Бір жылда 54 мың тонна зиянды қалдық ауаға шыққан
Күн сайын деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ, облыстық Экология департаментінің мәліметінше, тек жыл басынан бері, яғни, бір жарым айға жуық уақыттың ішінде қалада 25 ҚМЖ тіркелген. Ал былтыр бір жылда осындай 42 факті есепке алыныпты. Өскеменнің ауасын қадағалаумен айналысатын «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы қызметкерлерінің айтуынша, жай күндері де, ҚМЖ болған күндері де ауаға қалқыма бөлшектер (шаң), күкірт диоксиді, күкіртті суте-гі, көміртегі оксиді, азот диоксиді, фенол, фторлы сутек, хлор, хлорлы сутек, формальдегид, күкірт қышқылы, күшәннің анық-талмаған қосындысы, бензапирен секілді зиянды заттар ауаға шығады. Экология департаментінің деректеріне сүйенсек, Өскемендегі ауаға шығарылатын қалдықтың жалпы көлемі 164 369 тонна. Оның 90 031 тоннасы (56,7 %) автокөліктерге, 54 548 тоннасы (34,3 %) кәсіпорындарға, 14 100 тоннасы тұрмыстық пештерге (8,8 %), 5 690 тоннасы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына (0,2 %) тиесілі. 2021 жылы қаладағы барлық кәсіпорындардан ауаға 54 мың тоннадан астам шығарынды бөлінген. Өскемендіктер жалпақ тілде «НМУ» (неблагоприятное метео-условие) деп айтылатын, шаһардың шаңытып, мұнарланып, тұманданатын күндері не істеу керектігін біршама біледі. Шаһар тұрғындары «Мұндай күндері далада аз жүру керек. Әсіресе, бала-шаға мен үлкен кісілерді сыртқа шығармаған жөн» десе, тағы бірі «Мұндай күндері сүт ішу керек, аздап, қасықтап ащы судан алып жүргеннің артығы жоқ» деп жатады. Қысқасы, ел арасында осындай әзіл-шыны аралас әңгіме көп. Ал облыстық Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары ҚМЖ күндері балаларды балабақшаларда серуенге шығармауға, мектептерде далада денешынықтыру сабақтарын өткізбеуге, үйдің терезелері мен желдеткіштерін жабуға, қайнатылған, тазартылған немесе газсыз сілтілі минералды суларды ішуге, ас содасының шамалы ерітіндісімен ауыз қуысын жиі шаюға, витаминді сусындарды, шөптердің қайнатпасын, табиғи шырындарды тұтынуға, балалардың тамақтану рационында сүт өнімдері, ірімшік пен еттің көп болуы жөнінде кеңес береді.Елуінші жылдардағы ескі цехтар әлі де бар
Дәл қазіргі уақытта қала тұрғындарын ҚМЖ-дан қалай сақтану мәселесі емес, «Шаһардағы газдан қашан құтыламыз? Қаладағы кәсіпорындар тұрғындарды қашанға дейін улай береді? Бұған тыйым бола ма, болмай ма?» деген сауалдар көбірек мазалап жүргені рас. Облыстық Экология департаменті 9 ақпанда тұрғындар көкейіндегі осындай сұрақтарға жауап беру мақсатында арнайы брифинг өткізді. Оған қаланы ластаушы кәсіпорындардың өкілдері онлайн режимде қатысты. Өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі «Қазцинк» ЖШС-ның бас экологі Қазтай Тәкеевтің айтуынша, кәсіпорын «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін эмиссияларды 20 пайызға дейін азайтуды жоспарлап отыр. «Біздің компанияда 4 күкірт қышқылы құрылғысы бар. Оның үшеуі – Өскеменде, біреуі – Риддерде. Олардың әрқайсысына қосымша тазалау құрылғысын қоймақ ойымыз бар. Біз ең әуелі өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері жұмыс істеп тұрған ескі күкірт қышқылы цехының құрылғысын ауыстыруды жоспарлап отырмыз», – деді ол. Ал қаланы ластаушы тағы бір кәсіпорын Өскемен жылу электр орталығының бас экологі Марина Стрельцова алдағы уақытта жаңа қазандық салып, Еуропа елдеріндегідей жаңа технологияларды қолдануды жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті. Еуропа демекші, жылу орталығы автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу мақсатында Финляндия мен Германиядан тазарту құрылғыларын алдырғанымен, орнату кезінде мәселелер туындағанын да жасырмады. «Себебі олар газға негізделген. Біз әлі күнге дейін көмір жағамыз», – деді кәсіпорын өкілі. