Қаржы пирамидасын құрды және басқарды деген күдікке ілінген вайнер Азимжан Саидбаевқа іздеу жарияланды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағында (қаржылық "инвестициялық" пирамиданы құру және оған басшылық ету) көрсетілген қылмысты жасады деген күдік бойынша Қырғызстан Республикасының тумасы, 30.09.1986 жылы туған Саидбаев Азимжан Алымжанұлына іздеу жарияланды. Бұлтартпау шарасы: күзетпен ұстау", – делінген Рустам Әбдірахмановтың хабарламасында.Полицейлер іздеу жарияланған Азимжан Саидбаев туралы мәлімет болса, +7 701 758 67 60, +7 708 683 94 33 және 8 (727) 254 43 51 телефондарына хабарласуды сұрайды. Бұған дейін Алматы қалалық соты танымал вайнерлердің ұсталуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.