Елімізде әр маусым сайын бір мәселе шығады. Жазда мал азығын қамдап үлгермей, күзде көмір таппай, қыста жылу жетпей әбігер болатын өңірлер бар. Енді көктем келмей тұрып-ақ баяғы бір ескірмейтін проблемаға тап келдік. Елдегі бірнеше өңірдегі жүздеген ауылды су басуы мүмкін. Жауаптылар бәріне дайын екенін айтып заржақ болып отыр. Дегенмен олардың айтып келмейтін апаттың алдын алуға дәрмені жете ме?
Мыңдаған тұрғын үркіп отыр
Таяуда Ақмола облысының аумағындағы 125 елді мекенді су басу қаупі төніп тұрғаны хабарланды. Бұл жерде 13 мыңға жуық адам тұрады. 80 көлі бар Көкше жерінде су айдынына құятын өзен көп. Барлығы қар еріген кезде қатер төндіреді. Облыстағы су тасу қаупі ең зор аймақтардың бірі – Атбасар қаласы. Қатер төндіріп тұрған сол баяғы Жабай өзені. Жергілікті билік биыл қар аз болғанына қарамастан, тасқынға тоқтау қоюға көшіпті. Жылда бұл мақсатта 40 миллион теңге бөлетін аудан биыл 62 миллион теңге қаржы шығындамақ. Оның 45 миллионы тек қар шығаруға жұмсалмақ екен. Әкімдік облыс бойынша 12 жарым мың тонна инертті материал, 60 мың дана қап, 273 тонна жанар-жағармай әзірленгенін айтады. Әзірге шенділер аудандардағы қарды шығарумен әуре.
Жалпы, Атбасар қаласының тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру бұрыннан айтылып келеді. Әйтпесе, жыл сайын көктемде жұрттан маза кетіп, жергілікті билік миллиондап қаржы шашқанына етіміз үйренді. Қазір Атбасардан бөлек Ақмоланың Астрахань, Аршалы, Целиноград ауданы да қауіп төніп тұр. Ал бұл жағдайға қатысты «Қазгидромет» өкілдері әлі бейжай отырған сыңайлы. «Су тасқыны бола ма, жоқ па, ол жайлы айту әлі ерте. Себебі осы ай мен келесі айда әлі де қар жауады. Сондықтан қазіргі болжам нақты емес. Дәлірек болжам наурыз айында шығады. Әзірге бір білеріміз, биыл көктемнің алғашқы айы суықтау болады», – деп мәлімдеді «Қазгидромет».
Биыл көктем келмей тұрып жергілікті биліктің қимылдай бастағанынан қорқатын болдық. Өйткені ылғи осы елді мекеннің билігі «дайынбыз» деп жар салса, су алып кете беретінін білеміз. 5 жыл бұрын Атбасардағы жүздеген үйді су басты, тұрғындар уақытша өзге жерге көшірілді. Қызығы сол, су тасқынынан бірнеше апта бұрын билік дәл қазіргідей төтенше жағдайға дайын екені туралы хабарлап, қала арқылы ағып жатқан Жабай өзеніндегі бөгеттің берік, қауіп-қатердің жоғын мәлімдеген. Бірақ 200 миллион теңгенің құрылысы тасқынға шыдамады. Бір жылдан кейін Атбасар ауданының әкімі болған Андрей Никишов «бөгет салу кезінде ақша жымқырды» деген айыппен 10 жылға сотталды. Зардап шеккендерге өтемақы төлеуге, жаңа үйлер салуға билік бюджеттен жүздеген миллион теңге бөлді. Дегенмен Атбасардың тап осы мәселесі әлі шешілген жоқ. 2009, 2014 пен 2017 жылдары қалада ірі су тасқыны болды. Бәрінде де билік дайын болмаған. Сайып келгенде, халық бәрібір зардап шегеді, ал ақша қайда жұмсалады? Шамасы, су тасқынының алдын алуда қыруар қаржы болса да, нәтиже болмауы жемқорлыққа қатысты бір шикіліктің шетін аңғартса керек.
Осы күні шығыс та тасқынға қарсы қамданып жатыр. Қыста қар аз түскен, қар жабыны 15 см ғана. Ал «Қазгидромет» мамандарының дерегіне сенсек, жердің тоңы 58 см, кейбір жерлерде 120 см жеткен. Әйтеуір не керек, жергілікті билік «жағдай бақылауда» деп қысқа қайырып отыр. Елорда маңында да төтенше жағдай қызметкерлері елді мекендерді аралап, халыққа қауіпсіздік жайын айтып әлек. Бірақ су тасқыны жиын өткізіп, түсіндірумен шешілетін мәселе емес.
Қыруар ақша қайда жұмсалып жатыр?
Тасқынның алдын алудың өзі бюджетке салмақ. Елімізде бұл мақсатта аз қаражат бөлінбейді. Министрлік те, әкімдіктер де қазынаға «қол салады». 2017-2020 жылдар аралығында су тасқынының алдын алу үшін 42 миллиард теңге жұмсалды. Кейін бұл мақсатта бөлінетін қаржы аяқасты 4 есеге жуық өсті. 2020-2023 жылдарға 160 миллиард теңге жоспарланды (!). Аз қаражат емес. Елді мекендерді су тасқынынан қорғауға 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілген. Жаңағы айтқан 160 миллиардтың 131,6-сы республикалық бюджеттен, 28,6-сы жергілікті бюджеттен қаралады. Ал алдындағы 42 миллиард теңге қайда жұмсалды? Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәлімет бойынша, 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін республикадағы 315 елді мекенде су басу қаупінің алдын алған. Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, өзендердің неғұрлым қауіпті учаскелерінде инженерлік-қорғау жұмыстары жүргізілген. 11 мың шақырымнан астам каналдар мен арық жүйелері, автомобиль және теміржолдарда орналасқан 11 мыңнан астам су өткізу құбыры тазартылған екен. Бұдан басқа, осындай тізе беруге болатын цифрлар бар.
