Сарапшылар «латифундистік облыстар» деген бейресми рейтинг құрыпты, оған Қарағанды, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары жатады екен. 6 жыл бұрын жерге қатысты толқулар кезінде миллион гектарға ие латифундистердің аты-жөні аталды. Жер реформасы бойынша комиссия жұмысының қорытындысында бір қолға берілетін жер көлемін шектеу ұсынылды. Алайда ол шек тым жоғары болып шықты. Ауыл шаруашылығы министрлігі тіпті 478 мың гектарға дейін жер иеленуге рұқсат етуді қарастырыпты.
Жер жетпей, ауыл кәсібі құлдырап барады
Әлемдегі 9-шы территорияны иеленген Қазақстанның бүкіл ұлы даласын, тау-тасын, дария-суын қоса алсақ, аумағы 2 млн 724,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл – 272 млн 490 мың гектар. Егер оны 200 мың гектардан үлестіріп берсе, бүкіл қазақ жері 1,3 мыңдай ғана аз шоғыр адамның қолында кетпек. Миллионнан үлестірсе, қазақ жері небәрі 272 адамның қолына болады. Ұлт пен ұрпақ болашағына қауіп-қатер төндіретін мұндай кесапатқа, әрине жол беруге болмайды.
Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын жерді өзі де пайдаланбайтын, өзгеге де бермейтін жер иеленушілерді «шөп қорыған итке» теңегені мәлім. Ол бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, ауыл тұрғындарына беруді тапсырды. Бұл жұмыс әлі күнге жалғасып келеді.
Алайда 2022 жылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент айтқандай, «бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген». Министрлік ел басшылығына жайылымдық жердің тапшылығы елде 6,8 миллион гектарға немесе 32%-ға азайды деп мәлімет ұсынған. Бұған «шаруа қожалықтарымен арада меморандумға қол қоюдың және елді мекендердің аумағын кеңейтудің арқасында мүмкін болыпты-мыс». Ал Бас прокуратураның тексерісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жайылымдық жердің тапшылығы сол бойы азаймаған, қайта ушыққан.
Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында «ауыл тұрғындарына енді малын фермерлердің жеріне де жаюға рұқсат беріледі» деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, қарапайым халықты ол жаққа аяқ бастырмайды. Малын жайса, онысын тартып алады. Кейбір өңірде жүздеген мал ұстайтын ауыл кәсіпкерлерін әкімқаралар жерден айырған. Салдарынан оларға табындарын, үйірлерін жаппай пышаққа жығу ғана қалыпты. Осыдан кейін ауыл шаруашылығы қайдан дамысын? Мысалы, министрлік дерегінше, 2021 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өндірісі 2,3 пайызға азайып кетті, яғни сала рецессияға ұшырап, кері кеткен.
Бұған қоса, былтыр Қазақстан соңғы жылдардағы ең аз егінді жинады: қамбаға небәрі 16,4 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары құйылған. Ал 2020 жылы егіс алқаптарынан 20,06 млн тонна өнім алған болатын, яғни пандемия қатты қысқан алғашқы жылдың өзінен 18,2%-ға құлдырап отыр. 2016 жылғы 23,1 миллион тонналық рекорд барған сайын алыстап кетті. Содан бері астық көлемі тек құлдырап келеді. Ендеше бар айыпты қуаңшылық пен пандемияға жабу негізсіз болса керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымдық жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азайғанын ашық айтты. Тағы бір сорақысы сол, облыс әкімдіктері жергілікті жұртшылықтың жайылымға деген сұранысын азайтып көрсете бастаған. Үкімет бұған көз жұма қарапты. Мұндай әрекеттер ауыл халқының наразылығын өршітпесе, кемітпейтініне Президент де назар аудартты. Сол себепті ол Үкіметке жергілікті әкімдермен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді жүктеді.
Өнімсіз шоғырлану – ел өмірін өксіту
Президент Қ.Тоқаев биылғы 8 ақпандағы Үкімет отырысында жердің бір қолда шоғырлануына жол бермеуді жерді ұтымды пайдалану бағытындағы ең маңызды міндет деп белгіледі. Оның мәліметінше, Қазақстанда жай ғана шоғырлану емес, «өнімсіз шоғырлану» (непроизводительная концентрация) деп аталатын қауіпті кесел белең алған. Билікке сөзі өтімді тұлғалар жерді көп қарпып қалды, бірақ онда ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізбейді, жерді күтіп ұстауға инвестиция салмайды.
