Мұғалім мәртебесіне лайық па?
Ащы суға сылқия тойып, қоғамдық орындарда жұртшылықтың мазасын алған, көлік жүргізген мұғалімдер де бар. Өз міндеттерін дұрыс орындамағандар, еш себепсіз жұмысқа кешіккен немесе мүлдем келмей қалған, бір-бірін жағадан алған немесе ата-аналармен және оқушылармен сөзге келіп, қоғамдық жерлерде әдепсіздік танытып, моральдық-этикалық нормаларды сақтамаған ұстаздар да Солтүстік Қазақстан облысынан табылады. Балалардың денсаулығына зиян келтірген мұғалімдер де кездеседі. Петропавлдағы «Сәуле» балабақшасындағы тәрбиешінің көмекшісі бір бүлдіршіннің қолын жуған кезде абайсызда тырнап алып, жарасы қабынып кеткенше үндемей жүре берген. Сол үшін айыппұл төлеп, кейін жұмыстан өз еркімен кетті. Бұған дейін Петропавлдағы №25 орта мектептің басшылығы далада 14 градус суық екеніне қарамастан, балаларды сырт киімсіз флеш-мобқа қатыстырғаны үшін жазаланды. Флеш-моб кезінде мұғалімдердің өздері күрте киіп тұрған. Келесі күні оқушылар суық тиіп ауырып қалғаны үшін, мектеп басшылығына сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Айыртау ауданында мектеп директоры 11-сыныпта оқитын қыз балаға сабаққа шалбар киіп келгені үшін сыныптастарының көзінше ұрысып, киініп келу үшін үйіне жіберіпті. Қыз бала келесі күні сабаққа келмей қалған. Сол үшін аудандық білім бөлімі облыстық Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің ұсынысына орай директорға ескерту жасады. Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінің директоры орыс тілі мен әдебиеті сағаттарын осы пәннің маманына емес, басқа мұғалімдерге бөліп бергені үшін жауапкершілікке тартылды. Тіпті, 5-сыныпқа осы пәнді жүргізуді бастауыш сынып маманына жүктеген. Сондай-ақ тексеріс барысында физика, информатика, биология сияқты пәндерден ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің 30 пайызының біліктілігі талапқа сай емес екені анықталған. Ол-ол ма, ағылшынша амандасудан әрі аса алмайтын мұғалімдер де бар екен. Олардың жұмысынан еш нәтиже болмағанымен, тиісті қосымша ақы төленеді. Жалпы, педагогтердің білімінің оқытылатын пән бейініне немесе атқарып отырған қызметіне сәйкес келмеуі – ең жиі кездесетін құқықбұзушылық: тексерілген мектептердің 72 пайызында, мектепке дейінгі білім ошақтарының 50 пайызында кездеседі. Мағжан Жұмабаев ауданындағы аралас мектепте ағылшын тілі 1-орыс сыныбында ғана оқытылып, 1-қазақ сыныбындағы балалардың құқығы бұзылғаны анықталыпты. «Тоқалдан туған» баланың күйін кешкен оқушылардың құқығы тексерістен соң ғана қалпына келтіріліп, ағылшын тілін оқи бастаған. Алайда жарты жыл бойы ағылшын тілі пәні жүргізілмегендіктен, екінші жартыжылдықта оларға аптасына төрт сағаттан беріліпті. Бұл да болса заңбұзушылық. Оқу жүктемесін шамадан тыс арттырғаны үшін мектеп директорына тағы да айыппұл салынған. Былтыр оқу жүктемесінің тиісті көлемге және жоспарға сәйкес келмейтіні 30 шақты мектепте анықталған. Ал Тайынша ауданында ағылшын тілі мүлдем оқытылмайтын мектеп бар екен. Мұндай жағдайда білім ордасының басшылығы өзге ауылдардан мамандарды тартып, мәселені шешуі тиіс. Немесе шағын жинақты мектептерде басқа пәннің маманын қайта даярлауға рұқсат. Бірақ таяқтың екі ұшы бар деген сияқты, мұндайда сапа туралы сөз қозғау артық. Не анда, не мұнда штатта жоқ мұғалімдердің кейбіреуі жауапкершілікті аса сезіне қоймайтын көрінеді. Бірақ басқа амал жоқ. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес кез келген мұғалім бес жыл сайын өз біліктілігін растау немесе жоғарылатуы тиіс. Осы талапқа бағынбайтын ұстаздар да бар екені анықталып отыр. