Солтүстік Қазақстан облысында ана мен бала өлімі өршіп барады. Бұған тиісінше бақылаудың жоғы, учаскелік дәрігерлердің нашар жұмысы, тар бейінді дәрігерлердің жетіспеушілігі, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердің туа біткен ауруға шалдығу көрсеткішінің артуы себеп. Солтүстік өңірде былтыр алты мыңнан астам нәресте дүние есігін ашса, соның ішінде 74-і бір жасқа толмай шетінеген. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 балаға артық. Ал 5 жасқа дейінгі балалардың өліміне келсек, былтыр – 87, 2020 жылы 70 сәби көз жұмған. Өз үйінде қайтыс болған балалардың саны екі есеге артқан: 2020 жылы бесеу болса, былтыр – 10. Тыныс алу органдары ауруларының салдарынан бала өлімі бес есеге артқан. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, әсіресе Мағжан Жұмабаев, Есіл, Аққайың, Қызылжар, Тайынша, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында, сондай-ақ Петропавл қаласындағы №1 және №3 емханаларында бала өлімінің көрсеткіші көбейген. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Нұрлан Жақыповтың айтуынша, бала өлімінің себептері арасында перинаталды кезеңде пайда болатын аурулар жиі кездеседі. Барлық өлім-жітімнің 50 пайызының себебі – осы. Ал туа бітетін ауытқулар өлім себептерінің 28 пайызына жетіп отыр. Соның ішінде ең жиі кездесетіні – жүрек-қан тамырлары аурулары. Нұрлан Назымұлы атап өткендей, туа біткен ауруларға байланысты шетінеген сәбилердің барлығының да дерті дер кезінде анықталмаған. Ультрадыбыстық зерттеу жүргізген кезде мамандар бұл ауруларды көрмеген немесе «қолдарын мезгілінен кеш сермеген». Кейбір жағдайларда жүкті әйелдердің өздері кінәлі: олар есепке уақытылы тіркелмеген немесе маңызды скринингтерден өтпеген. «Бір ғана мысал: әйел жүктіліктің 10-шы аптасында бірінші скринингтен, 22-ші аптасында екінші скринингтен өткен. Ол кезде ешқандай ауру белгілері анықталмаған. Ал 29-30-шы аптада жүргізілген үшінші скрининг барысында шарананың іш қуысында туа біткен ақау бар екені белгілі болған. Осындай мысалдардың жалпы саны – 11. Ауру ерте бастан анықталса, ауру бала тууының алдын алуға болар еді», – дейді дәрігер. Мамандардың айтуынша, 19-шы аптаға дейін дерт анықталып, 22-ші аптаға дейін жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылдануы тиіс. Ал үйінде қайтыс болған 10 баланың төртеуінің өліміне жіті респиторлық инфекция себеп болған. Суық тиген балаларды ауруханаға апармай, үйде емдегеннің салдары осылайша опық жегізді.
АЛДЫН АЛУ МҮМКІН БЕ?
Дәрігердің пікірінше, сәби өлімінің алдын алу үшін жүктілікті ерте жоспарлау, бала көтере алатын жастағы әйелдерді сауықтыру, болашақ аналарды босануға мұқият даярлау, жүктілік бойынша есепке ерте тұру, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жүкті әйелдерді толыққанды бақылау, ультрадыбыстық-скринингтік зерттеулерді уақытылы жүргізу және қандай да бір ақаулар анықтала қалса, жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылдау қажет. Сондай-ақ ол қалалық және аудандық ауруханалар жүкті әйелдерді ультрадыбыстық зерттеуден өту үшін көпбейінді облыстық аурухананың перинаталдық орталығына уақытылы жолдаудың маңызына тоқталды. Себебі Аққайың Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Есіл, Шал ақын, Мамлют аудандарында және Петропавл қаласындағы №2 және №3 емханаларда шараналардың дерттері уақытылы немесе мүлдем анықталмағаны тіркелген. Қолда бар мәлімет бойынша, мұнда диагностикалаудың осы түрінен бүгінде жүкті әйелдердің тек 78 пайызы ғана өтеді екен. Қалғандарының таңдауы жекеменшік кабинеттер немесе көршілес Ресейдің клиникалары. Перинаталдық орталық директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, жекеменшік кабинеттердің барлығы бірдей сараптамалық УДЗ-аппараттарымен қамтылмаған. Ал перинаталдық орталықта осындай 4 аппарат бар екен. Бірақ УДЗ жасайтын дәрігер тапшы. «Жүкті әйелдерді жекеменшік кабинеттер өздеріне бұрып әкетеді. Біз осы мәселе министрлік деңгейінде шешілуі тиіс екенін көтерген болатынбыз. Нәтижесінде, өтінішіміз орындалды: бұдан былай перинаталдық скрининг жүргізетін УДЗ дәрігерлерінің тиісті сертификаты болы керек. Ана мен бала ұлттық орталығында ондай сертификатқа ие болу оңай емес», – деді Елена Станиславовна. Оның айтуынша, бүгінде облыстық перинаталдық орталықта астаналық орталықтан оқып келген екі дәрігер жұмыс істейді. Енді тағы екі дәрігер болса, орталық перинаталдық скринингті толығымен өз мойнына алуға әзір. Былтыр тамызда перинаталдық орталықта генетикалық FISH-зертхана ашылыпты. Содан бері 70-тен астам әйел осындай диагностикадан өткен екен. «Олардың 14-інің бойында генетикалық ауру бар екені анықталып, жыл соңына дейін 12-сінің жүктілігі тоқтатылды. Былтыр біз 1100 консультациялық комиссия өткізіп, 70 генетикалық және басқа да ақауларды анықтадық. 