Бейжің Олимпиадасында шорт-трекшілер бәсекесінің кезекті жарыс күнінде команда үздігі Абзал Әжіғалиев 500 метрлік қашықтықта төртінші орын иеленіп, жүлдеге сынық сүйем жерден тоқтады. Осы қашықтықта сынға түскен Денис Никиша 7-сатыға табан тіреп, алғашқы ондыққа енді. Бұл – бұған дейінгі Олимпиадаларда қол жеткізген үздік көрсеткішіміз. Әлем кубогының жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері, Сочи және Пхенчхан Олимпиадаларының қатысушысы Абзал – 500 метр қашықтықта талай байрақты бәсекелерде жүлде алып жүрген спортшымыздың бірі. Шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2011 жылы Алматы қаласында өткен қысқы Азия ойындарында командалық сында 5 000 метрлік қашықтықта қола жүлдеге қол жеткізген. 2016 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде топ жарды. Сонымен қатар 5 шақырымдық эстафетада қола жүлдегер атанды. 2017 жылы Алматы қаласында өткен дүниежүзілік қысқы Универсиадада 500 метр қашықтықта күміс медаль алды. Оған көп жылғы тәжірибесі мен шеберлігі көмектесіп, Бейжіңде медаль бұйырар деп топшылағанбыз. Алайда жүлделі орынға сәл жетпей қалды. Ұлттық құраманың ту ұстаушысы 500 метр қашықтықта конькимен жүгіруде финалға шығып, ақтық сайыста төртінші болып мәреге жетті. Оның өзі үлкен жетістікке баланды. Өйткені бұған дейін отандық шорт-трек шеберлері Олимпиадада төрттікке енген емес. Оған қоса, Әжіғалиев қысқы Олимпиада ойындарында 500 метрге шорт-тректен жекелей сында финалда өнер көрсеткен тұңғыш қазақстандық болып тарихта қалды. Бұл күні Әжіғалиевтен басқа тағы екі қазақстандық – Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов те жарыс жолына шыққан. Ғалиахметов ширек финалда жеңілсе, Никиша В финалына өтіп, онда үшінші орын алды. Жарыстан соң Абзал финалда жүлдеге таласу үшін бар күшін салғанын айтты.
– Олимпиадаға іріктеу мен үшін қиын өтті. Себебі осының алдындағы маусымды денсаулығыма байланысты дұрыс өткізе алмаған едім. Менің спорттағы ең үлкен арманым – елімізде шорт-трек спортын дамыту. Қазақ балалары қысқы спортта әлсіз деген стереотипті бұзып, біздің де коньки тебе алатынымызды көрсеткім келеді. Жанкүйерлер жазғы спорт түрлеріндегі атлеттерді бірден танып жатады. Ал қысқы спортта қанша жүлде алып жүрсе де, шорт-трекшілер тасада қалып қояды. Басты мақсатым – жанкүйерді осы ойдан арылту. Еліміздегі ең жас спорт түрлерінің бірі екеніне қарамастан, біздің шорт-трекшілер әлем кубогы кезеңдерінде үнемі жүлде алып жүр. Әлемде алғашқы ондыққа енеміз. Бұл дәстүр одан ары жалғасарына сенемін. Бейжіңде қазақ халқын қуантқым келді. Бар күшімді салдым. Финалға дейін екі бірдей Олимпиада чемпионы жарыс жолынан шығып қалды. Осындай бәсекелестікпен ақтық сынға жеткенім қуантады. Өкінішке қарай, медаль бұйырмады, – деді Абзал.Негізі, 500 метрге жүгіруден биылғы маусымды сәтті бастаған спортшылардың бірі – Денис Никиша. Оның да аталған спорт түрінен бір басына жетерлік жетістігі бар. 2014 жылы Түркияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының, 2015 жылы Жапонияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2016 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем кубогы кезеңінде күміс, 2017 жылы Алматы қаласында дүниежүзілік қысқы Универсиадада қола, 2017 жылы Беларусьта әлем кубогы кезеңінде алтын алған. 2019 жылы Ресейде өткен дүниежүзілік қысқы Универсиадада эстафеталық сында және 2021 жылы Қытайда, Жапонияда өткен әлем кубогы кезеңдерінде қола жүлдеге қол жеткізді. Ол Олимпиадаға дейін әлем кубогының екі кезеңінде де қола медаль иеленіп, рейтингтегі жағдайын жақсартқан. Бейжіңдегі іріктеу сынында Никиша В тобында бірінші келді. Ал жартылай финалда Денис төртінші орынға табан тіреп, жүлдеге таласу мүмкіндігінен сырт қалды. Десе де, В тобының финалында бағын сынап, Бейжің Олимпиадасында үздік сегіздіктің қатарынан көрінді. Бүгінге дейін шорт-тректен ерлер арасында 1 500, әйелдер арасында 1 000, 3 000 метрге жарысудан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 1 500 метрге жарысудан Қазақстан атынан Әділ Ғалиахметов пен Денис Никиша ширек финалдық бәсекеге қатысқан. Өкінішке қарай, Денис жарыс кезінде құлап қалып, ескерту алды. Ол өзімен бірге тағы бір канадалық спортшыны да жарыс жолынан шығарған. Ал Әділ Ғалиахметов топта екінші орын иеленіп, жартылай финалға жолдама алды. 1 500 метрге жарысу бәсекесінде Әділ әлем мықтыларымен сынға түсіп, сегізінші орынға табан тіреді. Бұл – қазақстандық спортшы үшін үлкен жетістік. Ғалиахметов ересектер арасындағы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып, бірінші мүмкіндігінде-ақ финалға жолдама алды әрі үздік көрсеткіш көрсетті. Бұған дейінгі Олимпиададағы үздік нәтиже 2018 жылы Денис Никиша (24-орын), 2014 жылы Айдар Бекжановқа (29-орын) тиесілі болған.