«Бұл тарапта қылмыстық сипаттағы істерді де табуға болады: сарапшылар айтып жүргендей, кейбір латифундистер жалған схемалар арқылы сол жерлерге мол субсидия алып, бір ұтады. Сондай-ақ ол жерлерді жергілікті ауыл кәсіпкерлеріне, фермерлерге жалға беріп, тағы ұтады. Яғни, үнемі екі жеп, биге шығып отырады. Ал жерде нақты жұмыс істейтін шаруаға мемлекеттің қамқорлығы мен демеуқаржысы жетпей жатады. Мұндай кесірлі тәжірибелерге тоқтау салған жөн», – дейді экономист-ғалым Марат Ерғозин.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар өңірде жер бөліктері ешқандай ғылыми негізделген тәсілсіз-ақ мәслихат шешімдерімен бекітіле салатынын мәлімдеді. Нәтижесінде, Атырау облысында бір қолға – 98 мың, Алматы облысында – 96 мың, ШҚО-да 69 мың гектардан беруге жол ашылған. Қ.Тоқаев бұл латифундистердің қолында шоғырланған шамадан тыс жер көлемін заңдастырып, бекітіп беру талабына ұқсайтынын ескертті. Былайша айтқанда, солардың мүддесі үшін нормативтік база түзіліп жатыр.
Бірақ бұл көлем Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мөлшерлемелердің қолына су құя алмай қалады. Мәнісін түсіндіре кетсек. Жерге қатысты халық толқуының басталуына орай 2016 жылғы 11 мамырда Жер реформасы бойынша комиссия құрылып, үш ай жұмыс істеген. Беделді комиссия көпшіліктің көңілінен шыққан шешімдерге қол жеткізді: шетелдіктерге де, қазақстандықтарға да ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға тыйым салуды, ал Қазақстан азаматтарына бір қолға жалға берілетін жер көлемін қатаң шектеуді ұсынды. Бұл ұсынымдар Жер кодексіне және ұлттық заңнамаға енгізілді.
Алайда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің түсіндіруінше, сол аса маңызды заңнамалық түзетулер өмірге жолдама алуы үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілерді ведомство сол бойы қабылдамапты. Осыған орай министрлік тиісті Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп, оны 2022 жылғы 4 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл құжат НҚА түрінде тетігі түзілмей, іске қосыла алмаған заңдарды – 2018 жылғы 4 мамырдағы «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ 2021 жылғы 30 маусымдағы «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды іске асыру үшін қажет көрінеді. Сонымен бірге құжат шаруа немесе фермер қожалығын жүргізетін Қазақстанның 1 азаматында және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізетін, шетелдіктердің үлесі жоқ отандық 1 жекеменшік компания-кәсіпорынның иелігінде қанша көлемде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер арендада бола алатынын межелеп, лимитін бекітеді.
Латифундистердің шашбауын көтерген бе?
Ол жоба сарапшылардың да, қарапайым қазақстандықтардың да қатаң сынына ұшырады. Негізсіз емес еді. Мәселен, оған сәйкес, 1 жеке тұлғаға Атырау облысында – 98 325 гектар, Алматы облысында – 95 760 гектар, Қарағанды облысында – 82 783 гектар, ШҚО-да – 69 400 гектар, Павлодар облысында – 49 826 гектар, Жамбыл облысында – 40 мың гектар, СҚО-да – 28 405 гектар, Ақтөбе облысында – 26 498 гектар, Түркістан облысында – 21 635 гектар, БҚО-да – 18 377 гектар, Қызылорда облысында – 10 мың гектар, Қостанай облысында – 9 350 гектар, Маңғыстау облысында – 7,5-9 мың гектар, Ақмола облысында 5 200 гектарға дейін жер иеленуге рұқсат етілмек. Бұл – әр облыс үшін ұсынылған ең жоғарғы шек, соның ішінде облыстың әр ауданында бұл шек әртүрлі құбылады.
Мұның сыртында қаулы жобасында шетелдік қатысуы жоқ 1 заңды тұлғаның, яғни компания, фирма, кәсіпорынның қолында шоғырлануы мүмкін жер телімінің жалпы көлемі де көрсетілді. Ол жер лимиті Алматы облысында – 478 804 гектарға дейін (Алакөл ауданында), Қарағанды облысында – 388 611 гектар (Ұлытау), Атырау облысында – 203 150 гектар (Жылыой), Ақтөбе облысында – 132 492 гектар (Байғанин), Түркістан облысында – 108 115 гектар (Созақ), ШҚО-да – 96 700 гектар (Абай ауданы). Өзге өңірлерде 80 мың гектардан аспайды: 78-60 мың гектар аралығында.
