Бас прокуратура Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде қылмыскерлер телеэфир ұйымдастыру мақсатында «Көктөбе» телемұнарасын басып алуды жоспарлағанын анықтады.
Бас прокуратураның хабарлауынша, 1 ақпанда олар соттың санкциясымен қамауға алынды. Олардың қылмыстық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі (жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу), 380-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары (билік өкіліне күш қолдану) бойынша сараланды.
"2022 жылғы 6 қаңтарда қылмыскерлер телеэфир ұйымдастыру мақсатында «Көктөбе» телемұнарасын басып алуды жоспарлап, ол үшін бейбіт тұрғындарды бірлесіп қылмыс жасауға көндіре бастаған және қылмыскерлер олардың өміріне қауіп төндірген. 1992 жылы туған азамат бас тартқан соң қылмыскерлер оған мылтықпен екі рет оқ атқан, нәтижесінде жәбірленуші қолынан және жыныс мүшелері тұсынан жарақат алған. Аталған қылмыстың ұйымдастырушысы ұсталды, ол бұрын сотталған 1983 жылы туған Алматы қаласы маңының тұрғыны болып шықты. Оның қылмысқа қатыстылығы куәгерлердің түсініктемелерімен дәлелденеді. Ол биыл 25 қаңтарда соттың санкциясымен қамауға алынды", – делінген хабарламада.