена­рийі сынақтан өткі­зілген. Осы мақсатта радикалды және террористік топ­тар пайдаланылды», – деген пікірде Е.Қарин. Сондай-ақ «ішкі және сыртқы деструктивті күштер ымыраласуы мүмкін». Отандық арнайы қызметтер елдегі соңғы оқиғаларға бірқатар радикалды және экстремистік ұйымдар мүшелерінің қатысқанын анықтады. Құзырлы органдар ондай тұлғаларды табу, ұстау жұмыстарын жалғастыруда. Алматы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов брифингте қаладағы тәртіпсіздіктерге, шабуылдарға 20 мыңға дейін адам қатысқанын жеткіз­ді. Отандық, шетелдік сарапшылар: «Алматыға сонша террорист қайдан кіріп кеткен?» деп күмән білдір­гені мәлім. «Қирату, полиция, күш құрылымдарының нысан­да­рына шабуыл, әкімшілік ғимараттарды басып алу, бейбіт тұрғындарға, әлеуметтік нысандарға, аурухана­лар­ға шабуыл жасау және басқасы – мұның бәрі зор­лықшыл экстремизмнің элементтері саналады. Ондай зомбылық әрекеттерін еш ақтауға болмайды. Өзге ел­дерде, соның ішінде Батыста мұндай қылмыстар зор­лықшыл экстремизм және терроризм ретінде си­пат­­талады. Бұл мәселеде мемлекет те, қоғам да бірауызды болғаны жөн. Біз зорлық-зомбылықты жақтайтын экстремизм идеологиясының жолын кесу­ге тиіспіз. Бұл оқиғалар, сөзсіз, терроризм актілері ретінде баға­лануы тиіс», – деді Ерлан Қарин. Алматы қаласына шабуылдаған адамдардың қара­пайым ереуілші, тіпті бассыз кеткен бұзақы емес, жы­мысқы жоспары бар лаңкес екенін айғақтайтын оқиға болды: 5 қаңтардың кешінде бүлікшілердің үлкен тобы Алматы халықаралық әуежайын басып алды. Бейбіт шерушілерге мегаполистің әуе қақпасын басып алудың еш қажеті жоқ екені даусыз. Бұл – шетелден басқын­шылар басып кіруін қарастыратын гибридті соғыстар кезінде пайдаланылатын тәсіл екені мәлім. Террор­шылдардың бұл қадамының құпия-сырын, астарын кейін «Хабар24» арнасына берген сұхбатында Пре­зидент Қ.Тоқаев түсіндірді. Оның мәліметінше, бұл – шетелдік содырларды елге еш тексерусіз, еркін өткізу үшін жасалған. «Сіз содырлардың Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырғанына назар аударған боларсыз. Қазір тергеу анықтағандай, әуежай орталықазиялық қаланың бірінен ұшып келген шетелдік азаматтардың елге өтуін қамтамасыз ету мақсатында басып алынған. Олар дайындықтан өткен содырлар, командирлер. Оларды шекаралық тексеру бекеттерінің қасынан алып өтіп, қалаға енгізіп жіберген. Өз кезегінде олар бірден операцияларды басқаруға кіріскен. Алайда құқық қорғау органдары жағдайды өз қолына алып, мықты тойтарыс бергеннен кейін қайтадан Алматы әуежайы арқылы эвакуацияланған. Содан соң әуежайды босатты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы мұның мұқият жоспарланған операция екенін атап өтті: «Мақсаты – мемлекеттік институттарды жою, конституциялық құрылымды бұзу, ақыр соңында билікті басып алу болған». Бұл нұсқаны куәгерлер мен дәрігерлердің айтқан­дары да растай түседі. Олардың куәлік етуінше, Алма­тыдағы тәртіпсіздікке қатысушылардың кейбірі Қа­зақстанда кең таралмаған жат тілдерде сөйлескен. Қақтығыстардан кейін ауруханаларға жеткізілген жаралылардың кейбірі не қазақша, не орысша түсінбеген деген дерек айтылды.

 Алматыдағы бірнеше редакцияға шабуылға куә болған «Еуразия» телеарнасының бас директоры Сер­гей Киселев Zakon.kz порталына берген сұхбатында «террористердің жақсы дайындықтан өткенін, мұздай қаруланғанын және байланыстың техникалық құрал­дармен жабдықталғанын» хабарлады. Жасақтар 25-50 адамнан құралған екен, әрқайсысының командирі бар, олар бұйрықтарды рациямен алып отырған. «Кейбірі өзара араб тілінде тілдескен» көрінеді. Бас­тапқыда лаң­кестер эфирге шығу үшін телеарналарды басып алу­ды жоспарлаған. Дегенмен, БАҚ қызметкер­лері он­дай мүмкіндік қалдырмай, тез эвакуация­ланғанын түсініп, редакцияларды қиратқан, өртеп жіберген. Телеарна басшысы террористердің бірнеше редакция орналасқан үлкен ғимараттың ішінде таратушы серверлер тұрған техникалық орынжай­лардың нақты қай жерде орналасқанын дәл білгеніне қайран қалады. Тиісінше, ең алдымен сол бөлмелерге жөңкілген. Көк­төбедегі телемұнараға да бірнеше рет шабуыл жа­салыпты, бірақ тәртіп сақшылары олардың ниетін іске асырмай тастады. Радикалды топтар республикалық эфирге шық­қанда жағдай қандай болып кететіні белгісіз. Эфирден сөйлеу – еліміздің бүкіл өңірінде жасырынуы мүмкін «ұйқыдағы ұяшықтардың» жаппай оянып, іске кірі­суіне белгі беруі ықтимал еді деген теория бар.