– Осы Олимпиадаға қатысып, финалға шыққаным үшін ерекше қуаныштымын. Себебі бұл – алғашқы Олимпиадам. Сондықтан кіл мықтылармен бірге жүлдеге таласу үлкен тәжірибе болғаны анық. Финалдың соңына қарай күш жетпей қалды. Мойындау керек. Енді келесі Олимпиадаға дейін тәжірибемді арттырып, талай әлемдік сындарға қатысып, жүлде алуға тырысамын. Бұл нәтижені өзім сеніммен алға басқан қадамым деп есептеймін. Бір қызығы, биылғы маусымда екі рет финалға шықтым. Екеуінде де Бейжің айдынында өнер көрсеттім. Әлем кубогында күміс алып едім, бұл жолы жүлде бұйырмады. Десе де, маған үлкен сенім сыйлаған жарыс болды, – дейді Әділ.Әділдің аяқ алысына спорт мамандары тәнті болуда. Әсіресе, Олимпиаданың қола жүлдегері, ресейлік Семен Елистратов оралдық спортшының бойында жеңіске деген құштарлық барын айтады. Ол ең алғашқы Олимпиадасында финалға шығып, әлем үздіктерімен иық тірестірген Әділдің болашағы жарқын деп баға берді. Ал шорт-тректен құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков шәкірттерінің Бейжіңдегі нәтижесіне тоқталып, жүлде алу үшін не жетпей қалғанын айтты.
– Олимпиададағы жетістігімізді жоғары бағалаймын. Бұл нәтижеге іліге алмай жатқан елдер де бар. Дегенмен осы маусымдағы дайындығымыз өте жақсы өтті. Біздің алаңсыз жаттығуымызға мүмкіндік берген Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғысым зор. Командамыз берілген қаражатты толық ақтады деп ойлаймын. Абзал медальға қол созым жерден тоқтады. Біздің жігіттеріміз үшін 500 метр ең ыңғайлы қашықтық еді. Финалда қарсыластарын күтіп қалды деп ойлаймын. Егер бірден үшінші орынға шығып алғанда, сол орнын сақтап қалатын мүмкіндігі мол болатын. Бесінші орыннан қуып жету қиынға түсті, оның үстіне италиялық та біраз кедергі келтірді.Денис Никиша тактикалық қате жіберді. Ол бұрылыс кезінде қарсыласты оң жағынан басып озбақ болды. Ал бұл сәтте сол жағынан келетін спортшының жылдамдығы жоғары болды да, алға сол шығып кетті. Әділ Ғалиахметов өте жас әрі талантты спортшы. Ол 500, 1 000, 1 500, 3 000 метрге де жарысады. Барлық қашықтыққа жүгіретін мұндай спортшы бізде бұрын болмаған. Әлем чемпионатында көпсайыстан бақ сынап, жүлде алатын мүмкіндігі бар, – деп үш шәкіртінің Олимпиададағы өнерін қысқаша қорытындылады. Жалпы ақ Олимпиада ойындарында осымен 4 бірдей спортшымыз 4-орын алып, жүлдегерлер қатарына ене алмай қалып отыр. 1994 жылы Лиллехаммерда 22 жастағы биатлоншы Инна Шешкиль мен конькимен 3 000 метрге сырғанаудан бақ сынаған 25 жастағы Людмила Прокашёва, 1998 жылы Нагано қаласында 33 жастағы шаңғышы Владимир Смирнов та жүлдеге сынық сүйем жетпей қалды. Қалай десе де, Бейжіңдегі шорт-трекшілеріміздің көрсеткіші өткен Олимпиадалармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған. Шорт-тректен 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Айдар Бекжанов осы қашықтықта 22-орын алған еді. Ал Абзал 2018 жылы Пхенчхандағы XXIII қысқы Олимпиада ойындарын 9-орынмен аяқтады. Бұл жолы Бейжің төрінде төрттікке ілінді. Қорыта айтқанда, әлемдік додаларда алдыңғы орындарға таласып жүрген шорт-трекшілеріміздің болашағы әлі алда.
Әбілмансұр ЖАСАН