Жаңа Қазақстан. Білім
Жаңа Қазақстан. Білім
920
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде маман тапшылығы байқалатын және көп сұранысқа ие техникалық мамандықтар, соның ішінде инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу қажет екенін баса айтқан еді. Осы орайда білім беру саласына қандай реформа керек? Сарапшылар бұған не дейді? Алшанов Рахман АЛШАНОВ, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті: – Білім саласы реформадан шаршады. Жүйені қайта-қайта өзгерту қиянат келтірумен бірдей. Білім берудің негізі бастауыш мектептен бастала­ды. Ал біз мектепте балаларға робототехника мен астрономияны жаппай оқытып жатырмыз. Кейін сол оқушылар белгілі бір салаға ғана барады. Олардың бәрінен бірдей ғарышкер, бәрінен бірдей робототехник шықпайды. Қазір керісінше кәсіпорындар мен төменгі жақтағы техникалық мамандарға қажеттілік басым. Бір ғана астанаға 500 автобус жүргізушісі жетіспейді екен. Сон­дықтан білім саласында жүргізіліп жатқан реформа – «қажеттілікке бет бұру». Бұрыннан қалыптасқан геология, металлургия салалары бойынша әлем елдері арасында алдамыз. Ал енді өндіруші салаларда маман тапшы. Шикізат бүгін бар болғанымен, ертең таусылады. Сондықтан жаңа технологияларды енгізе отырып, жаңа кәсіп­орын­дар ашуға маман керек. Нақты қандай маман­дықтардың қажет екенін ешкім тап басып айта алмайды. Өйткені бүгін дайындаған маман ертең керек болмай қалуы әбден мүмкін. Мысалы, Америкадағы 5 мың университет әрбір кәсіпорын­нан ғылыми-зерттеу институттарын ашқан. Енді біздің ел бәсекеге түсе алатындай қай саланы дамыту керек? Жеңіл өнеркәсіпте көш бастап Қытай мен Түркия тұр, ал автомобильден – Гер­мания мен Жапония. Сондықтан бұл мәселені тағы бір таразылап, қолы­мыздан не келетінін жан-жақты ойлай­тын уа­қыт кел­ді. Жыл са­йын сырт­тан 30 млрд теңгеге тауар алдыр­ады екен­біз. Сол әке­ле­тін құрал-жабдық­тарды өзіміз де жасай аламыз. Соған бай­­ла­нысты маман дайын­дауымыз керек. Машина жа­сау­ға мың грант бөл­сек, ертең сол мың маманды жұмыспен қамти алуы­мыз тиіс. Айта кету керек, металлургия сала­сында бұрыннан қалыптасқан мамандар бар. Оларға жыл сайын 25 маман ғана керек. Ал біз 250-350 маман дайындап жатырмыз. Оқу бітіргеннен кейін сол мамандар не істейді? Қазір АЭС саламыз деп отырмыз. Бір кезде бұл салаға да маман дайын­дағанбыз, бірақ жұмыс орны болмағандықтан, сол мамандар далада қалып қойды. Сондықтан жас­тарымызды қалыптасқан тәжірибесі бар жо­ғары оқу орындарына жіберіп оқыту қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Осы орайда «Неге өз елімізде оқытпасқа?» деген заңды сауал туын­дайды. Өйткені АЭС-қа 50 инженер керек екен деп бізге жаңа оқу орнын ашу тиімсіз. Біріншіден, оқуға қажет база жоқ. Екіншіден, ұзақ уақытты талап етеді. Сол себепті жаңа Қазақстанға жаңа өнеркәсіп пен сапалы маман қажет. Досыбаев Нұрмұхаммед ДОСЫБАЕВ, Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы: – Білім саласын­дағы ре­форма бәсе­кеге қа­білетті, еркін азамат­тарды тәрбие­леп шығу үшін қажет. Ол үшін ең бірінші біз оқытып жатқан аза­мат­тар ер­кін ойлы, са­налы болуы тиіс. Екіншіден, бұл азаматтар әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін жастардың бойында экономикалық сұранысқа сай дағдылары болғаны жөн. Үшіншіден, ауызбіршілігі мол мемлекет қалыптастыру үшін біртұтастық қажет. Еліміздің әрбір азаматын біріктіретін бір мүдде болуы керек. Осы үш мақсатқа қол жеткізуге не қажет? Әділ бас­қары­латын, дұрыс қадағаланатын және жақсы қаржы­ландырылатын жүйе қажет. Яғни, сапалы менедж­мент керек. Білім жүйесін реттейтін нормалар мен заңдар, оқу бағдарламалары заманауи талаптарды қамтамасыз етсе. Білім жүйесіне дін мен саясат әсер етпеуі тиіс. Дәл қазіргі жүйе зайырлық қағидаты бойынша жұмыс істегендіктен, діннен алыс. Бірақ саясаттан алыс емес. Себебі мектеп директорлары мен университет ректорларын тіке­лей билік тағайындайды. Сал­дары­нан мұғалімдер үй аралап, сайлау бюллетень­дерін толтыруға мәжбүр болды. Жаңа Қазақстанда еркін ойлы азаматтарды қалыптастырамыз десек, мектеп директорлары мен мұғалімдері қоғамға бағыну керек. Сондай-ақ мемлекеттің білім беруді өзі басқарып, өзі қадағалағаны қате. Қадағалаушы орган тәуелсіз болғаны жөн. Ұлыбритания, АҚШ сияқты дамыған елдерде мұндай мекеме қоғамға тәуелді. Мектеп әлеуметтік функция атқарып отырғандық­тан, қоғамның ықпалында болуы заңды құбылыс. Қоғам тарапынан қамқор­шылар сайланып, ақысыз, заң алдындағы жауап­кершілігін ескере отыра әлеуметтік ме­кемелерді басқару функциясын атқаруға атсалысса екен. Қандай елді алып қарасақ та, білім мен ғылым мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Ал бюджеттің күші жетпеген елдерде жеке инвес­торлар мен қоғам көмек бере бастайды. Сондықтан Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін қаржы аяудың қажеті жоқ. Білім саласына бөлінетін жал­пы ішкі өнімнің 3-4 пайызын 7-8 пайызға жеткізу керек. Соның нәтижесінде инфрақұрылымдық мәселелерді шешеміз. 1991 жылы елімізде 8 600 мектеп болған болса, қазір 7 500 мектеп бар. 30 жылдың ішінде мектеп саны 1 100-ге азайған. Бірақ  үш ауысымды мектептер мәселесі шешілген жоқ. Инфрақұрылым жетіспеушілігінен Қазақ­стан­ның әрбір екінші баласы зардап шегіп отыр. Сондықтан білім саласын қаржыландыру  – кезек күтпейтін мәселе.

 Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН