Вайнерлер және қаржы пирамидасы
Вайнерлер және қаржы пирамидасы
© коллаж: Әсел Балтақызы
592
оқылды
Қаржы пирамидасын жарнамалап келген вайнерлердің басы дауға қалды. Бірақ бұл дау бұрынғыдан өзгерек. «Тиімді исламдық инвестициялар» туралы айтып, талай адамды табысты болуға иландырып, «Сенімді ұшу» деп ұрандатқан Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Азизжан Саидбаев «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Тағылған айып дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әр постының астарында қаржыны көздейтін жарнамасы «жылтыңдап» жүретін вайнерлерге бейнеүндеу көмектесе ме? «Пирамидадан» пайда тапқан жұлдыздар бұған дейін қылмыстық жауапкершіліктен қалай құтылып кетті?

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ҚҰРДЫ ДЕГЕН КҮДІККЕ ІЛІКТІ

Алматы қалалық соты Төребаев, Шерниязов және Саидбаевтың істі болғанын растап, Қылмыстық ко­декстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету») бойынша күдікті деп танылғанын хабарлады. Вайнерлер Mudarabah Capital қар­жы пирамидасын жарнамалап қана қоймай, сонымен қатар компа­ния­ның тең иелері ретінде тұрақты түрде табыс тауып отырған. Полиция департаменті бас­шы­сының орынбасары Рустам Әбді­рахмановтың сөзінше, қылмыс­тық іс ASTEX.KZ ЖШС мен ACD Tech­­nology ЖШС лауазымды тұлға­ларына қатысты қаржы пирами­да­сын құру және оны басқару фактісі бойынша бір топ азаматтың ша­ғымы негізінде тіркелген. 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін аталған ЖШС-ның лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемле­кеттік сатып алуға қатысу үшін қа­жет болуы мүмкін қаражатты тар­ту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқан. Екі­жақты құжатқа сәйкес, фирмалар ай сайын әрбір салымшыға салған сомасының 20 пайызын төлеп оты­руға тиіс болған. ASTEX.KZ ЖШС-на 162 салымшыдан 2 млрд теңгеден астам қаражат басқа компания – Mudarabah Capital ЖШС арқылы түскен. Бұған дейін осы іс бойынша компанияның бас директоры Руслан Бұрханов қамауға алынған. Ал Төребаев пен Шерниязов 1 000 АЕК, яғни 2 778 000 теңгеден кепіл беріп шыққан, Азизжан 2 айға сырт­тай қамауға алынды. Вайнер­лердің ешқайсысы бұл жағдайға әлі түсінік берген жоқ. Мейіржан Тө­ребаев кеше Шымбұлақта сноу­борд теуіп жүрген видеосын жа­­рияласа, қалған екеуі тым-тырыс.

АЛАЯҚТЫҚ ЖАСАП, АЛҒЫСХАТ АЛДЫ МА?

