Дархан Разуев: Экстремизм – терроризмге апарар жол
Дархан Разуев: Экстремизм – терроризмге апарар жол
1,124
оқылды
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін де қырық күн өтті. Әйтсе де, елді есеңгіреткен оқиға туралы қоғамда сан түрлі пікір қайшылығы толастаған жоқ. Өйткені елдегі екі бірдей құрылым экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізгенімен, радикалды топтарға тосқауыл тиісті деңгейде жүргізілмеген бе? Жұртты толғандырған сауалға жауапты ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев жауап берді. – Дархан Әбенұлы, экстре­мизмге қарсы күреспен бір емес, екі құрылым айналысады. Депар­та­менттің бөлек міндеті бар ма? – Екі құрылымның ортақ мін­деті – елдегі экстремизм мен тер­роризмге қарсы жұмыс істеу. Қыл­мыстық кодексте де осыған қа­тыс­ты 23 бап бар. Оның 10 бабы бо­йынша қылмыстық тергеуді ішкі істер органдары және Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бірдей жүр­гізеді. Бірақ бұл біздің департамент комитеттің қызметін қайталайды деген сөз емес. Экстремистік және терро­рис­тік қылмыстар анықтал­ған жағ­дайда полиция қызмет­кер­лері қылмыстық іс қозғап, заң шең­­бе­рінде тергеу амалдарын жүр­­гізіп, сотқа бере алады. Бұдан бө­лек еліміздегі діни ахуалды ба­қы­­лай­мыз. Дін саясатын үйлестіру мен бақылауды жүргізу бойынша өкі­летті орган Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігімен бірге дес­трук­тивтік діни ағымдардың әкім­шілік және құқықбұзушылық жасауына жол бермеуге тыры­са­мыз. Мысалы, заңда белгіленбеген діни әдебиетті тарату, рұқсатсыз миссионерлік қызмет ету, сайт­тардағы тыйым салынған мате­риалдарды тексеру, деструктивтік діни ағымдардың әлеуметтік же­лідегі парақшаларына мони­торинг жүргізу де міндетіміз. Терроршылар шабуыл жасауға бейім объек­ті­лердің қауіпсіздік қызметін ұйым­дастыру жай-күйіне және деңгейі­не бақылау жүргіземіз. Террор­шы­лар ең алдымен мемлекеттік маңы­зы бар ғимараттарға, адамдар көп жиналатын жерлер мен құқық қор­­ғау органдарының әкімшілік ғимарат­тарына, өнеркәсіп, кәсіп­орын, мұ­най мен энергетика, электр қуа­тын шығаратын, су қой­малары сияқ­ты стратегиялық ны­сандарға ша­буыл жасайды. Сосын ойын-са­уық ор­ын­дары, мектеп мен бала­бақша, ау­руханалар да тер­рористік тұр­ғыда осал обьек­тілер. Осы ны­сан­дардың иелеріне қауіпсіздік қыз­метін сақтау туралы белгілі бір талап қоюға құқығымыз бар. Одан кейін елімізде қандай да бір тер­рористік оқиға болса, тер­роризмге қарсы операция жүргі­зі­ле­ді. Оған комитет басшылық ете­ді, бірақ сол операцияға қатысу ішкі істер ор­гандарының тікелей міндеті. Бір айырмашылығы, біздің жеке құрамымыз көп. Мәселен, шалғай ауданда немесе кішігірім ауылда ҰҚК қызметкерлері бола бермейді. Ал біздің аудандық бө­лі­ністердегі учаскелік полиция инс­пекторлары ауылдағы діни ахуалды зерделеп, алдын алу жұмысын жүр­гізе алады. – Экстремизм мен терроризмді көбі дінмен байланыстырады. Кейінгі жылдары саяси экстремизм туралы да көп айтылатын болды. – Экстремизм