Сенаторлар: «Қасіретті қаңтар» оқиғасы барлық салада түбегейлі өзгеріс қажет екенін көрсетті
Сенаторлар: «Қасіретті қаңтар» оқиғасы барлық салада түбегейлі өзгеріс қажет екенін көрсетті
©А.Ахметқазы
339
оқылды
Елордада Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Бейбіт Исабаевты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы етіп сайлады. Ал бұған дейін осы Комитеттің төрағасы болған Мұрат Бақтиярұлы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып сайланды. Мәулен Әшімбаев Мұрат Бақтиярұлына Комитет төрағасы ретінде атқарған еңбегі, заңнамалық жұмысқа және азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Отырыс барысында «Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, қабылданды. Бұл құжат қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілерге осы Келісімге қатысушы елдерге экспорттау кезінде Тізілімге енгізілген мемлекеттік стандартты үлгілерді қосымша сынақтарсыз немесе зерттеулерсіз пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл отандық кәсіпкерлерге өз ақшасы мен уақытын үнемдеуге жол ашады.
«Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасаудың және қолданудың экономикамыз үшін маңызы зор. Бүгін қабылданған келісім – қатысушы мемлекеттер арасында осы бағыттағы келісілген жұмыстарды жүргізуді көздейді. Алдағы уақытта бұл құжат бизнестегі әкімшілік жүктемелерді қысқартуға қызмет етеді. Сондай-ақ, Келісімге қатысушы – ТМД елдері арасында экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық үшін кедергілерді азайтады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдап, «қаңтар трагедиясының» себептері мен салдарын талдау және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың іске асырылуын бақылау аса маңызды екенін айтты. Сенатор Ләззат Сүлеймен бейбіт адамдар әділетсіздіктің құрбаны болмас үшін «қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіндегі барлық деректер мұқият зерттеліп, тексерілуі керек екенін айтты. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына жеткізілген және ұсталған адамдардың қорғауға және білікті заңгерлік көмек алуға қатысты конституциялық құқығын қамтамасыз ету маңызды екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Айгүл Қапбарова қайғылы оқиға еңбек саласында сапалы өзгеріс қажет екенін көрсетіп бергенін айтып, қазіргі жұмыспен қамту және жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламаларын қайта қарау қажеттігіне назар аударды. Ақылбек Күрішбаев Премьер-Министрге сауал жолдап, ауыл тұрғындарын алаңдатқан проблемаларды сөз етті. Оның ішінде ең маңыздысы жұмыссыздық екенін атап өткен сенатор Палата депутаттары бұл мәселені тұрақты түрде көтеріп жүргенімен оларды шешу үшін Үкімет тарапынан тиісті шаралар қолға алынбай отырғанын айтты. Мұхтар Жұмағазиев әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утильдік алым мөлшерлемесін азайту маңызды екенін айтты. Қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығы техникасы 80 пайызға дейін тозғанда утильдік алымның қолданыстағы нормалары отандық фермерлерге және жалпы ауыл шаруашылығына елеулі залал келтіреді. Мұның салдары азық-түлік бағасының өсуіне әкеледі. Өз сауалында Андрей Лукин еліміздегі түрмелерде жазасын өтеушілердің радикалдануына тосқауыл қою үшін нақты шараларды іске асыру керектігін айтты. Нұржан Нұрсипатов қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда құқықтық тәртіп қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету және олардың отбасыларын қолдау шараларын жүйелеудің маңыздылығын атап өтті. Ал, Нұртөре Жүсіп өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мәселесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды сақтау және дәріптеудің маңызына тоқталды.