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Конюхово негізгі мектебінің ағылшын тілі мұғалімі бес жылдан соң біліктілігін растаудан бас тартқан. Сол үшін мектеп директорына сот арқылы 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Өйткені мұғалімдердің 25 пайызының сарапшы, модератор деген тиісті санаты болуы керек деген талапты орындау – директордың міндеті. Мұнда осы үлес салмақ сақталмаған. Жалпы, былтыр тексерілген мектептердің 81 пайызында бірінші және жоғары санатты, сарапшы, зерттеуші, шебер педагогтердің үлес салмағы талапқа сай емес. 14 мектептің педагогтері бес жылда бір рет біліктілігін арттыру туралы талапты орындамаған. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл арнайы мектеп-интернатында үш өрескел заңбұзушылық анықталды. Бұл – арнайы мекеме болғандықтан, ондағы мұғалімдердің барлығы инклюзия бойынша курстардан өтуі тиіс. Алайда бұл талап орындалмағаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, лицензиясы тоқтатылды. Сондай-ақ мұнда тоқсан аяқталғанға дейін kundelik.kz толтырылмағаны, онда бірде-бір баға жоқ екені анықталған. Жалпы, облыс мектептерінің жартысында дерлік ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке-дара оқу жоспарлары жоқ екені немесе ережеге сәйкес емес екені анықталған. Департамент анықтаған кемшіліктерді түзетуге бір жыл уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде анықталған кемшіліктер түзетілуге тиіс. Түзетілген соң тексеріс жабылады, ал түзетілмесе жаза қолданылады.«3»- ке оқыған адам сабақты да «3»-ке береді
«Тексеріс барысында оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне қатысты құқықтары бұзылатыны анықталады. Кейбір ақылға қонымсыз шешімдерге тап боламыз. Балалар да, мұғалімдер де зардап шекпеуі тиіс. Сондықтан мұндай тексерістер керек. Кейде келіп түскен шағымдар бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз. Айта кету керек, мұндайда кейбір шағымдар расталып жатады», – дейді Айнагүл Ағыбайқызы. Бүгінде мұғалімдердің түрлі жағымсыз қылықтарға жол беруіне не себеп? Кейбір ата-аналар мұны соңғы кезде ұстаздарға тамаша жағдай жасалып жатқанымен байланыстырады. «Ақша көп жерде былық көп. Жалақысы жоғары жұмысқа тамыр-таныстарын, құда-жекжаттарын қабылдау әдетке айналған. Биыл мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға арттырылды, екінші жартыжылдықта тағы 25 пайыз қосылады. Сондықтан мектепке кездейсоқ адамдар келіп жұмыс істеп жатыр», – дейді петропавлдық Ботагөз Жүнісова. Кезінде жоғары оқу орнына түсерде тиісінше ұпай жинай алмай, қалаған мамандығына өте алмай қалғандықтан, мұғалімдікті таңдай салғандар дәл қазір мектепке жұмысқа орналасып жатыр. Бұл – ардагер ұстаз Гүлнәр Мергенқызының пікірі. «Ең аз ұпай жинап, ешқайда өтпей қалғандар мұғалімдікке құжат тапсыра салатын. Бір танысым спорт мектеп-интернатын бітіріп, экономист мамандығын таңдады. Алайда онда конкурстан өту қиын болғандықтан, өтпей қалып, математика мұғалімі мамандығына бара салды. Қазір математикадан сабақ беріп жүр. Осындай мұғалімдер көп. Өзі «3»-ке оқыған адам сабақты да «3»-ке береді. Тіпті, оқымастан, дипломды сатып алғандар да баршылық екенін жасырып қайтеміз?» – дейді ардагер ұстаз. Соның салдары болар, былтыр аттестациядан өтуге тиіс болған 8 мектептің бірде біреуі өте алмаған, ал 7 балабақшаның тек біреуі ғана атттестацияны ойдағыдай тапсыра алыпты. Облыс бойынша білім деңгейі тексерілген 131 қатысушының 51-і (38,9%) емтихан материалындағы сұрақтардың 40 пайызына да дұрыс жауап бере алмаған. Бұл – антирейтингте республика бойынша тізімнің соңындағы Ақмола, Алматы және Атырау облыстарынан кейінгі төртінші көрсеткіш. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». Ал жақсы ұстаз болмаса ше?Солтүстік Қазақстан облысы