«Қазақстанда гибридтік соғыс тәсілдері сыналды»

Алматыдағы Президент резиденциясын басып алу операциясы да лаңкестердің арнайы дайындықтан өткенін паш етті. Алдымен темір дуалды жүк көлігімен соғып, жапырды. Стратегиялық нысанның кіреберісін де таран әдісімен бұзып кірді. Ал нысанның күзеті бо­раған оқтың астында қалған. Оқ өткізбес қал­қандардың артына жасырынған лаңкестік топ тоқтаусыз ілгері жылжыды. Қолға түскен тәртіп сақшыларына, сол­даттарға аяушылық емес, асқан қатыгездік көрсеткен. Көшелерде түсірілген бейнежазбаларға талдау жүргізген мамандар мен сарапшылар Алматыға бандиттердің мұқият дайындалған топтары мақсатты, нысаналы түрде шабуыл жасады деген ортақ байламға келді. Ол топтардың әрекеттері алдын ала жоспарлан­ған, жұмыс әдістері нақты үйлестірілген: мысалы, топтың барлаушылары алдымен басып алынатын ны­санның аумағына барлау жүргізеді, тәртіп сақ­шы­лары бекінген тұстарды суретке, бейнежазбаға жаза­ды. Олар нысанды басып алудың күрделілік деңгейін анықтайды. Осыдан кейін шабуыл жасау әдістері таңдалады. Осы кезде топ мүшелері бөтелкелерден «Молотов жарылғышын» әзірлеумен айналысқан. Қорыта айтқанда, дәл Алматыда билікті басып алудың бұған дейін көрініс бермеген гибридтік ұрыс түрлері сынақтан өтті. Бейбіт қазақстандықтардың шеруіне сыналай енген және оларды ысырып, алдыңғы шепке шыққан лаңкестер және бандиттер кейбір ашынған адамдарды өздеріне ілестіріп, стра­тегиялық нысандарды басып алуға бағыттап отырған. Халық алаңдарға еш қарусыз және қарау ниетсіз жиналған еді. Радикалды топтар оларды қалқанға айналдырды, сөйтіп құқық қорғау органдарын тырп еткізбей тастады. Сонымен, бір мезгілде дезинформация, фейк тарату секілді ақпараттық соғыс, идеологиялық диверсия тә­сілдері қолданылған. Мысалы, тәртіпсіздік жасаушылар арасында күш құрылымдарының киімін киіп алған, органдарға еш қатысы жоқ адамдар жүрген. Бірақ осы бейнежазбалар «күш құрылымдары бас көтерген халықтың жағына шықты» деп насихат­талған және видеороликтер шетелдік телеарналардан көрсетілген. Шын мәнінде Алматы тұрғындары бүлікшілердің по­лицейлерді, әскерилерді, Ұлттық ұлан қызметкерлерін ұрып-соғып, шешіндіріп, солар­дың киімін киіп алып жатқанын терезеден көрген, бейнежазбаға түсірген. Бұған қоса, күш құрылым­дарының қызметкері ретінде киінгендердің көшедегі халыққа оқ атқаны туралы дерек бар. Бұл да халықты ашындыру үшін жасалған болса керек. Мемлекеттік хатшы митингіге шыққан бейбіт ха­лыққа күш құрылымдарының, полицияның оқ атпа­ғанын қадап айтты. Олар мұздай қаруланған лаңкестік топтардың шабуылынан қорғану үшін атысты. «Қаралы қаңтар» оқиғалары барысында ресми мәлімет бойынша 4 578 адам жараланған, қаза тапқан 225 адамның мүрдесі моргтерге жеткізілген. Оның ішінде 19-ы – күш құрылымдарының өкілдері. 10 қаңтарда Қазақстан халқы «Қаңтар қырғы­нын­да» адамдар құрбан болғанына қайғырып, Аза тұтты. Радикалды топтардың моргке басып кіріп, өз жақтастарының мәйіттерін алып кеткені хабарланды. Кейіндері қала шетінде адамдар жасырын жерленген белгісіз зираттар табылған деген ақпарат жария етілді. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларында 2 мыңнан астам бизнес нысанына 100 миллиардтан астам теңге көле­мінде залал келді. Қаптаған сауда-ойын-сауық орта­лықтары, сансыз дүкен тоналған. Бұл – әділет іздеген, ақиқаттан сусаған халықтың тірлігі емес еді. «Қаралы қаңтар» лаңкестік шабуылдардың түрі мен тәсілі мүлдем өзгергенін, тиісінше, терроризммен кү­рестің әдістері де өзгеруі қажеттігін паш етті. Бұл оқи­ғаларға дейін қазақ елі әлемдегі ең қауіпсіз, тұрақты ел­дердің бірі саналатын. Тіпті, Global Terrorism Index соңғы рейтингінде Қазақстан 93-орын алды, яғни «террористік қауіп-қатер аз» мемлекеттер қатарында болды. Енді халықаралық сарапшылар елге қатысты бұрыннан қалыптасқан көзқарас-ұстанымын қайта қарап жатыр. Бірақ бастысы ол емес. «Орнында бар оңалар» дейді қазақ даналығы. Ең бастысы, Қазақстан халық­аралық агрессияның бетін тойтарып, мемлекеттік төңкерістің алдын алуға қауқарлы екенін әлемге көр­сетті. 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғалар елді басып алудың жаңа тәсілі ретінде құзырлы органдарға ар­­­нал­ған оқу құралдарына енуі мүмкін, ендігі міндет – ақпараттық терроризммен қабыса жүретін мұндай шапқын­шылықтан қорғанудың әдіс-амалдарын түзу, осындай қайғылы оқиғалардың қайталануына бұдан былай жол бермеу болмақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасында егемен ел ретінде сақталып қана қоймай, қуатты мемлекетке айналатынын зор сеніммен мәлімдеді. Жаңа Қазақ­стан­да экономикамыз анағұрлым қарқынды дами­ты­нын, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түсе­тінін нықтады. Осыған бастайтын қажетті рефор­ма­лар мен нақты іс-шаралар жоспары қабылданып жатыр.

