Димаштың өнеріне тәнті болған индонезиялық қыз қазақтың ұлттық киімін тігіп шығарған
Кики Чан есімді индонезиялық қыз – еліміздің танымал әншісі Димаш Құдайберген нің жанкүйері. Ол Dimash Indonesian Dears фан-клубының мүшесі. Әншінің өнеріне тәнті болған Кики қазақ халқын тануға үлкен қызығушылық танытты. Соның арқасында Кики ұлттық құндылыққа бай қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен танысты.
– Димаш әрқашан өз елінің мәдениетін үлкен сүйіспеншілікпен айтып отырады. Сондықтан қазақ елінің мәдениетінің кереметтігі мен бірегейлігімен танысқым келді. Жүрегімді жаулап алғаны соншалық, бар арманым – қазақ елінің ұлттық киімін киіп не болмаса ұлттық аспапта ойнап көру болды. Қазақстанның көріктілігі менің ғана емес, бүкіл әлемдегі барлық Dears-тің жүрегін жаулап алды, – дейді Кики Чан.
[caption id="attachment_183968" align="alignnone" width="1200"] ©newtimes.kz[/caption]
Кики Чан негізі косплеймен қызығады. Сол себепті ол кино, комикс пен анимациядағы сүйікті кейіпкерлерінің костюмдерін жасайтыны бар. Айтуынша, қазақ халқының бай құндылығы ұлттық киімді тігуге шабыттандыра түскен. Мысалы, Кики жамылғыны Қазақстанның байрағына ұқсатып әсемдеген.
– Тудағы орнамент пен ою-өрнекті бисермен сағаттап отырып кестеледім. Бұл – бір елдің символы, өзім құрметпен қарайтын Қазақстанның туы. Осы киімді киген сайын Индонезия мен Қазақстан арасындағы достықты көрсетіп, мақтан ететінімді білдіре аламын, – дейді ол.
[caption id="attachment_183968" align="alignnone" width="1200"] ©newtimes.kz[/caption]