Атап өтер жайт, бұл тек «1 әкiмшiлiк ауданның, қаланың шегіндегі шекті, ең жоғарғы мөлшерлері» ғана. Ендеше құжат қабылданғанда, латифундистер әртүрлі облыстың, іргелес жатқан аудандардың әрқайсысынан жүздеген мың гектар жерді астына басуы мүмкін еді.
Енді Президенттің пәрменіне орай арнайы жұмыс тобы басқа шек-лимиттер белгілейтін болады.
Әлем латифундистері бізге үлгі
Жалпы, жұмыс тобы ауыл кәсібімен айналысамын деушілерге үлкен жер кесіп беруге келісуі ғажап емес.
– Түсіндіре кетейін: мемлекет үлкен жер учаскелеріне қарсы емес. Бұл жақсы, себебі экономикалық айналымға бірден көп жер тартылады, «масштаб эффектісі» іске қосылады, бәсекеге қабілеттілік жоғарылайды. Бірақ мол жер иелеріне қойылатын талап-міндеттемелер де қатаң болуы тиіс, олар сол жерді іс жүзінде пайдаланбағаны үшін жауапкершілік арқалауы шарт. Сондықтан Үкіметке жұмыс тобын құрып, оған сарапшыларды және ғылыми институттарды жұмылдыруды тапсырамын. Жұмыс тобы жер телімдерінің шекті мөлшерлерін анықтауы керек және олар 2022 жылғы 1 мамырға дейін бекітілуі қажет! – деді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев.
Latifundist.com порталының дерегінше, әлемде өте көп жер иеленген жаһандық агроалпауыттар бар. Олар жер активтері үшін ғаламшарда өзара «қырғын» шайқас жүргізіп жатыр. Өйткені ұдайы қызуы көтеріліп, құрғақшылыққа бейім болып бара жатқан Жер шарында қолжетімді құнарлы жерлер жыл өткен сайын азаю үстінде. Бірақ бұл алыптар өз еліне игілік әкеліп отыр. Мысалы, Қытайдың аса ірі өсімдік егуші агрохолдингі Beidahuang Group дүниежүзінде 5,4 млн гектар жерімен 1-орында тұр. Жерінің көбі, әрине Қытайда. Шың елін асырау және экспортқа өнім шығару үшін компания 2011 жылдан бері соя егуге дүниенің төрт бұрышынан жер іздеуге кірісті. 1,5 млрд доллар инвестиция құйып, дефолт жағдайындағы Аргентинадан 234 мың жерді арендаға алды. Кейін тағы 320 мың гектар жерді сатып алды.
Ал әлемдегі төртінші ірі агрохолдинг аргентиналық El Tejar 1 миллион гектар жерге ие, ол негізінен Бразилиядағы жерлерді сатып алып жатыр. Дегенмен деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтірумен де айналысады екен. Бір Мату-Гросу штатында ғана 5 млн гектар азған жер болыпты, ол егістік үшін жарамды күйге келтіріліп жатыр.
Latifundist.com дерегінше, әлемдегі ірі латифундиялар қатарына 2015 жылдары отандық «ҚазЭкспортАстық» (3-орында, 1 млн гектар) және Василий Розиновтың «Иволга-Холдингі» (1,5 млн гектар) да кірген. 2020 жылғы 2 наурызда сот В.Розиновты айыпты деп танып, 2,6 жылға бас бостандығын шектеді. Еуразиялық даму банкі өзінен ондаған миллион доллар несие алып, қайтармаған бұл агрохолдингтің алаяқтық істеріне шағымданып, сотқа жүгінген болатын.
The Land Report хабарлағандай, атақты миллиардер Билл Гейтс АҚШ-тағы ең ірі жер иеленушілердің біріне айналды. Ол Американың 18 штатында 110 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған. Онда ол жүгері, күріш, соя және картоп егеді. Сарапшылардың пайымдауынша, қазірдің өзінде азық-түлік стратегиялық, өмірлік маңызды ресурсқа айналды: дүниежүзінде адам саны артып, қазақша айтқанда, жейтін ауыз көбейіп жатыр. Демек, ауыл шаруашылығы өніміне сұраныс тек арта береді.
Еске сала кетсек, Президенттің бастамасымен Қазақстанда шетелдіктерге жер сатылмайды, жалға да берілмейді. Егер шетелдік инвесторлар Ұлы дала жерінен қандай да бір дақыл алғысы келсе, оған жергілікті аграршыларға тапсырыс беруі, солар егуі шарт. Бірақ «Жаңа Қазақстанның» Үкіметіне құнды ресурсты рәсуалай бермей, оны ұтымды жұмсауға үйренуге тура келеді. Бұл жолдағы бастапқы әрі басты қадам өнімсіз латифундистерден арылу болмақ.