Қазір қамауда отырған негізінен жастар – Абзал Құспан
Қазір қамауда отырған негізінен жастар – Абзал Құспан
339
оқылды

Заңгер Абзал Құспанның бастамасымен қаңтар оқиғасына байланысты құрылған "Аманат" комиссиясы бүгін журналистерге брифинг берді. Комиссияның қатысуымен 22 қаңтардан бүгінге дейін 85 адам қамаудан шығарылған. Оның ішінде Алматы қаласынан 68 адам, Алматы облысынан – 9, Шымкент қаласынан – 8. Соның арасында 12-сі кәмелетке толмаған бала, екі әйел бар. Алдағы уақытта ШҚО-да – 24 адам, Шымкентте бес адам босатылмақ.

"Қамаудан шыққандар, әрине, толықтай кінәсіз дей алмаймыз. Неғұрлым кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар басым болса шығарылады. Біз негізінен бас бостандығынан айыру шарасын өзгертуге, айыпты жеңілдетуге қол жеткіздік", - дейді Абзал Құспан. Оның айтуынша, комиссия адамдарды іріктеп шығаруды ойламайды. "Қазір қамауда отырған негізінен жастар. Мысалы, 10 адам шығарсақ, соның үшеуінің іздеп келетін ешкімі жоқ, адвокат жалдауға жағдайы ол жоқ. Біз және тағы басқа таныс қорғаушылар тегін қызмет көрсеттік. Шыққанда баратын жері болмағандарды таныстар арқылы орналастыруға атсалыстық. Іріктеп шығарды деген пікірлер айтылып жатса, ол жансақ деп есептейміз", - деді Құспан. Комиссия бұл брифинг аралық есеп беру екенін хабарлап, жұмысты ары қарай жалғастыратынын мәлімдеді. "Аманат" бүгінге дейін Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, ШҚО, Жамбыл облыстарында жұмыс істеп келген. "Біз енді әр өңірге барып, әр адаммен кездесіп, олардың ісімен жеке-жеке қарап, орталық органдар арқылы тиімді жұмыс істемекпіз. Бас прокуратура мен Президент әкімшілігі арқылы жүйелі жұмыс істемесек, әр істі жекелеп қарау көп уақыт алады", - дейді комиссия төрағасы. Сондықтан "Аманат" комиссиясында екі өкілеттік бар. Бірінші, тергеу изоляторларына кіріп, қамалғандармен көзбе-көз тілдесу; екінші, қылмыстық іс құжаттарымен танысу.