Mudarabah Capital компания­сының құрылтайшысы Мейіржан Төребаев былтыр «Қазақстан Тә­уелсіздігіне 30 жыл» мерекелік ме­да­лімен мараппатталғаны естері­ңізде ме? «Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыт­қаным үшін. Ештен кеш жақсы. Мойындағаныңызға рақмет!» деп әлеу­меттік желідегі парақшасында мақ­тана жазған еді. Бұл Mudarabah Capital компаниясының басшысы Руслан Бұрқанов қаржылық пи­ра­мида ұйымдастырды айыппен уа­қытша қамау изоляторында отыр­­ған кезі. Ал желі қолдану­шы­лары «Адам­дарды пирамидаға кір­гізіп, марапат алды» деген күмәнді ойын жарыса жазып еді. «Гарант 24» және Estate Ломбард секілді компанияларының айна­ласында айқай-шу шығып, жүз­деген салымшы салған ақшаларын қайтара алмай қиналғанда да вай­нер Мейіржан Төребаевтың аты-жөні жылт еткен. Әншілер Айқын Төлепберген, Ернар Айдар, сондай-ақ актерлер Асылхан мен Артур Төлеповтермен бірге «жарнамала­рына сеніп қалдық» деп ағынан жа­рылып еді. Әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы халықтан ке­шірім сұрады. Олар бейнеүндеуде өздерінің де аты аталған қаржы ұйы­­мының құрбаны болғанын ай­тып, ақталды. Әнші Айқын досы­мен бірге көлігін кепілдікке қойып алданғанын айтса, Артур Төлепов салымшы ретінде отбасының жи­нап жүрген қаражатынан 13 млн теңге жұмсағанын айтып ағынан жарылады. Ал белгілі вайнер Ме­йіржан Төребаев «Гарант 24 Лом­бард», «Estate Ломбард» компания­сын сотқа беретінін мәлімдеген. «Міне, Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы Есіл аудандық ішкі істер бөлі­міндемін. Мені алдап, көлігімді алып қойғаны туралы шағым жаз­дым. Мен де ломбард құрбанымын. Өкінішке қарай, біз де сеніп қал­дық», – деді ол бейнежазбасында. Мейіржан ломбард өкілдері құжат­тарын көрсеткеннен кейін сеніп қалғанын айтып, сүттен ақ, судан таза болып шықты. Бір ескеретін жайт, Қылмыстық кодекстің 212-бабына сәйкес, қар­жылық (инвестициялық) пирами­даны құруға дем берушілік немесе оған және оның құрылымдық бө­лімшесіне басшылық ету туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жо­лын кесуге белсенді түрде ықпал еткен, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы ұйымдастырушыдан басқа адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қыл­мыс­тық жауаптылықтан босаты­лады. Яғни, осы тұста «ауадан ақша жасап» заңға қарсы келетін қар­жылық пирамиданы табыс көзіне айналдырғандар заңды жақсы біледі деген ой келеді. Аталған бапқа сәйкес, осындай құқықбұзушылыққа барған адам жасаған қылмысының ауырлығына қарай айыппұл төлеуі, не қоғамдық жұмыстарға тартылуы, болмаса бас бостандығы шектеліп, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін. Жазаның ең ауыр түрі – 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру. Ал вайнер­лерге Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және оған бас­шылық ету») бойынша айып тағы­лып отыр. Демек, айыбы дәлел­ден­се, айыппұлмен құтылып кете ал­майды. Себебі олар қаржы пирами­дасын жарнамалап қана қоймай, сонымен бірге оның тең иелері ретінде үнемі табысқа ортақтасып отырған, сол қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілікті. Жалпы, соңғы 3 жылда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 217-бабы (қаржылық (инвестиция­лық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша 365 ма­териал тіркелген. Бүгінде 126 адам жауапқа тартылды. 38-і сотталса, қалғанына қатысты тергеу жұмыс­тары жалғасып жатыр. Қамауға алынғандар арасында «Гарант 24 Ломбард» ұйымдастырушылары (17 адам жапа шеккен) бар. Сонымен қатар «L-Капитал» пирамидасының екі көшбасшысы сот шешімін күтуде. Бұл пирамидадан зардап шеккен 300 адам 260 миллион теңгеден айырылған. Ал Evolution corp алданған жандардан 3 млрд теңге жинаған. Ұйымның барлық мүлкі тәркіленген, сондықтан жапа шеккен жандардың жолы болды. Көбіне алаяқтардың қаржысы шетелге шығарылғандықтан табу қиын.