мен терроризмге заңда да екі түрлі ұғым береді. Екеуіне арналған бөлек заң да бар. Қылмыстық кодексте де екеуінің қылмыстық санаты бөлек қара­ла­ды. Мысалы, жарақатты емдеп жаз­басаң, іріңдеп кетеді. Сол се­кілді экстремизм – терроризмге апарар жол. Экстремизм діни, нәсілдік, рулық, ұлтаралық, әлеу­меттік араздықты қоздыруды күш қолданусыз, сана-сезімге ықпал етуге жұмыс істейді. Соның ішінде саяси экстремизмге елдің конс­титуциялық құрылымына қарсы насихат жүргізу, күштеп өзгерту, егемендігіміздің тұтастығына қол сұғу үшін төңкеріс жасау, насихат жүргізу кіреді. Ал терроризм адам­дарды қорқытып-үркітумен, зор­лық-зомбылық әрекет, жарылыс, адамдарға, құрылымдық күштерге, ғимараттарға шабуыл жасау арқы­лы бір шешімді қабылдауға мәж­бүрлеу. Мысалы, Таяу Шығыста террорлық әрекеттер жиі жаса­лады. Мемлекетті белгілі бір әре­кетті жасауға мәжбүрлеп, ықпал ету үшін түрлі жарылыс жасап жа­тады. Түрмеде отырған сыбай­лас­тарын босату үшін террористік әрекетке барып жатқанын көріп отырмыз. – Біздің елде саяси экстремизм бойынша істі болғандар бар ма? – Еліміздің тұтастығын бұзуға талпынғандар бар. Бірақ көп емес, тергеудегі істердің 25 пайызынан аспайды. Былтыр полиция тара­пынан 141 қылмыстық іс қоз­ғалған. Бірақ оның барлығы сотқа жетпейді. Осындай істердің үш­тен бір бөлігі қысқартылады. Өйт­кені сараптама жасалады, тер­геу амалдары жүргізіліп, олардың әрекеттерінде қылмыстық белгі бар-жоғы анықталуы керек. Қыс­қартылған істер бойынша әкім­шілік жауапкершілікке тартылумен шектеледі. Сол 141 қылмыстық істің 45 пайызы діни экстремизм, 30-і ұлтаралық араздықты қоздыру, 25-і әлеуметтік және саяси эктре­мизм белгілері бойынша қозғалған. Жалпы, елде 22 ұйымға тыйым салынған. Оның ішінде 17 террор­лық және 5 экстремистік ұйым бар. – Бұрын діни қауіп Ауғанстан мен Сирия арқылы келеді дедік. Қазір анықталып жатқан жаңа каналдар бар ма? – Шетелдердегі діни шиеле­ніс­кен оқиға көп. Бұл біздің елге де ық­палын тигізеді. Ол жерден бос­қындар келуі мүмкін, елге қауіп-қатер әкеледі. Терроршылар оңтүс­тік көршілеріміз арқылы қашып келу қаупі өте жоғары. Әлі де сол Таяу Шығыс, Ирак, Сириядағы, Ау­ғанстандағы террорлық ұйым­дардың сол жақтағы діни дес­трук­тивтік насихаттаушыларының ық­палы бар. – «Қасіретті қаңтар» оқиғасы елдегі діни ахуалдың күрделеніп кеткенін көрсетпей ме? – Өкінішке қарай, жат ағым­ның жетегінде жүргендер шетелдегі насихаттаушылардың айтқанын интернет арқылы тыңдап отыр. Біз де өз тарапымыздан олардың іс-әрекеттеріне қарсы жұмыс істеп жа­тырмыз. Шетелдік интернет сайт­тарды бұғаттау, сайттың әкім­шілігіне хат жазып, материалдарды жою туралы ұсыныс жіберіледі. Бі­рақ ғаламтор бұғаттауға көнбей­ді. Есікті құлыптасаң, терезеден кіреді. Олар да қатарындағы адам­ның са­нын көбейту үшін түрлі амал жа­сайды. Қазір Telegram қо­сымша­сында жат ағымдардың топ­тары өте көп. Бүгін бұғаттай­мыз, ертең жаңа топ ашып алады. Танымал әлеу­мет­тік желілердің барлығына мо­ни­торинг жүргі­зі­леді. Отандық