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын шамасында, нақты айтсақ, 2019 жылдың желтоқсан айында Өскеменді дәл қазіргідей көк түтін басып, қала тұрғындары дабыл қаққанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов қалаға арнайы келген болатын. «Қалада қолайсыз метео жағдай болған кезде кәсіпорындар өндіріс көлемін азайтуы керек. Экология министрлігіне ауа сапасы көрсеткіштері сағат сайын беріліп отырмайтындықтан, бұл мәселені бақылауда ұстау мүмкін емес. Бар үмітіміз – алдағы жылдары қабылданатын жаңа Экологиялық кодексте. Жаңа заң бірінші санатқа жататын барлық өндірістік кәсіпорындарға (Өскемен қаласында олардың саны – 28) автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуді міндеттейді. Соның нәтижесінде экологтер зауыт жұмыстарын онлайн режимінде бақылап қана қоймай, ауаға бөлінген зиянды заттар көрсеткішін де көре алатын болады» деген еді. Экологиялық кодекс қабылдануы қабылданғанымен, автоматтандырылған мониторинг жүйесі өңірдегі кәсіпорындарға тек 2023 жылдың қаңтарынан бастап енгізілмек. Демек, әлі күтуге тура келеді.Дәрігерлер не дейді?
ҚМЖ күндері қала тұрғындарында түсініксіз жөтел пайда болып, тамақтары қышып, бастары ауыратынын жоғарыда айттық. Облыстық Экология департаменті өкілдері шаһардағы дәрігерлер бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлмей жүргеніне қынжылысын білдірді. «Бізге тұрғындар жиі шағымданады. Бірақ қаламыздағы дәрігерлер «тамақтың қышуына, бастың ауруына ауаның ластығы кінәлі» деп нақты диагноз қойған жоқ. Меніңше, Өскемендегі газдан кейбір тұрғындардың ауырып қалатынын мойындап, аурулар тізіміне енгізетін кез жеткен секілді. Газдан тамағы ауырып барғандарға ОРВИ деп жалпылама диагноз қояды біздің дәрігерлер. Осы мәселені, яғни қаладағы лас ауа райынан тұрғындардың сырқаттануын аурулар тізіміне енгізуді біз облыстық Денсаулық сақтау басқармасына ұсындық», – дейді аталған департаменттің басшысы Данияр Әлиев. Біз осы мәселеге орай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық, бірақ тиісті жауап ала алмадық. Ал өңірімізге белгілі дәрігер, Өскемендегі «Ана мен бала орталығының» бұрынғы директоры Рая Рахимова департаменттің ұсынысын қолдайтынын жеткізді. «Қазір дәрігерлер бірінші кезекте коронавирусқа көңіл бөледі де, сол бойынша сараптама жасайды. Бірақ ештеңе таппайтын жағдайлар өте көп. Тұмау деп қарастырамыз, бірақ тұмаудың белгілерін таппаймыз. «Дәрігерлер диагноз қоймай жатыр» деп бізді де кінәлауға болмас. Диагноз қою оңай шаруа емес. Ол үшін әуелі кешенді диагностикалық зерттеулер қажет. Біз қазір кез келген Өскеменнің тұрғынына зерттеу жасай алмаймыз. Қай жылы екені есімде жоқ, осыдан үш-төрт жыл бұрын Өскеменнің ауасы ең лас деген аудандарында тұратын 5 жасқа дейінгі балалардың шаштары мен тырнақтарынан үлгі алып, зерттеу жүргізгенбіз. Осындай зерттеулерді қайта қолға алып, бір шешімге келетін уақыт жетті деп ойлаймын», – дейді дәрігер.Шығыс Қазақстан облысы