ЗАҢНЫҢ ОСАЛ ТҰСЫН БІЛЕДІ

Әлеуметтік желіде «қыруар қар­жы­ға қарық қыламын» деген алаяқ­тардың арам ойын іске асыруда тап­тырмас алаңға айналғанда жұл­дыздарды жауапқа тарту мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Бұған дейін өнер жұлдыздары талай адам­ды тақырға отырғызған алаяқ­тар­дың компанияларын желіде ашық жарнамаласа да, еш жауапкер­ші­лікке тартылмады. «Мән бермеп­пін», «Ұят болды», «мен де алдан­дым» деп ақталып, халықтан ке­шірім сұрап құтылып кетті. Таны­малдарды тарту арқылы «сенімге кіру» сәнге айналған шақта ра­сымен алаяқтарға алданды ма, әлде өздерін солай ақтады ма, бір өз­деріне аян. Айтыскер Балғынбек Има­шев­тің басы даудан арылмай келеді. Оның «300 мұқтаж жанға үй әпе­ремін» деп қор құрғаны белгілі. Қор­ға кіріп, мүше болу былай тұр­сын, үй алуға тұрған іштегі кезекті саудалаған сыңайлы. Бір кезек 150 мың теңге екен. Осы қорға алданып қалғаны жайында бір топ әйел шағымданып шықты. Оның ал­дында да ақын Сарамен бірге жат­пай-тұрмай кооперативке жарнама жасап жүргені де күмән тудырды. Amanat home кооперативіне қа­тысты дау-дамайда өзін жұртқа кооператив басшысы ретінде та­ныстырып келген Көңілбай Шүке­новтің бұған мүлдем қатысы жоқ болып шыққан. 4,3 миллион оқырманы бар Баян Мақсатқызы атышулы Аstex компаниясын жар­намалап: «Бұл Қазақстандағы жалғыз компания, соның арқа­сын­да тендерлік жоба­ларға инвестиция салып, тәуекелге бармай-ақ ақша табуға болады» деп жалпақ жұртқа жария салған еді. Әлеуметтік желіні шарлап кеткен бейнежазбада жұрт­қа белгілі ол ақша салу мәселесіне келгенде осы компанияның құрыл­тай­шылары – ағалы-інілі Алмас пен Шыңғыс Құр­манғалиевтерге сенім арта­ты­нын жеткізіп, жауап­кершілікті со­ларға бұрып қойды. Өнер адамдарының ішінен қар­жы пирамидаларына алдымен Ер­нар Айдар тұтылды. Ол жарнама­лаған ұтыс ойнындағы көліктерді ұйымдастырушылардың жалға алғаны анықталған еді. Сондай-ақ лотереяда аталған пәтерлер шын мәнінде жоқ болып шықты. Ал алаяқ­тар компьютер арқылы жал­ған лотерея жасап, өтірік нөмір­лер­дің «ұтқанын» хабарлаған. Мони­тордың арғы жағындағы қатысу­шылар кімнің «жолы болғанын» білмейтіндіктен, ұйымдасты­ру­шылар лотереяны осылайша оңай аяқтай салуға тырысқан. Бірақ Экономикалық тергеу департаменті ұтысқа тігілген автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін тексеріп көрді. Сөйтсе, олар жалға беретін мекемелердің балансында тұр екен. Ал жалған лотерея иелері көлікті жалға алып, жарнама түсіріп, оны кейін қайтарып берген. Есесіне, Ернар Айдар арқылы 20 мың билет­тің әрқайсысы 10 мың теңгеден са­тылып, жалпы сомасы 200 мил­лион теңге пайда түскен. Сонымен, карантинде онлайн ұтыс ұйымдас­тырғандар алаяқтық бабы бойынша күдікке ілініп, уақытша тергеу изо­ляторына қамалды. Ал оларға алданғанын дәлелдеген әнші Ернар Айдар қамаудан босап шығып, бейнеүндеу арқылы көпшіліктен кешірім сұрады. Қарапайым халық қатты сенетін танымал азаматтар жарнамаға қа­тыспаса, материалдық шығын мен заңсыз бизнеске тартылған адам­дардың саны әлдеқайда аз болар еді. Енді неге қаржылық пирами­даны жарнамалаған өнер жұлдыз­дары бейнеүндеумен құтылды? Себебі жарнама жасаушы әнші ме, вайнер ме, желідегі жазылушысы аз ба, көп пе, оның барлығы ешқандай рөл ойнамайды. Өнер адамдарының халықты алдауға тікелей қатысы жоқ деп танылып, жауапкершіліктен босады. Заңгер Жанпейіс Назарғали да ойымызды қуаттап, заңның осал тұсы осы деп отыр. «Алаяқтық бабы бойынша қыл­мысқа тартуды күшейтпесе, мәселе шешімін таппайды. 2-3 жыл бұ­рын­ғы ломбардқа автокөлік қою жа­йында ұмытпаған боларсыз, олар да осылай жазадан құтылып кеткен еді. Қылмыстық әрекетті жарнама­ла­ғаны үшін не салық төлемейді, не қылмысқа тартылмайды. Заңның ең осал тұсы – осы. Соны жақсы түсініп алған бәрі», – дейді Ж.На­зарғали.

ТАНЫМАЛДАР ЖАЗАДАН СЫТЫЛА МА?

Мейіржан Төребаевтың жары, актриса Дана Есеева бір сұхбатында кезінде алаяқтарға алданып, тір­нектеп жинаған 20 мың долларынан айырылып қалғанын айтқаны бар. Сөйтіп, басыбайлы баспаналарына 2019 жылы ғана қол жеткізіпті. Жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрып келген көпбалалы отбасы алаяққа алданудың қандай екенін біледі. Бір емес, бірнеше рет. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегенді ескер­сек, «Гарант 24» және «Estate Лом­бард»-тың тақырға отырғызғаны жазған арызымен қоса ұмытылған сияқты. Халық желідегі жұлдыздар­дың жылтыраған өміріне қызығып, тез баюға ұмтылады, несиеге қарыз алып, қаржысын қаржы пира­ми­дасына құрудан тайынбайды. Ал олардың көксегені қаржылық ұйым құрып, сеніміне ие болған халық­тың ақшасына баю болса, таны­мал­дардан не қайыр... Мәселенің ақ-қарасы анықтала жатар. Бастысы, жарнаманы табысқа айналдырған желідегі жұлдыздар да, миллион­даған оқырманы барларды құда­йындай көретін халық та бұл даудан сабақ алса игі. Екінші, хан да, қара да заң алдында тең екені сөз жүзінде қалмауы тиіс.