кибер­қадағалау жүйесі анықталған сілте­мелерді енгізіп, ол автоматты түрде сарап­шыларға жіберіледі. Ақпа­раттық сайт мазмұнында экстре­мистік белгілер анықталса, біздің елдің аумағында техникалық бұғат­тау жасалады. Ал сервері шетелде болса, әкімшіліктеріне хат авто­мат­ты түрде жіберіледі. Бірақ кей­бір сайт әкімшілері бұғаттау туралы ұсынысты қабылдамайды. Діни радикалдық бағытты ұстанатын әртүрлі террористік ұйымдар өз қатарларына адам арбау үшін за­манауи ақпараттық технология­ларды кеңінен қолданады. Таяу Шығыстағы террористік ұйымдар­дың көптеген ақпараттық арна­лары бар. YouTube, Facebook әлеу­меттік желілерінде, Telegram мес­сенд­жерлерінде өте көп. Мұндай каналдар тек араб, ағылшын ті­лін­д­е насихат жүргізеді деп ойла­ма­ңыз. Сирияға соғысқа кеткен ТМД елдері азаматтарының өз қа­­тар­ларында болуының арқа­сын­да олар қазір үгіт-насихатты орыс, қа­зақ, өзбек, қырғыз, тәжік және бас­қа да тілдерде еркін жүргізуге мүм­кін­діктері бар. Сондықтан «қаң­­тардағы оқиға шетелдік тер­ро­­ристердің үндеуі бойынша жа­сал­­ды» дегенге таңғалуға болмайды. – Діни экстремистердің арба­уына тез ілігудің себебі неде? – Себеп әртүрлі. Біреуі дәстү­рімізге тән дінді ұстанамын деп, білімінің таяздығынан радикалдық бағыттағы ағымға ілініп кетуі мүм­кін. Ал екіншісі өмірдің қиын ке­зеңінде жүргенде осындай топ­тардың арбауына түсіп қалады. Бұл топтардың жетекшілері дәл осын­дай әлеуметте өз орнын таппаған адамның көзқарасын мемлекетке қарсы бұрып, кінәнің бәрін мем­лекетке жауып, радикалдандырады. Біздің тараптан жасап жатқан бақылау мен алдын алу жұмысы аздық етеді. Діни экстремизмге қарсы күрес экономикалық, әлеу­меттік мәселелерді шешумен қатар жүзеге асуы керек. – Шолақ шалбар, қауға сақал­дардың тұрмыс жағдайы жақсы екені де жиі сөз болады. Бұл жат ағымды насихаттаушыларды қар­жылық қолдау көрсететін қандай да «көздер» барын білдірмей ме? – Сирияға кеткен адамдардың елден шығып кетуінде нақты бір қаржыландыру көзі болған жоқ. Жат ағымдардың жетегінде кет­кендердің 90 пайызы «Мұсылман­дарды қудалап жатыр» дегенге сеніп, Сирияға соңғы ақшаларына кеткен. Сол жаққа барғанда ғана террорлық ұйымдар олардың өмір сүру үшін ақша төлеп, қару-жа­рақпен қамтамасыз етіп отырған. Ал елдегі бірден жағдайы жақсарып кеткені үшін деструктивті діни ағым­ның құрамында жүрген адам­ға заңға қайшы әрекет етпесе, құқығын шектей алмаймыз. Өйт­кені олар да жұмыс істеуге, бизнес жасауға құқығы бар. Бірақ олар көбінесе жамағат болып жүреді. Олар өздерінің жамағатына кіргізу үшін әлеуметтік деңгейі төмен адамдарға қаржылай көмектеседі. Бұл қылмыстық құқықбұзушылық әрекетке жатпайды. – Қайта қылмыс жасайтын діни экстремистер бар ма? – Экстремистік қылмыс жасап, шыққан соң террорлық әрекет жа­саған адамдар жоқ. Дегенмен діни араздықты насихаттап жүріп сот­талып, бостандыққа шыққан соң сол іс-әрекетін тоқтатпайтындар бар. Әйтсе де жауапқа тартылған адамдардың жалпы санынан алып қарасаң, қайта қылмыс жасай­тын­дар 1 