Әйткенмен, бір мәселені айтайық. Су тасқынының алдын алуға бөлінетін қаржының өзі даулы дүние. Кезінде осыған байланысты су қаупі зор Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қарсы пікір айтқан болатын. Оның айтуынша, бірқатар ведомство «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына қол қойған, бірақ Жол картасы бойынша ештеңе жасалмаған. Сол себепті Ахметовке бағдарламаны жүзеге асыруға «жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу керек» деген тұсы ұнамапты. «Жабдықтар жоқ. Биыл тағы да әкімдік 500 миллион теңге бөлді. Онда неге бұл бағдарламаларды іске асырып отырмыз? Кім үшін? Әкімдік бұл бағдарламаға қол қоймады. Құжаттарды ашып қараңыздар! Барлығы жергілікті бюджеттен төленетін болса, онда біз бағдарламаны министрліксіз өзіміз құрамыз», – деген ол.
Бұл бір жағы ғана, жылда су тасқынынан зардап шегетін елді мекен тұрғындары шенеуніктерді апаттың алдын алудан гөрі, «салдарымен күресуге» көбірек қаражат бөлу жағы қызықтырады деп санайды.
Су қоймалары мәселені шеше ме?
Былтыр Мағзұм Мырзағалиев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тұрған шағында күтпеген бір жоспарын жариялады. Елдегі 9 облыста жылына жалпы көлемі 3,6 миллиард текше метр су жинайтын 39 жаңа су қоймасын салуды ойластырғанын айтты. Бұл жоспарды іске асыруға 115 миллиард теңге қажет екен. Осылай министрлік «су қоймаларын салу 70 елді мекендегі су тасқыны қаупін азайтады», – деді. Трансшекаралық өзендердегі су көлеміне тәуелділікті тағы азайтпақ ниеті бар. Мысалы, Қырғыз Республикасына тәуелділікті – 30 пайызға, Өзбекстанмен – 25 пайызға, Ресеймен 15 пайызға азайту жоспарланды. Сол кезде экологтер ведомствоның бұл жоспары жөнсіз екенін талай айтты. Неге? Себебі су қоймалары қауіпті еселемесе, алдын алмайтын тәрізді. Бұған дәлел – ел тарихында Қызылағаш, Көкпекті, Атбасар, Оразақ су қоймасының жарылғаны. Зардабын қандай болғанын жұрт біледі. Су қоймаларын салып алып, оның қауіпсіздігіне жауап бере алмасақ, не қайыр? Әріге бармай-ақ қояйық, 2020 жылы Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, көрші елдің 22 елді мекенін су басқаны есте. Оның зардабы Қазақстанды да айналып өтпей, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бес ауылды су басты. Сондықтан экологтердің «су қоймалары көктемде қар ерігенде аймақтарды су басу қаупін арттырады, мемлекеттік қазынадағы қаражатты босқа шашатын жоба» деген пікірімен келіспеске шара жоқ. Мұны біз тілдескен академик, «География және су қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ахметқал Медеу де растап отыр.
– Еліміздің тарихында бірнеше су қоймасы жарылды. Таңсық дүние емес. Өз тәжірибемнен аңғарғаным, қоймалардың жарылуына гидротехникалық тұрақтылық жағын ескермеу себеп. Кез келген су қоймасына платина соғылады. Көбі осы платинаны соғумен іс бітеді деп ойлайды. Ал бұл жерде екінші мәселе, платинаға арнайы датчиктер орнатылуы тиіс. Датчик су қоймасының жағдайын анықтап, осал, қауіп бар жерін операторға хабарлап отырады. Жарылған су қоймаларының бәрінде датчик жоқ, яғни қауіпті ешкім алдын ала болжамаған. Топырақ та бетондалуы керек. Су қоймасы жарылуының әртүрлі себебі бар. Негізгісі үшеу: су платинадан (қоршаудан) асып кетеді, платинаны толығымен бұзып-жарып, жұлып кетеді немесе кез келген саңылаудан «лақ ете қалады». Кезінде Сардоба су қоймасының платинасы бұзылып тұрған сәтте су дәл жаңағы айтқанымдай «лақ ете қалған». Бәрі масштабты процестерге байланысты. Жағдайды бақылауда ұстаған күннің өзінде апат болуы мүмкін. Сондықтан қаупі
зор, – дейді маман.
ТҮЙІН:
Демек, су қоймалары қор жинап, өзге елдерге тәуелділікті сәл азайтатыны болмаса, су тасқынының алдын алады дегенге сену қиын. Оның үстіне, жауапкершілікті талап ететін істе мамандардың біліктігіне күмән бар. Әйтеуір, төтенше жағдай қызметкерлері жылдағыдай «тасқынның алдын аламыз» деп әлек. Қауіпті ескеріп, іске кіріскені құптарлық. Тек жөнді болса дейміз. Әйтпесе, алдын ала «дайынбыз» деп заржақ болып, кейін елді әбігерге салған оқиғалар бізде жетерлік.