 Айсана ҚАХАРМАН, саясаттанушы:

Олар үрей туғызуды көздеді

– Құқық қорғау органдарының өкілдері оқиғаны саралап, объективті түрде талдау жүргізді. Нәтижесінде, террористердің қарақшылықпен, тонаумен және қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасаумен айналысқаны белгілі болды. Тіпті, басым көпшілігі арнайы дайындықтан өткен. Себебі олар әкімшілік ғимараттар мен әскери объектілерге баса-көктеп кіргенін білеміз. Әуел баста террористер бейбіт шеруге қатысушылардың арасына еніп, жағдайдың басы-қасында жүріп, ел ішіне іріткі салғаны анық. Сол себепті де құқық қорғау органдары оларға қару қолданбады, оқ атпады. Алайда арнайы жасақталған лаңкестердің діттеген мақсаты болған. Олар бірден жеті бірдей қару дүкеніне шабуыл жасап, одан 1 347 дана қару ұрлаған екен. Қарақшылар Полиция басқармасының ғимараттары мен басқа да әскери ведомстволарға шабуылдады. Тіпті, тәртіпсіздіктер кезінде мәйітханаға жеті рет шабуыл жасалғанын білдік. Салдарынан 41 мәйіт ұрланған. Жалпы, лаңкестер қоғамда үлкен резонанс тудыру мақсатында бейбіт тұрғындарды жаппай қырып салмақ болған. Сондықтан көшеде көлікпен өткен-кеткені болсын, жаяу жүргінші болсын, ауладағы тұрғынның бәріне оқ атқан. Сонымен бірге елді әбігерге салмақ болған лаңкестер қауіпсіздік күштерінің киімдерін киіп, қарапайым халыққа оқ атқан тәрізді. Сөйтіп, ел ішінде үрей туғызып, тұрғындардың зәресін ұшырған.

 Ерлан САИРОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Мемлекетке қарсы жасалған қастандық еді

– Қаңтардағы оқиға кезінде Алматыға сырттан содырлар кірді. Аудандық Ішкі істер басқармасы мен бірнеше ғимаратқа шабуыл жасағанын білеміз. Олар сырттан келген, кейбірі қазақша білмейтін содырлар. Сол кезде шетелдің 300-ден астам азаматы шекарада ұсталды деген ақпарат шықты, яғни, қаншама адам Қазақстанға кірген. Олардың барлығы елдің ішінде өмір сүрген және белгілі бір жаттығудан өткен. Одан соң Қазақстанға ҰҚШҰ ұжымдық күштері келді. Тәртіп орнағаннан кейін олар еліне қайтты. Ұжымдық күштердің өзінің белгілі бір нормасы мен процедурасы бар. Бұл әскери күш емес, бітімгершілік күштері болды. Ал «қаңтардағы оқиғаның барлығын қалай Ұлттық қауіпсіздік комитеті көрмеді, алдын алмады?» деген сұрақ туындайды. Алматыда әуежайға содырлар келер алдында жарты сағат бұрын бүкіл күзетті «үйлеріне қайтыңдар» деп қоя берген екен. Яғни, мемлекетімізде белгілі бір қастандық болған. Оның анық-қанығын қазір құқық қорғау органдарының өздері анықтап жатыр.