пайызға да жетпейді. – Түзеу мекемелерінде діни ахуалға экстремизммен соттал­ған­дардың ықпал ету жағдайлары ше? – Түзеу мекемесі жабық кеңіс­тік болғандықтан сотталғандар бірге отырады. Бізде экстремистер мен терроршыларды бір мекемеге оқшаулап ұстау тәжірибесі болған. Бірақ көп созылған жоқ. Өйткені бұл тәжірибе керісінше дұрыс еместігін байқадық. Радикалдар бір жерге жиналғанда оларды дұрыс жол­ға қайта бұрып, қазақы құнды­лыққа қайтару қиын. Себебі олар­дың ортасы бір. Бір адамның са­насын өзгертуге талпын­ғаның­мен, қалғандары қайтып өз орта­ларына шақырып алады. Оларды қалған жазасын өтеушілермен бірге отыр­ғызғанымызбен, ары қарай жұмыс тоқтаған жоқ. Түзеу мекемесіне дейін тергеу кезінде олар­ды оқшау ұстаймыз. Тергеу жүргі­зіліп жатқан кезде теологтер мен психологтар жұмыс жүргізеді. Бас­тапқы бағы­тынан дұрыс жолға келмесе оқ­шаулануы мүмкін. Сот­талушыны дұрыс жолға түсіру үшін қандай жұмыс жүргізу керегі анық­талады. Қазір түзеу мекемелерінде 530-ға жуық адам діни экстре­мизм­мен істі болғандар. Барлы­ғы­мен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жа­за­сын толық өтеп бітпегенше олар рақым­шы­лыққа ілінбейді. – Сириядан келген жазасын өтеушілердің арасында әйелдері де жаза арқалады ма? – «Жусан» операциясы секілді бірегей тәжірибені Қазақстаннан басқа әлемде бірде-бір ел жаса­маған. Бізден кейін Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей де өз адамдарын әкелді. Бірақ біз секілді кезең-кезеңімен 600-ден аса адамды ал­дыртқан жоқ. Бірақ біздің қоғамда жекелеген адамдар бұл тәжірибені керісінше қабылдады. «Адасқан­дарды елге алдыру дұрыс болмады», «Олардың санасы уланған» деген пікірлер айтылды. Дұрыс жұмыс жүргізілсе, адамның санасын өз­гер­туге болады. Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Рас, ер адамдар қарулы қақтығысқа қатысатынын саналы түрде біліп барды. Әйелдері мен балалары күйеулерінің артынан мәжбүрлі түрде кетті. Сирияға кет­кен әйелдердің 90 пайызы күйе­уінің мәжбүрлеуімен барғандар. Ал балалардың кінәсі қандай? Біз олар­­ды неге қайтармауымыз ке­рек? Елге қайтып келген 600 адам­ның 400-ден астамы кәмелетке толмаған бала. Елге 40-қа жуық ер адам, 160 әйел келді. Қазір ол жақ­тағы жағдай өте күрделі. Басқа ел­дерден барған содырлар Сирия мен Ирактың аумағындағы түр­мелерде жатыр. Санитарлық жағ­дай жоқ сол түр­меде балалар мен әйелдер де қамалған. Біз сондай сұмдықтан өз адамдарымызды алып кете алдық. Ол жақта қалған отандастарымыз әлі де бар. Елге әкелінген анасы мен балаларына жеке жұмыс жүргізіледі. Қазірдің өзінде құжат­тарын жөндеп, кәсіп­тік білім алып, жұмысқа орналасты. Мем­лекет пен қоғам оларды қол­да­маса, олар керісінше радикал­да­нады. Ал ерлерінің барлығы тер­рор­лық әре­кетке қатысқаны үшін қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылды. Ара­сында әйел адамдар да бар. Қазір колонияларда 13 әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың белгілі бір деңгейде террор­лық әре­кетке барғаны дәлелденді.