Басқаны қайдам, Қазақстанда статистикаға сенетін адам сирек. Ресми органдар тарапының «сұлу» цифрлы көрсеткіштері мен шынайы жағдай арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Әсіресе, орташа жалақы, инфляция мен жұмыссыздық деңгейіне қатысты таратылатын ресми мәліметке сенімсіздікпен қарайтындар көп. Бұл мәліметтердің шынайылығының күмән туғызуы өз алдына, кейбір статистикалық деректерге еріксіз езу тартасың. Сонда статистиканың түзілу сыры неде?
Әлем елдерінде де статистиканың шынайылығы өзекті мәселеге айналған. Әсіресе, билік тарапынан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлайтын салалардағы көрсеткіштерді «көркемдеу» бұрыннан келе жатқан тәсіл. Сондықтан болса керек, Ұлыбритания үкіметін екі рет басқарған Бенджамин Дизраэлидің өзі статистиканы өтіріктің кең тараған түрі екенін мойындады.
Санмен ойнауға болмайды!
Ал біздің атқамінерлер қаңтар оқиғаларынан кейін ғана статистика мен шындықтың арасындағы алшақтыққа көз жеткізді. Статистикалық мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын Президент жыл басынан бері бірнеше рет еске салды.
Қаңтар оқиғаларынан кейін Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауаптыларға цифрлармен «ойнауды» қойып, нақты іске көшуді тапсырды. Мемлекет басшысының бұл ескертуі жұмыссыздық деңгейін өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамту көрсеткіші арқылы азайтып көрсеткісі келетіндерге бағытталды. Отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде Президент халықтың тең жартысының табысы 50 мың теңгеден аспайтынын сын тезіне алды. Ал одан 2 ай бұрын Ұлттық статистика бюросы елдегі орташа жалақының 243 667 теңге болғанын хабарлаған. Президент айтқандай жұмысы барлардың тең жартысы 50 мыңға жетер-жетпес еңбекақымен күнелтіп жатқанда орташа жалақыға қатысты бұл мәлімет те халықтың шамына тигені анық. Өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғын үй құрылысының көлеміне қатысты ресми дерекке күмән келтірді. Атап айтқанда, былтыр ел аумағында жалпы көлемі 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған екен. Салада бұрын-соңды болмаған бұл көрсеткіш те Президент назарынан шет қалмады. Ол сол кеңесте жауаптыларға әкімдердің жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосты деген деректі тексеруді тапсырды.
«Өз өтірігімізге өзіміз сеніп келдік»
Президентпен бірге Мәжіліс депутаттары да статистикалық мәліметтерді түзу ісіне шынайылық пен нақтылық жетіспейтінін ашына айтып жатты. Мәселен, Ұлттық банк былтыр инфляцияның 8 пайыздан аспағанын, ал азық-түлік бағасының 20 пайыздан өспегенін растады. Дегенмен Ұлттық банктің бұл мәліметінің өтірігі көп ұзамай әшкере болды. Әсіресе, жыл қорытындыланар сәтте әлеуметтік маңызға ие кей тауар түрлерінің 40-50 пайызға дейін күрт өскені айтылды.
Бір сөзбен айтқанда, бағаны ауыздықтауда басталып, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудағы кешенді шаралар легін қабылдауда Үкіметті жалған статистика «жаңылыстырған» сияқты.
– Статистика елдегі болып жатқан жағдайларға қатысты нақты мәліметтерді ұсынуы керек. Ал бізде бұл мәліметтер бұрмаланған. Өкініштісі, Үкіметтің өзі осы бұрмаланған статистикаға сеніп келген. Және олар шешімді де осы мәліметтер негізінде қабылдап келген, – дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Мәжіліс депутаты бірқатар саладағы статистиканың бұрмаланғанын айтады. Атап айтқанда, орташа жалақы мөлшеріне қатысты дерекке қарапайым азаматтарды былай қойғанда, статистердің өзі сенбейді. Сауда және интеграция министрлігі бағаның өсімі 12 пайыздан аспағанын мәлімдейді. Десе де, тамыз-қыркүйек айларында картоп бағасы 3 есе, құрылыс материалдары 2,5 есе қымбаттаған. Ал Ұлттық статистика бюросы министрлік ұсынған ақпаратты теріске шығарудың орнына оны қалыпты жағдай деп санайды.
