Фракция жұмысының басымдықтарын нақтылады
Фракция жұмысының басымдықтарын нақтылады
330
оқылды
Ерлан Қошанов Мәжіліс­тегі «Nur Otan» фракция­сының жетекшісі болып сайланды. Мәжіліс Спикерінің кан­дидатурасын Вице-спикер Павел Казанцев ұсынып, депутаттар бірауыздан қолдады. Өз кезегінде палата Спикері депутаттарға фракция жетекшісі ретінде қолдағандары үшін алғыс білдірді. Ерлан Қошанов фракция жұмысын жаңа деңгейге көте­ре­тінін айтты, Мемлекет басшысы, «Nur Otan» партиясының Төра­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 28 қаңтарындағы «Nur Otan» партиясының кезек­тен тыс XXI съезінде фракция жұмысын қайта бастау туралы тапсырмасына ерекше назар аударды. Фракция басшысы өз сөзінде партия Төрағасының қойған жеті басым бағытын және оған түбе­гейлі реформа жасап, қайта құру қажеттігін айтты. Палата Төра­ғасы барлық депутат сенім ман­датын алып, көпшілік депутаттар праймериз арқылы өтіп, өңір­лердің тіршілігін жақсы білетінін алға тартты. Сонымен қатар бұл аймақтардағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беретініне тоқталды. Отырыста Мәжіліс Спикері фракция алдында тұрған жаңа міндеттерді ескере отырып, заң жобалау қызметінің сапасын арттыру, депутаттық сауалдардың өзектілігін арттыру, талдау және өңірлердегі жұмыс мәселелері бойынша партияның Орталық аппаратымен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырып, фракция депутаттары ақпараттық жұмыс­қа, оның ішінде әлеуметтік желі­лерге де баса назар аударуы кере­гін айтты. Мәжіліс Төрағасы осы жыл­дың ақпан айында депутаттардың өңірлерге шығуына байланысты фракция мүшелеріне бірқатар тап­сырма жүктеді. Алдағы жұ­мыс­тар­дың маңыздылығын атап өткен Ерлан Қошанов тұрғын­дармен кездесулер азаматтардың нақты мәселелерін жергілікті жер­де талқылау арқылы өту кере­гін еске салды. Палата Спикерінің айтуынша, депутаттардың халық­пен кездесуі тек орталықтармен, қалалармен ғана шектелмей, шал­ғайдағы елді мекендерде, ауыл­дарда өтуі тиіс. Оның ішінде жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайында түсіндіріп,  ерекше көңіл адару қажет екенін жеткізді.  Сондай-ақ Ерлан Қошанов  іссапарлар барысында депутаттар қоғамдық кеңес мүшелермен кездесулер өткiзiп, партияның қоғамдық қабылдау бөлiмдерiнде азамат­тарды қабылдап, олардың шы­найы мәселелерін көтеруі керек екенін айтты. Отырыс барысында жаңа мін­деттерді ескере отырып, мәжіліс­мендер фракцияның сапалық құрамына өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров фракция төрағасы­ның орынбасары және президиум мүшесі, ал Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Екатерина Смышляева фракция төрал­қасының мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар фракция отырысына «Nur Otan» партия­сының атқарушы хатшысы Асхат Оралов қатысты.