33 әйелдің жүктілігі тоқтатылды. Хирургиялық жолмен емдеуге болатын шараналар айы-күні жеткен кезде Ана мен бала ұлттық орталығына жолданып, сол жерде туа сала ота жасалды. Дегенмен жүргізіліп жатқан жұмыс әлі де жеткіліксіз: туа біткен жүрек ақауы бар алты нәрестеден айырылып қалдық. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданынан бір әйел Нұр-Сұлтанға барып босануы керек еді. Бірақ коронавирус дертіне шалдыққандықтан, орталық оны қабылдамады. Бізге телемедицина арқылы ақыл-кеңес бергенімен, нәрестенің өмірін сақтап қала алмадық», – деді Елена Калюжная.«АУРУ АНАДАН АУРУ БАЛА ТУАДЫ»
Перинаталдық орталық директорының айтуынша, бойында қандай да бір дерті бар әйелдердің жүктілігі көп қиындық туғызады. «Денсаулығы дімкәс жүкті әйелдер – бүгінгі күннің ең көкейкесті мәселесі. Бала көтермес бұрын әйелдер дайындалуы керек. Біздің келіншектер аяғы ауырлаған соң ғана емделе бастайды. Уақытынан бұрын салмағы 800 грамм бала туғаннан кейін барлық күш-жігерімізді, қаржымызды сол нәрестенің өмірін сақтап қалуға жұмсаймыз. Ауру анадан ауру бала туады», – деді Елена Станиславовна. Нұрлан Жақыпов балаларға медициналық көмек көрсетуде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты қатаң сақталуы керегіне тоқталғанына қарағанда, өз білгенінше емдейтіндер де бар сыңайлы. «Үйдегі өлім-жітімге жол бермеу үшін дереу бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында патронаж қызметінің жұмысы жандандырылуы, оның жұмысына тиісінше күнделікті бақылау жасалуы керек. Патронаж неше рет қатынады, қызмет көрсету сапасы қандай – бәрін бақылау қажет.», – деді Нұрлан Жақыпов. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов учаскелік қызмет пен тар бейінді мамандардың жұмысында кемшілік бар екенін мойындады. «Былтыр он оқиға бойынша, соның ішінде бала өлімі де бар, аудандарға барып, медициналық кеңес өткіздік. Соның барысында жұмыста көптеген кемшіліктер бар екені анықталды. Сол кемшіліктердің көбі әлі күнге дейін түзелмеген. Бұған ең алдымен қызметкердің жауапкершілігінің төмендігі мен бас дәрігерлер тарапынан бақылаудың жоқтығы себеп. Ал облыстық балалар ауруханасы тарапынан курация жасау мен үйлестіру жұмыстары тиісінше жүргізілмейді. Бұған кадр тапшылығы кері әсерін тигізіп отыр. Көптеген жылдар бойы кадр тапшылығы өте төмен қарқынмен шешілуде. Яғни облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері ағымдағы жағдайға ғана жұмыс істейді. Сондықтан бұл мекеме кадр мәселесін шешумен белсендірек айналысуы керек», – деді Нұрлан Бақдәулетұлы. Жалпы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Баязитовтың айтуынша, облысқа 285 дәрігер жетіспейді. Былтыр өңірге жолдама бойынша келуі тиіс болған 99 дәрігердің 49-ы ғана келіпті. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев ана мен бала өлімі бойынша өңірдегі бір де бір медициналық ұйымның көрсеткіші жақсармағанын сынға алды. «Бұл көрсеткіш не бұрынғы деңгейде қалған, немесе арта түскен. Бұл – облыстың жүйелі проблемасы», – дейді өңір басшысының орынбасары. Жуырда ана өлімін жасырмақ болған солтүстікқазақстандық дәрігерлердің әрекеті жаға ұстатты. 34 жастағы көпбалалы Әйгерім Қазезова облыстық ауруханада қайтыс болғаннан кейін оның құжаттары қолдан жасалып, марқұм болған «науқас» аудандық ауруханаға «ауыстырылған». Тіпті, өз аяғымен келгені, сонда емделгені, консилиум болғаны туралы жазбалар бар. Шын мәнісінде тамыз айында жерленген оның өлімін дәрігерлер бір айдан соң ғана жариялағанын бүгінде тәуелсіз тексеріс анықтап отыр. Дәрігерлер ана өлімін жасырып, бұл жағдайды ковидпен байланыстырыпты. Тексеріс аяқталған соң іс метериалдары құқық қорғау органдарына тапсырылмақ. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтыр жыл бойына 5 ана өлімі тіркелсе, биыл жыл басталмай жатып 2 ана қайтыс болыпты.Солтүстік Қазақстан облысы