Сол секілді 2021 жылы елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деген цифр да күмәнді. Өйткені бұл саладағы шынайы статистика экономикалық белсенділігі төмендер, өзін-өзі нәтижелі және нәтижесіз жұмыспен қамтығандар, NEET жастар сияқты санаттардың «көлеңкесінде» қалып қойған. Мегаполис тұрғындарының санына қатысты деректердің де нақтылауды қажет ететін тұсы жетіп жатыр.
Мәжілісмен отандық статистика саласындағы өзекті мәселені көтерген депутаттық сауалын Премьер-Министр Әлихан Смайловтың атына жолдаған. Әзірге әр жылдары Статистика агенттігін, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетін басқарған Әлихан Асханұлы бұл сауалға жауап қатпады. Дегенмен Қазақстандағы статистиканың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін маман ретінде Үкімет басшысының бұл саланы реформалаудың оңтайлы тетігін табатынына сенім артамыз.
Әркімнің өз «шындығы» бар
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының бас менеджері Аяулым Сағынбаева статистиканы шынайы ету дереккөзге байланысты деген пікірде. Сарапшы статистикалық зерттеулер кезінде әр адам, заңды тұлға нақты ақпарат ұсынған кезде ғана деректердің шынайылығы күмән туғызбайтынын алға тартады.
– Біздегі статистикалық деректердің негізін заңды тұлғалардан және мемлекеттік мекемелерден түскен әкімшілік мәліметтер құрайды. Сонымен бірге респонденттерді кездейсоқ таңдау тәсілі арқылы сауалнамалар жүргізіледі. Демек, статистика осы дереккөздер ұсынған мәліметтер негізінде түзіледі. Сондықтан бұл жағдайда заңды тұлғалар, мемлекеттік мекемелер, респонденттер мейлінше нақты ақпарат беруі керек. Ұлттық статистика бюросы бұл деректерді өзгерте алмайды. Оның үстіне, бұл жүйенің шынайы мәлімет ұсыну қабілеті Еуропалық статистикалық одақ, ТМД Статистика комитеті тарапынан тексеріліп тұрады, – дейді А.Сағынбаева.
Демек, азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатысты деректерді атүсті беруі де күмәнді статистиканың түзілуіне себеп болуы мүмкін. Заңды тұлғалардың табысына, қызметкерлерінің орташа жалақысына, жаңадан құрылған жұмыс орындарының санына қатысты да мәліметтерді «түзетіп» ұсынуынан да статистикаға сенімсіздік «синдромы» пайда болады.
– Мәселен, сауалнама кезінде маусымдық жұмыс істейтін респондент өзін жұмысы бар тұлғалардың санатына жатқызуы мүмкін. Алайда ол маусым аяқталған соң қайтадан жұмыссыздар қатарына енетінін жасырып қалады. Енді біреулер бір мекенжайдан, екінші мекенжайға қоныс аударғаны туралы тиісті органдарға хабарламайды. Заңды тұлғалар да шынайы мәлімет беруден қашқақтап жатады. Мұндай көзқарас орталық мемлекеттік мекемелерде де бар. Қысқасы, дереккөз нақты ақпаратты жария етпей шынайы статистика түзілмейді, – дейді сарапшы.
Осы орайда маман статистика органдарының өкілеттілігін кеңейтуге баса назар аударуды құптайды. Өз кезегінде, бұл өкілеттілік арқылы статистика органдары өздеріне ұсынылатын деректердің шынайылығына көз жеткізу мүмкіндігіне ие болмақ.
P.S.
Расында, соңғы жағдайлар кезінде Президенттің сын садағына жиі ілінген статистика бюросына түбегейлі өзгеріс қажет екені байқалады. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында нақты реформаларды әзірлеуге кіріскен Үкімет те «цензурасыз» мәліметке зәру. Ал ол статистиканы қалыптастыруда нақты жағдайға қатысты шынайы ақпарат беру – әр қазақстандықтың азаматтық борышы. Бастысы, сол ақпарат статистика органдарына жетпей, салалық мемлекеттік мекемелер тарапынан бұрмаланып кетпесе болғаны. Демек, саланы жетілдіру кезінде мәліметтерді өз ыңғайына қарай ұсынатындарды да қатаң жауапкершілікке тарту мәселесін ұмыт қалдырмаған абзал.